06 Сәуір, 2016

Ядролық қатер қайтсе азаяды?

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Akorda үлкеніҚазақстан Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит: ілгері бастаған жол» мақаласы туралы хабарлады. Қазақстан Президентінің мақаласы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында АҚШ-тың The Hill атты күнделікті саяси газетінде жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, іс-шара аясында өткен кездесулер қауіпті ядролық материалдар айналымын бақылау мәселесіндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді, ал АҚШ Президенті Барак Обаманың осы саммиттерді шақырудағы көш­басшылығы ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіне нақты үлес қосты. «Дегенмен, саммиттер се­рия­сының қорытындысын шы­ғара отырып, халықаралық қоғам­дастық ядролық қатер азайма­ғанынның, керісінше ұлғайып бара жатқанын мойындауы тиіс. Трансұлттық террорлық ұйым­дардың өсіп-жетілуі және өңірлік қақ­тығыстар ескеруге тиіс жаңа проб­лемаларды тудыруда», – делін­ген мақалада. Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағынан қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналға ие болып қалған Қазақстанның тәжірибесіне назар аударды. «Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың салдарынан 1,5 миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді», – деп атап өтті Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының қолдауы арқасында кеңестік Семей ядролық полигоны жабылғанын, содан кейін еліміз өз аумағындағы барлық ядролық қарудан бас тартқанын айтты. «Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіп­сіздік барлық тараптың өзара қауіп­сіздігіне бағытталған құ­рылымдар арқылы ғана қам­тама­сыз етілуі мүмкін», – делінген мақа­лада. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай үдеріс Орталық Азияда сенім шара­ларын жүзеге асырудан бастал­ғанына назар аударды. Бұл ынты­мақтастық кейіннен Орталық Азияны ядролық қарудан ада өңір ретінде жариялауға ықпал етті, нәтижесінде өңір барынша тұрақты бола түсті. «Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіп­­сіз­дікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы еліміздің тәжірибесі ядролық қару мәселесін барынша кеңінен талқылау үшін жағдай жасауға мүмкіндік бергенін айтты. Қазақстанның бірегей тарихы Иранның АҚШ, Ресей, Қы­тай, Ұлыбритания, Франция және Германиямен ядролық проб­ле­ма бойынша келісім әзірлеу жөніндегі бастапқы келіссөздеріне септігін тигізді. Бұл ретте Қазақстан Президенті алаңдаушылық тудырып отырған жайттың – қару жасауға мүмкіндік беретін деңгейге дейін уранды ба­йыту ісінің тамырына балта шабу қажеттігін айрықша атап өткен. Бұл үшін Қазақстандағы Атом энергиясының халықаралық агент­тігі тарапынан төмен байытылған уранның әлемдегі тұңғыш банкі құрылуда, ол ядролық отынды кез келген елге жеткізуді се­нім­ді түрде қамтамасыз етіп, сол ар­қылы байытуға арнал­ған баға­сы қым­бат тұратын және тұрақ­­сыз­­дан­дыратын қондыр­ғыларды әзірлеу мен жасауға деген қажет­тілікті жояды. Нұрсұлтан Назарбаев ядролық сынақтардың барлығына тыйым салу қажеттігін тағы да атап айтты. «Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды, Семей полигоны жабылған күнді Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күні деп жариялады. Қазақстандағы ядро­лық сынақтардың ауыр салдарлары және Ядролық сынақтарға жап­пай тыйым салу туралы шарт­т­ың (ЯСЖТШ) тезірек күші­не ену қажеттігі туралы біз бас­та­машылық еткен АТОМ жобасында халықаралық деңгейде айтылған, оның идеяларына 100-ден астам елдің қарапайым тұрғындары қолдау көрсетті», – делінген мақалада. Жапониямен бірге ЯСЖТШ жөніндегі шолу конферен­ция­сының тең төрағасы ретінде Қазақ­стан бұл мәселе бойынша ілгері­леушілікке қол жеткізу үшін жұ­мыс жүргізуге ниетті. Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттерді, әсіресе, ЯСЖТШ-ның күшіне енуіне ықпал ететін елдерді жауап­кер­шілік танытып, тиісті қадамдар жа­сауға шақырды. «Сынақтарға тыйым салу бар­лық мәселені өзінен өзі шешпейді. Бірақ келісімнің күшіне енуі біздің әлемдегі ядролық қаруды жою жөніндегі түпкілікті мақсат жолындағы тағы бір елеулі қадам болмақ», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.