05 Сәуір, 2016

Орал қаласының әкімі тағайындалды

512 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
05-04-2016-Nariman 01ОРАЛ. 5 сәуір. Президент Әкімшілігінің келісімімен және Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен Нариман Төреғалиев Орал қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы zhaikpress.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Нариман Төреғалиұлы 1964 жылы бұрынғы Тайпақ ауданы Есенсай ауылында туған. Білімі жоғары, 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын – инженер-экономист, 2004 жылы Каспий қоғамдық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1981 жылы «Есенсай» кеңшарында жұмысшы болып бастаған ол 1982-1984 жылдары Кеңес әскері қатарында Венгрияда әскери борышын өтеді. Еңбек жолында Теректі аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, Орал қаласындағы жалпы үлгідегі интернат үйінің директоры, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті директорының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарды. Сондай-ақ, 2008-2010 жылдары Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Батыс Қазақстан облыстық департаментінің директоры болды. Ал 2010-2012 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы. Сонымен қатар, Нариман Төреғалиев 2012-2015 жылдар аралығында Ақжайық ауданының әкімі болды. Ал 2015 жылдың 12-маусымынан бүгінге дейін облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Темір Құсайын. Дерек, сурет: zhaikpress.kz.