06 Сәуір, 2016

Апат аймағы алаңдатуда

399 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
NN5tkhTS-iYАқмола облысының әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Зеренді, Сандықтау, Атбасар аудандарында болып, көктемгі су тасқынының қаупі жоғары елді мекендерді аралады. Әсіресе, Атбасар ауданының Жабай өзені маңындағы елді мекендер айрықша назарға алынды. – Биыл өңірде қар көп түсті. Сол себепті су тасқынының қау­пі де жоғары. Алдыңғы жыл­дағы жағдай қайталанбас үшін дайындық жұмыстарын ерте бастап кеттік. Қазіргі кезде қалаға Жабай өзенінен қауіп төніп тұр. Осыған орай өзен жағасын бойлай ұзындығы 5,6 шақырым, биіктігі 4-7 метр бөгет тұрғызылуда. Оған 12 экскаватор тартылған. Оған қоса қауіпті аймақтардағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың маңы құм толтырылған қаптармен қоршалды. Апаттың алдын алу жұмыстарына тұрғындар да бір кісідей атсалысуда, – деді Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишов әкімге берген есебінде. Облыс әкімі С.Кулагин алдымен көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына көмек көрсетіп жүрген халыққа алғы­сын айтты. Бұл апатпен көп болып күреспесек, ертең оның ауыр салдарымен күресуге тура келеді, дей келе әкім Атбасар ауданындағы су тасқынының алдын алу шараларына жуырда 20 миллион теңге қаржы бөлінгенін, оған қоса бірер күнде тағы 20 миллион теңге қаражат босатылатынын атап өтті. Сондай-ақ, өңір басшысы осы күні Сандықтау ауда­нының маңындағы Жабай өзені үстімен өтетін көпірдің беріктігін тексертіп, төтенше жағдайлар картасына енгізілген өңірдегі жалпы жағдаймен танысты. Сандықтау ауданының орталығы Балқашын селосынан шығаберісте ТЖ бойынша су тасқынының алдын алу шараларына жұмылдырылған апаттық-құтқару және ком­муналдық сала техникалары жұмыс барысындағы сы­нақтан өткізілді. Осы жерде ол ауданның төтенше жағдай қызметкерлерімен жүздесіп, су қоймасы мен өзендерге жақын орналасқан елді мекендердегі жағдайды күні-түні бақылауда ұстауды тапсырды. – Қазір жағдай өте күрделі. Даладағы қар толық еріген жоқ. Зеренді, Сандықтау, Атбасар аудандары әлі қар құрсауында жатыр. Әсіресе, Атбасар ауданында осы мезгілде мұндай қар көлемі болған емес. Сондықтан, күн-түн демей сәуір айының бел ортасына дейінгі қауіпті күндерді ойдағыдай өткізуіміз керек. Ол үшін су басу қаупі бар елді мекендерге, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді аман сақтап қалуға барлық күшті жұмылдырып, тиісті керек-жа­рақпен қамтамасыз етіп, дайын отыруымыз қажет, – деді облыс басшысы. Ал, Ақмола облыстық ТЖД жаңадан тағайындалған басшы Алексей Советов өңір басшысына жуық күндері республикадан тиісті қол көмегі жететінін баяндады. Атап айтқанда, Атбасарға Алматы және Қызылорда облыстарынан қосымша 100 адам және 19 арнайы техника көмекке келмек екен. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.