05 Сәуір, 2016

Араағайындық қашанда қажет

413 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Амангүл ЖайылхановаЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтондағы айтулы жиында сөйлеген сөзі отандық және шетелдік БАҚ-тар беттерінде, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Осыған орай, Маңғыстау облыстық «Қоғамдық келісім» МКК директоры Амангүл ЖАЙЫЛХАНОВАҒА жолығып, пікірін білген едік. – Амангүл Әбдіғалиқызы, қазір жер бетінде тыныш­тықтың қаймағы бұзылып, түрлі жарылыстар мен соғыстардың зардабы әлем халықтарын үрей құшағында қалдырып отырғаны жасырын емес. Әрине, біздің еліміз, Құдайға шүкір, мұндай зобалаңдардан тыныш. Әйтсе де, жан-жағымызға қарай отырып, жер бетін мекен еткен мемлекеттердің бірі ретінде, болжап білмейтін болашаққа деген үмітімізге үрей араласып кететінін де айтудың сөкеттігі жоқ. Өзара текетірескен алып мемлекеттерге басу айтып, соғыс өртін тұтатуға құштарлық немесе мәжбүрлік тудырып отырған мәселелерді бейбіт келісім негізінде шешуге шақырудың маңызы зор.  Осы орайда, жуырда АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзінің маңызы туралы не айтар едіңіз? – Дұрыс айтасыз, қазір техника мен ғылым адам айтса нанғысыз жетістіктерге жеткенімен, өкініштісі – адамзат жер бетінде «қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған» бейбіт күнді сақтап қалуда салғырттық танытып жүр. Бүгінгі асығыстық немесе түйткілді көңілмен қа­был­данған қандай да бір қадамдардың, жоспарлар мен жобалардың, қаулылардың соңы жер беті, адамзат ұр­пағы үшін орны толмастай өкінішке ұрындыруы әбден мүмкін. Тіршілік бүгінмен немесе осы ғасырмен шектеліп қалмайды, бізден кейінгі ғасырларда да адам баласы, яғни біздің ұрпақтарымыз өмір сүреді. Сондықтан, бүгінгі Мемлекет басшылары өзара қырғи-қабақ болып «ұстаспай», келешек үшін де жауап беруге міндетті екендіктерін түсінуі керек. Өкінішке қарай, бұл қағидатты түсінсе де түсінгісі келмеу, қару мен қан арқылы үстемдікке ие болуға талпыныс күшейіп келеді. Оның үстіне, терроршылардың лаңын қосыңыз... Осы жағдай­ларды екшей келе, жер бетінің мазасы кетіп тұрғанын аңғару қиын емес.  Елбасымыз бұл үшін қарулы қақтығыстарды тоқ­татып, аса қауіпті ядролық қаруды таратпаудың, әрбір дауды, тіпті, ол қандай маңыздылыққа ие болса да, ХХІ ғасырдың саналы азаматттарына тән сабырмен, сарабдалдықпен шешу керектігін айтты. Ядролық қаруды таратпауды ұсынып қана қоймай, бұл бағыттағы бастамасын ядролық арсеналдан бас тарту, Семей ядролық сынақ полигонын жабу сынды нақты істерімен дәлелдей білген Н.Назарбаев өз сөзінде кешегі ғасыр мен бүгінгі ғасырдың айырмашылығын, жаңа ғасырға қадам басқандағы адамдардың үкілі үмітінің қою түтінге араласып бара жатқандығын, бірақ жер бетіне бізден кейін де адам баласы келетіндігін, оларға қиянат жасауға хақымыздың жоқтығын нақты түсіндіріп берді. «Қасіреттен ғана қасиетті жыр туады» дегендей, Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесі де осы алаңдаушылықтан туындағандығы анық. – Өзгелерді жою арқылы өміршең мемлекет құрып, жер бетінде жалғыз гүлденіп отыру мүмкін емес екендігін ұғыну керек дейсіз ғой... – Иә, біздің Елбасымыз «соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті» деп атап көрсетіп, бұл межеге қол жеткізу үшін адамзаттың өзін осы ұғымға қарай бейімдеп, жетелеуі қажеттігін жеткізді және оның мүмкіндігі қазір бар екендігін, ал кейін тіпті мүлде кеш болып кетуі мүмкін екендігін, сондай-ақ, жер бетін қан жоса еткен қылмысқа жауап беретін жанның қалмай, оның тіпті қажеті де болмай қалуы мүмкін екендігін ескертті. Бұл – естуге де, елестетуге де қорқынышты, бірақ, ақиқат жағдай. Бүгінгі күннің маңызды мәселелерін ортаға сала келе, Н.Назарбаев оны ше­шудің жолдарын ұсынды, ол «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» атты ауқымы зор бағдарлама қабылдау керектігін айтты және оның негізгі үш бағытын нақтылап берді. Елбасының «Соғыста жеңімпаз болмайды, онда бәрі жеңіледі» деген бір ауыз сөзінің өзі түсінемін дегенге барлық нәрсені ұғындырып тұр деп ойлаймын. Көпұлтты мемлекетімізді айрандай ұйытып отырған Елбасы достық, бірлік, түсіністік мәселесінің тек жекелеген мемлекеттерге ғана емес, бүкіл адамзатқа, Жер шарына керек екендігін жеткізді. Қазақ елі – билер философиясына сүйенген, қандай жағдайда болса да аталы сөзге тоқтаған ел, сондай-ақ, қиын жағдайда араздасушы тараптарды тоқтатып, араағайын болу арқылы ымыраластыру біздің қанымызда бар қасиет, оған тарих куә. Бүгінгі халықаралық жағ­дай шиеленісіп, ушығып тұрған кезеңде қазақтың Нұрсұлтандай ұлы халқымыздың осы философиясын әлемдік деңгейге алып шығып қана қой­май, аталы сөз айтып, ала­бұртқан әлем тұрғындарына араша түсуде. Аталы сөз, сали­қалы пікір талайларға ой салады деп ойлаймын. Жер бетіндегі қарапайым халыққа керегі, әрине, осы – тыныштық, бейбітшілік, ұрпақтардың бақытты өмірі. –  Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».  Маңғыстау облысы.