06 Сәуір, 2016

Қауіпсіздікке қарымды қадам

451 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ШарипбаевСемей ядролық сынақ алаңы әлемдегі ең ірі әрі жергілікті тұрғындарға жойқын зардабы тиген полигондардың санатында болғандықтан, аталған сынақ алаңын жабу үдерістерінен ядролық қарусызданудың бүгінгі нәтижелі биігіне дейінгі қазақстандық бастамаларға семейліктер әрдайым сергек қарап, кең қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Орал ШӘРІПБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Орал Тоқтарұлы, АҚШ-та өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстан Президенті жариялаған манифестің маңызы неде деп ойлайсыз? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ астанасы – Вашингтонда өткен саммитте сөйлеген сөзі бүкіл елдің жүрегіне қуаныш ұялатты. Бұл – Қазақстанның тәуелсіз ел ғана емес, әлемдік саясатта ойып тұрып орын алған мемлекет екенінің көрінісі. Өйткені, жер-жаһанды ядролық қарудан азат ету жөніндегі бастаманың бірден-бір авторы Нұрсұлтан Әбішұлы болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Семей ядролық сынақ алаңын жауып қана қоймай, бүкіл әлемді ядролық қарудан бас тартуға үндеді. Бұл нәтижесіз емес. АҚШ-та, ҚХР-да бірқатар сынақ алаңдарының жабылуына негіз болды. Өздеріңізге белгі­лі, жыл сайын 29 тамызда дәстүрлі түрде бейбітшіліктің ордасына айналған елімізде, соның ішінде Семей қала­сында ядролық қарусыз әлем құруға байланысты ауқымды шаралар өткізіледі. Мемлекет басшысы ядролық қарусыз әлем кеңістігін кеңейту идеясын табанды түрде жүзеге асырып келеді. Қазіргі кезде ұлы державалардың жетекшілері Қазақстан Президентінің бастамасына қолдау көрсетіп, бейбітшілік саясатын дамыту мен ілгерілету жөнінде өзара келісімдерге келудің өзектілігін анық түсінді. Бұл – ел абыройы. Елбасының бейбітшілік сая­сатын отандастарымыз, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдері де терең түсінеді әрі халыққа таратуда өздерінің үлестерін қосып жүр. Мәселен, таяуда өткен жас­тар форумында жаппай қырып-жоятын қатерлі қару­лардан бас тарту идея­сы өскелең ұрпақ санасынан берік орын алуы туралы айтылды. Өйткені, бүгінгі заманауи фильм­дер мен интернет материалдары, компьютерлік ойын бағдарламалары жастарды агрессияға тәрбиелеп жатқа­нын жасыра алмаймыз. Осы орайда, Қазақ­­с­тан жастарын ізгілікке, иман­дылыққа, еңбекқорлық пен бейбітсүйгіштікке тартудың маңызы үлкен. Әлбетте, ешкім ядролық қаруды басқарудың экстремистік ұйымдарға көшуін қаламайды. – Вашингтон саммитінде ядролық қарудың адамзат баласы мен оның игілігіне берілген бірегей планета үшін қатерлі жол болуы мүмкін екені айтылды... – Қазақстанның «Мәңгілік Ел» саясатының маңызы да осында. Еліміздің ядролық қарусыздану жөніндегі бастамасын бүкіл әлемге жеткізуге күш салуы елдің ғана емес, тұтас географиялық аумақтар мен жер-жаһанның тағдыршешті мәселесімен ұштасады. Атом қаруын бейбіт мақсатта, өндірістік қуатты еселеу қызметіне пайдалану жөніндегі саммитте көтерілген мәселелер Қазақстан мен әлемдік деңгейдегі көшбасшы саясаткерлер ойының ортақ арнасына айналды. Сон­дай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы тағы да әлемдік деңгейдегі жоғары саяси мұраттарымен танылды. Қоғамдық келісім мен тұрақ­тылық – бейбітшілік кепілі. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда түрлі саяси-экономикалық мүдделер қақтығысының алаңына айналған мемлекеттер үшін бейбітшіліктің маңызы қандай екенін айқын көруге болады. Сондықтан, саммит шешімдері әлемнің кез келген бұрышы үшін маңызды. Бұл мәселеде зерттеу, талдау жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, Қазақстан өз тарихында атом қаруының зардабын тартқан, бейнеті мен азабын көрген ел ретінде болашағының атомсыз болуын қалайды. Біз ширек ғасырда тәуелсіз ел, жаңа Қазақстанды құрдық. Енді оны сақтауымыз қажет. Бұл үшін ядролық қарусыз әлем құрудың қаншалықты өзекті екенін өзіңіз де бағамдай аласыз. – Саммит аясында екіжақты кездесулердің де маңызы зор ғой? – Әлбетте. Елбасымыз саммит аясында Жапония премьер-министрі С.Абэмен кездесу өткізді. Хиросима мен Нага­саки ядролық қару зардабын тартқан Семеймен тағдырлас қалалар болғандықтан, жапон мен қазақ халқының мұң-мұқтажы бір. Бұл ретте, соңғы жылдары екі ел арасындағы ядролық қарусыздануды жақтау саласындағы байланыс жаңа биікке көтерілгенін айта кеткен ләзім. Жапония атом зардабын тартқан біздің халыққа медициналық көмек көрсету мақсатында орасан жұмыстар атқарды.  Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».  СЕМЕЙ.