05 Сәуір, 2016

Соғыс адамзат болашағын бұлыңғыр етеді

356 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_8453Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит жұмысына қатысып, оның аясында сөйлеген сөзінде жаһандық маңызды мәселені қозғады. Осы жөнінде Рудный индустриялық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Абдрахман НАЙЗАБЕКОВ пікірімен бөліскен еді. Абдрахман Ба­тыр­бекұлы, ядролық қаруды таратуға қа­р­сы қозғалыста әлем­дік деңгейдегі қай­рат­керлік көрсетіп жүр­ген Елбасының бұл сапар­дағы сөзі де жер бетіндегі бейбітшілікті сүйетін жандардың көкейінен шыққаны сөзсіз. Онда айтқан тұжырымдарын қалай бағалар едіңіз? – Елбасының жаһандық қатер болып саналатын ядролық қарулану, әскери қауіп туралы мәлімдемесі жер бетіндегі тыныштықты ойлаған адамның жүрегінен өтіп, сүйегіне жететіндей терең мазмұндылығымен құнды деп білемін. Расында, ХХІ ғасыр өркениеттің, ғылымның барынша дамыған, технологиялардың жетілдірілген, адамзат мәдениетінің толысқан кезеңі деп білеміз. Әлемнің төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұрғаны рас. Дү­ниенің қай шалғайында болсын өмір сүріп жатқан адамдар ғылым дами түскен сайын тіршілік жақсарып, жер бетінде мамыражай заман орнайды деп армандайды. Керісінше, ғылым мен озық технологиялар адамдардың әлеуметтік тұрмысынан гөрі, әскери өнеркәсіптің әлеуетін арттырып отыр. Адамзаттың ақыл ойымен жасалған игілікті, мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан өнер жәдігерлерін, тұтас қалаларды бір мезетте қарулы қақтығыстың, жарылыстардың құрбаны ету түк болмай қалды. Бейбіт тұрғындар, жазықсыз адамдар террорлық жарылыстардан шыбындай қырылып жатыр. Кейінгі кезде осындай қорқыныштар әлемді билеп барады. Елбасы мәліме­тінде айтылған мәселелер әлем тұрғындарының жанай­қайындай естілді. Жер жүзіндегі бүгінгі қалыптасып отырған халықаралық терроризм, экстремизм жағдайларын қарапайым адамдар жасап отырмағаны белгілі. Әлемдегі мемлекеттер, түрлі ұйымдар, әскери блоктар басшылары қауіпсіздік үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Тек жауап­кершілік қана емес, соғыстың әлемге кейінгі зардабы туралы да ойлайтын уақыт жетті. Әлем деген ұғым адам өмірі, мемлекет, ұлт, өнер, табиғат, экологиялық мәселелер секілді көп түсінікті қамтитынын да ұмытпау керек. Сондықтан Елбасы тұжырымдарын дуалы ауыз, көреген қайраткер ғана айта алады деп білемін. – Елбасының әлем құлақ түрген алқалы жиында « Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялауы заңды секілді. Ядролық қырып-жоятын қарудан өз еркімен бас тарту бас­тамасын көтерген де Қазақстан емес пе? – Иә, осыдан тура ширек ғасыр бұрын Қазақстан дүниежүзінде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жапты. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы мәлімдемесінде «Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға» деп атап көрсетті. Тәуелсіздігін енді алған жас мемлекеттің бұл шешімі барлық жетекші державалардың ядролық сынаққа мораторий жариялауына қозғау салды. Мұның өзі әлемдік деңгейдегі үлкен мәселе болатын. Айтпақшы, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Украина мен Белоруссия да ядролық қарудан бас тартқан болатын. Бірақ біздің Қазақ­станның ерекшелігі – бүгінге дейін ядролық қауіпсіздік үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Оның барлығы да Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларымен мүмкін болып отыр. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз ядролық қарудың да қасіретін тартты. Ядролық сынақ полигонына жақын төңіректегі удың уыты әлі кеткен жоқ. Сынақ болған аумақтың топырағы уланды, ол жердің шөбіне жайылған мал ауырды. Ол жерді пайдалану әлі де мүмкін емес. Адамдар түрлі аурудың, мүгедектіктің зардабын тартып отыр. Дүниежүзіндегі ядролық державаларға енді халықаралық кикілжіңді жалғастыру, басымдыққа ие болу секілді тар шеңберлі әрекеттің орнына, адамзаттың, планетаның қауіпсіздігі деңгейінде ойланатын уақыт жеткен тәрізді. Нұрсұлтан Әбішұлы осыны тағы да құлаққағыс етті. – Ядролық қауіпсіздік жөніндегі кезекті саммитте бас қосқан әлем қайраткерлері Елбасы мәлім­демесінен жер бетінде соғысты болдырмауға, жаңа жаһандық қатердің өршуіне қарсы әрекеттерге шақырған бастамаларды да естіді ғой? – Нұрсұлтан Әбішұлы бір бұл емес, халықаралық басқосуларда жаһандық жаппай қырып-жоятын соғыс қаупін болдырмауға қарсы ылғи да бастамаларын ортаға салады. Ол бүгінде соғыстың салдарынан миллиондаған адамдарды әлемдік, халықаралық жағдайлар қандай күйге түсіретіні алаңдататынын айтты. «Кемедегінің жаны бір» дейді ғой қазақ. Көршіңді жау шауып жатса, сенің үйіңді де қорқыныш билейді. Мысалы, өзіміз көріп отырғандай, Сириядағы жағдайдан Еуропа елдеріне босқындар көші лап қойды. Босқынның да, барған елдің де жағдайының ауырлығын барлық жұрт сезініп отыр. Елбасы адамзатқа «ХХІ ғасыр. Соғыссыз әлем» кең ауқымды бағдарламасын жасау керектігін айтты. Ол бойынша нені ескеру керектігін де нақтылап көрсетті. Әскери блоктарға БҰҰ туы астында мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолындағы жаһандық коалициясын қарсы қою керектігі туралы пікірі саммитке қатысқандардың құлағына кірді деп ойлаймын. Қазір Ауғанстандағы, Ирандағы, Йемендегі, Ливия мен Сириядағы, Украинаның шығысындағы соғыс, Палестина мен Израиль текетірестері бүкіл жер бетіндегі адамзаттың тынышын алып отыр. Елбасы алдағы он жылда осының барлығын тоқтату жалпыға ортақ міндет екенін ескертті. Елбасы сөзінен соғыссыз әлем адамзаттың барлық салада дамуының кепілі екенін түсіндік. Мемлекеттер арасында дау-дамай, түсініспестік болуы заңды шығар. Ал жұдырық ала жүгіру, қару кезену оны шешудің жолы емес екенін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық басқосуларда ылғи да айтып келеді.  Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Рудный қаласы.