06 Сәуір, 2016

Жеті қат жер астынан қазына іздеген

814 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
_EAC9128ембілік геологтар кәсіби мерекелерін атап өтті Сәуір айының алғашқы жексенбісінде қазақстандық геологтар өздерінің төл мерекелерін атап өткені белгілі. Ал Атырауда өткен мейрамның биылғы ерекшелігі – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы, Лениндік сыйлықтың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, көптеген кен алаңдарын, оның ішінде әлемге кең танымал Теңіз кенішін ашқан Жолдасқали Досмұхамбетовтің 100 жылдығымен орайластырылды. Оны ұйымдастырушы – Қазақстан мұнайшы-геологтарының қоғамы екі күнге созылған жиынды «Жаңа мезозойлық мұнай көкжиектері» атты семинармен бастады. Басқосудың бас демеушісі «Ембімұнайгаз» АҚ болғандықтан, шара компанияның бас кеңсесінде өтті. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамындағы «Қайнармұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларының, «N Block BV», «North Caspian Development», «Потенциал Ойл» ком­панияларының жетекші геолог мамандары, сейсмологтары, геофизиктері аталған шараның ойдағыдай өтуіне атсалысты. Конференцияға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың және Жолдасқали Досмұхамбетовтің ұрпақ­тарының қатысуы жиынның мәнін барынша аша түсті. Өңір басшысы тәуелсіз ел экономикасының күретамырына айналған мұнай-газ саласының жергілікті өңірдегі сүбелі үлестеріне жан-жақты тоқталды. «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Әнуар Жақсыбеков өзінің кіріспе сөзінде геолог-мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, майталман мұнайшы Ж.Досмұхамбетовтің өмір жолына тоқталды. – Жолдасқали Досмұхамбетов теориялық білімін практикамен шебер ұштастыра білген маман, талапшыл басшы еді. Мәскеу мұнай институтын және КСРО Мұнай өндірісі академиясын үздік аяқтаған соң, білімі мен білігін Ембі өндірісінің жан-жақты дамуына арнады. 1966 жылы Оңтүстік Маңғышлақтағы мұнай кәсіпшіліктері мен «Өзен», «Жетібай» кен алаңдарын барлауға қосқан зор үлесі үшін Ж.Досмұхамбетовке және басқа мұнайшыларға Лениндік сыйлық берілді. Қазақстандық геологтарды келешекте тағы да ірі жаңа жобалар күтіп тұрған еді. 1975 жылы күзде «Саратовнефтегеофизика» кәсіпорнының мамандары Жолдасқали Ахметұлына болашағы мол геологиялық нүктелердің сызбасын көрсеткенде, ол бұрғыланатын жаңа ұңғыма «теңіздей толқыған мол өнім берсін» деп, жаңа кенішке «Теңіз» атауын ұсынады. Шын мәнісінде кәнігі геологтың айтқаны айдай келіп, әлемдегі алып кеніш осылайша әйгіленді. Теңіз кен алаңын ашқандары үшін бір топ қазақстандық геологтар республика Мемлекеттік сыйлығын алды. Әнуар Еркінұлы конференцияда сондай-ақ Ембі кен алаңдарының геологиялық-барлау жұмыстарының бүгінгі тынысынан жан-жақты мәліметтер бере отырып, алда тұрған жоспарға кеңінен тоқталды. – Компания жыл сайын 100 млрд. теңгеден астам қаражатты ел қазынасына аударып келеді. 2015 жылы Ембі өндірісінде 2 823 мың тонна өнім өндірілді. Бүгінгі таңдағы әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, компания басшылығы мұнайшылар қатарын қысқартпауды, оларға көрсетілетін әлеуметтік жеңілдіктерді толықтай сақтауды жіті назарда ұстап отыр. Біз қорды толықтыру және шикізат базасын өсіру мақ­сатындағы геологиялық-барлау жұмыстарын жалғастырудамыз. Жақсы нәтижелерге де қол жеткізіп отырмыз. Ғасырдан астам жер қойнауын игеріп келе жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша өзекті мәселенің бірі – мұнай-газ қорын молайту. Ағымдағы жылдың ақпан айында С.Нұржанов атындағы кен алаңының солтүстік-шығыс қанатындағы және Лиман блогы мен Аққұдық кенішіндегі геологиялық-барлау жұмыстарының қоры­тындыларын жарияладық. Аталған жұмыстар болашақта С.Нұржанов, Аққұдық, Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен алаңдарының өнім беру мүмкіндіктерін арттырып, «қара алтын» көрсеткішін өсіруге жол ашады. Сонымен қатар, «Ембімұнайгаз» АҚ кен алаңдарындағы бес блокта геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігімен келісімшарт ресімдеу жұмыстары қолға алынуда. Мақсат 5500-7500 метр тереңдіктегі тұзасты қабаттарына іздеу-бұрғылау жұмыстарын жүргізу. Ол Ембінің мұнай-газ қорын айтар­лықтай молайтуға мүмкіндік беретін ауқымды жұмыс. Әрине, жаңа жұмыстарды қолға алғанда бұл тереңдіктердің біз үшін толық зерт­телмегендігіне қатысты геологиялық, қар­жылық қиындықтарға кездесуіміз мүмкін. Алайда, тұзасты қабаттарынан мұнай кен орындарын іздестіру арқылы қор деңгейін арттырамыз деген ембілік геологтардың бастамасы – бүгінгі заманның талабы. Нәтижесінде жаңа кен орындары іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады, өндірістің тынысы кеңейеді, – деді Әнуар Жақсыбеков. Конференция барысында Атырау қаласын­дағы Ж.Досмұхамбетов атындағы лицей директоры Фаруза Шаңгереева, «Қазақстан мұнайшы-геологтарының қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тең-президенті Қосан Тасқынбаев және басқалар сөз сөйледі. Шарада «АтырауГео-2015» баяндамалар жинағы, «Мақат кен алаңына – 100 жыл. Қазақстан мұнай өндірісінің қалыптасуы мен дамуы», «Қазақстан мұнай-газды бассейні және оларды игерудің келешегі», «Геологтардың өмір­баяндары» атты жаңа кітаптардың тұсауке­се­рі өтіп, туындылар көпшілікке таныстырылды. Екі күндік мерекелік шараның қорытын­дысында табысты еңбектерімен ерекшеленген бір топ мамандарға Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің, «КазЭнерджи» ассоциациясының, «Қазақстан мұнайшы-геологтарының қоғамы» қоғамдық бірлестігінің және «Запказнедра» Атырау аймақтық инспекциясының медалі, төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Марапатқа ие болғандардың қатарында «Жы­лы­ой­мұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқар­масы басшысының геология және игеру жө­ніндегі орынбасары Балмаш Жақсыбаева, «Ембімұнайгаз» АҚ геология бөлімінің басшысы Ғалия Ерниязова, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы геология және игеру бөлімінің басшысы Бауыржан Үмбетияров, компания маркшейдерлік қызметінің жетекшісі Хамит Манғыбаев, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы №2 Оңтүстік-Батыс Қамысты мұнай-газ өндіру цехының геологы Ақсұлу Айдарова, ардагер-зейнеткерлер Парух Әжі­ғалиев, Зәуреш Құспанғалиева, Жақсылық Тас­қынбаев, бизнес және құқық колледжінің оқы­тушысы Қалжан Қаржауова және басқалар бар. «Ембімұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы Ембі кен алаңдарын ашуға үлкен үлес қосқан алты ардагер-геологқа табыс етілді. Ал, «Үздік геолог» атағын 2015 жылдың қорытындысы бойын­ша Қазақ ғылыми-техникалық университеті геология және мұнай-газ кафедрасының доценті Якуб Нұғманов иеленді. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.