06 Сәуір, 2016

Көпен күлкіге көмді

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Z09B0419«Күлкі – күштілердің қаруы», «Кү­ле білгеніміз – өмір сүре біл­гені­міз», «Өмір бар жерде – юмор бар»... Кезінде қазақ сатирасының сарабдал қазысы атанған Темірбек Қожакеев бізді осылай оқытатын. Әншейінде қарасы көрінсе алты қырды айналып қашатын студенттер қатал профессорымыздың са­ба­ғында екі езулерін жия алмай қа­латын. Қызықты лекцияның «қызуымен» тіпті, оның журфакты ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын дөкей декан екені есімізден шығып кететін. Ал, енді осы Темкеңнің «теп­кісіне» шыдаған шәкірттерінің талайы кейін баспасөздің баһа­дүрі атанғаны белгілі. Елорда ендігіндегі ең беделді оқу орда­ла­рының бірінен саналатын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Кәу­сар» мәдени-танымдық бір­­­лестігі ұйым­дастырған «Ән мен әзіл» атты кө­ңілді кеште көпшілікті күлкіге ке­нелткен Көпен Әмір­беков те солар­дың сойы­нан. Әңгіме тізгінін әдеттегідей өз қолына алған аталмыш рухани та­ғылым отауының жетекшісі, Қазақ­станның еңбек сіңірген әр­тісі Кенжеғали Мыржықбаев кездесуге келген қадірлі қонақтың Қо­жанасыр бабасынан мирас қылған қалжың қоржынын ақтарып, көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Көргені бар Көпекең көзі қа­рақты оқырманға жақсы таныс «Мың бір мысалынан» үзінділер оқып үздіккен жоқ. Есесіне есім­дері елге танымал Оспанхан Әу­бәкіров, Шона Смаханұлы, Са­дықбек Адамбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Шәмші Қалдаяқов, Қажытай Ілиясов секілді Алашқа аты кеткен алдыңғы буын ағалары туралы әзіл-шыны аралас әдемі естеліктер айтты. Олардың қоғам қотырын қанын шығара қасыған тікенек тілді туындыларының әлі күнге дейін өміршеңдігін атап өтті. Ұзақ жылдарғы үзілістен кейін республикалық «Айқын» газетінің қосымшасы болып жа­рық көріп жатқан «Араның» редакторы ретінде қазіргі таңда қат­ты белең алған жемқорлық, па­рақорлық, сыбайластық сияқты ке­сапаттардың тамырына балта шабылмай мемлекеттігімізді нығайту ісі ілгері баспайтынын жеткізді. Әсерлі кеш дауысы көк­те да­мылдаған Кенжеғали Мыр­жық­­баевтың орындауындағы Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай», Сыдық Мұхамеджановтың «Әй­теуір сол қыз – бір сұлу» , Шәм­ші Қалдаяқовтың «Әнім сен едің» және тағы басқа әлеумет сүйіп тыңдайтын тамаша әндермен әдіп­теліп отырды. Кездесу соңында сахнаға көте­р­­ілген университет ректоры Ерлан Сыдықов қабырғалы қалам­герге жиналған жұртшылық аты­нан ризашылығын білдіріп, шығар­машылық табыс тіледі. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ербол ЕРДЕНБЕК.