05 Сәуір, 2016

Адамзатқа кикілжіңсіз әлем қажет

407 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Аккали Ахмет– дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  деканы, тарих ғылымдарының докторы Аққали АХМЕТ – Елбасының өткен аптада Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммиттегі әлемдегі бүгінгі ахуал туралы сөзімен таныс­қан боларсыз. – Қазіргі уақытта, дәлі­рек айтқанда, соңғы он бес жылдан бергі кезең­де әлемде аума­лы-төк­пелі ахуал қалып­тасып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған саммитте мұның бірнеше себебі барына тоқталды. Біріншіден, ең басты себеп ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отырғанына тоқталды. Демек, әлем елдерінде ядролық қаруды да­мы­­туға ұмтылыс байқалатынын ас­тар­­лап жеткізді. Екіншіден, әлемдегі халықтың қолында 1 миллиардтан астам атыс қаруы барын еске салды. Сол қарудың шүріппесі күн са­йын басылып, әлемде мыңдаған адам­­ның ажал құшуына себеп болып отыр. Үшіншіден, қазір әскери қауіп те бүкіләлемдік қасіретке ай­на­­­латындай сипатқа ие болуда. Төртін­­шіден, халықаралық қатынаста жан­жал тұ­та­натындай болса, әскери қақ­ты­ғыс­­тардың географиялық ауқы­­мы кеңейіп, әлем тарихындағы соғыс­тар Еуропаның шығысындағы, Аф­ри­каның солтүстігіндегі, Таяу Шы­ғыс­тағы соғыстың іс-қимыл­дары­ның та­ри­хи шегінен асып түсуі ғажап емес. Елбасы адамзаттың бейбіт өмірі­не қауіп-қатер төндіріп отырған осын­дай себептерді ашып айтып, халық­аралық терроризмнің қаһарына да тоқталды. Өйткені, дау-жанжалдың кесірінен тұрақтылығынан, бейбіт өмі­рінен айырылған елдер көбейді. Мил­лиондаған адам туып-өскен же­рін тастап, бұрын өзі түгілі, ата-баба­сы аяқ баспаған мүлде жат елге, жат жерге босқын болып ағылуда. Соның ішінде әлі де бесіктен белі шықпаған бейкүнә періште кейпіндегі сәбилердің не кінәсі бар еді? Түптің-түбінде әсіресе, Еуропа елдерінде миг­рациялық соғыс өршіп кетуі мүм­кін. Өйткені, әр елдің заңы басқа, салт-дәстүрі мен құндылықтары да өз­геше, тілдік кедергілер де бар. Осы­ның бәрі босқындар тарапынан қыл­мыстық әрекеттерге ұласып жатса, мұның арты ұлтаралық жанжалмен жал­ғасуы да ғажап емес деген күдік те басым. Сонымен бірге, қазір әлемде қаншама адамдардың маңдай тері­мен тұрғызылған тарихи қалалар қирап жатыр. Әр елдің тарихы мен салт-дәстүрлері секілді ұлт­тық құндылықтарын паш ететін құнды ескерт­кіш­тер де бұзылды. Әр адам үшін кіндік кес­кен ту­ған жерін тастап, бос­қын атану оңай дейсіз бе? Осын­дай түйткілдің кілті адамзат үшін тек соғыссыз әлем құруда екенін барша түсінеді. Алайда... – Алайда деп қалдыңыз... – Олай деуімнің мәнісі мынада. Қай кезде де ірі державалардың басшылары әр деңгейдегі басқосуларда әлемнің тыныштығын ойлаған сипат танытады. Алайда, іс жүзінде үне­мі олай болмай жататынына көз жетіп отыр. Бұған мысал ре­тін­­де әлемдік экономикада көш­бас­шы­­лыққа ұмтылған ірі елдердің эко­но­микалық санкциялар салып, бір-бірін тұқыртуға ұмтылуын айтуға болады. Ал мұндай қырғи-қабақ көзқарастың әсері көптеген елдердің экономикасына теріс ықпалын тигізіп отырғаны да жасырын емес. Егер бүгінгі ірі державалар өткеннен сабақ алып, адамзаттың бейбіт өмірін сақтауға мүд­делі болса, әлем қазіргідей ұстара­ның жүзінде тұрғандай кейіпке енбес еді. Олар Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, адамзаттың ты­ныш­тығын көздеген Нұрсұлтан Назар­баевтың көрегендігінен үлгі алса, бүгінгі босқындар мәселесі, әр елде көрініс тауып отырған жанжалдар да, экономикалық дағдарыс та орын алмаған болар еді. – Президент Нұрсұлтан Назар­баев адамзатқа «ХХІ ҒАСЫР: СОҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» атты кең ауқымды бағдарламаның қажет­тігін көтерді ғой. – Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі ізгі арманы. Сол кездің өзінде-ақ біздің бейбіт ел екенімізді танытып, ядролық қарудан бас тартты. Осы мақ­сатта Семейдегі ядролық тажал ор­да­сына айналған полигонды жа­уып, әлемді ашса алақанында, жұм­са жұдырығында ұстайтындай пәр­мен беретін ядролық қарудан бас тартқан тарихи шешім қабылдады. Өйткені, Семейдегі полигонда сы­нақ­тан өткізілген ядролық қарудың хал­қымызға орасан зор зияны мен зардабын тигізгенін жақсы біледі. Ядролық сынақтың кесірі халқымыздың ұлы ойшылы Абай мен көр құдықтың зардабын тартқан Шәкәрімдей, солардың ізбасарындай Мұхтар Әуезов секілді заңғар жазушы дүниеге келген, Алаш туы тігілген Семейдей тарихи жерге де улы запыранын төкті. Елбасы әлемді уысында ұстағысы, жаһанға әмірін жүргізгісі келетін мақсатты көздеген болса, Семейдегі полигонды жаппас еді, ауыр зардабы бар ядролық қарудан бас тартпаған болар еді. Алайда, Нұрсұлтан Назар­баев кейбіреулердің көкейін тес­кен әміршіл мақсатты емес, адам­зат­тың бейбіт өмірін қалайтын, әлем­нің тыныштығын көздейтін да­на­лық қасиеті барын көрсетті. Және үнемі ядролық қарусыз әлем құру­дың өзектілігін айтып келеді. Президентіміздің бұл бастамасы әлем­ді елең еткізді. Тіпті, БҰҰ Бас Ас­сам­блеясы да Нұрсұлтан Назар­баев­тың бұл идеясын қолдап, 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдады. Міне, осының өзінен адамзатқа соғыс­сыз әлемнің қажеттігін ұғыну қиын емес. Енді «ХХІ ҒАСЫР: СОҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» атты кең ау­қым­ды бағдарламаны әр ел, әр елді басқарып отырған басшылар, жалпы, адамзаттың бейбіт тіршілігін аң­сайтын әр адам қолдайтынына сенемін. Жалпы, қауіп-қатерді бол­дырмауға, адамзаттың бейбіт өмір сүруін қалайтынын ең басты дамудың кілті – бейбіт өмір. Қырғи-қабақ көз­қарастан, түрлі экономикалық санк­циялар мен басқыншылық әре­кеттен туындайтын соғыстың зардабы өте ауыр болады. Ең өкініштісі, соғыста құрбан болатындардың көбі бейбіт тұрғындар, яғни бұл – адам ресурсы. Ал адам ресурсының орнын толтыру және өте қиын. Сол себептен, Нұрсұлтан Назарбаевтың соғыссыз әлем қажеттігін көтерген ұсынысын қолдаймын. Иә, адамзатқа соғыссыз әлем кұру қажет. Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.