05 Сәуір, 2016

Мерей мен марапат

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
04-04-2016 марапаттау сурет-1Кеше Мәдениет және спорт министрлігінде АҚШ-та өткен үш халықаралық жарыстан 14 медальді қанжығаға байлап қайтқан каратэшілерге құрмет көрсетіліп, оларға министр атынан грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. «Қазақстанның туын биікте желбіретіп, байрақты бәсекеден олжалы оралған спортшыларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Кім еңбектенсе, кім талпынса сол биік белесті бағындырмай қоймайды. Сіздердің бүгінгі жеңістеріңіз ерен еңбектің жемісі деп білемін. Жас чемпиондарды шақырып, осы­лай марапаттауымыздың мақ­саты – олардың Қазақстан спортына қосып жатқан үлесін наси­хаттау және спортпен айналысып жүрген басқа балаларға осындай биік жетістіктерге жетуге болатындығын көрсету», – деді Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев. Айта кететін тағы бір жайт, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында каратэ-додан өткен үш халықаралық турнир – Junior Championship, USA Open және Ozawa Cup жарысынан қазақстандық спортшылар еншілеген 14 медальдің үшеуі алтын, алтауы күміс және бесеуі қола екенін естеріңізге саламыз. Жалпы, бұл халықаралық додаға әлемнің 40-тан астам елінен келген жас спортшылар қатысқан болатын. «Америка Құрама Штатында өткен бұл жарыс мен үшін ма­ңызды жарыстардың бірі болып саналады. Себебі, бұл сайысқа ең мықты спортшылар қатысып, бақтарын сынайды. Менің сал­мағымда осалдар болған жоқ. Бірақ мен өзімнің бапкерлерім­нің жаттықтыруымен және де жан-жақты дайындығымның арқасында қарсыластарымды тізе бүктіріп, тек соңғы финалдық сайыста бразилиялық спортшыға есе жіберіп алдым. Осы жолғы қателіктерімді алдағы аламандарда қайталамауға тырысамын», – деді аталмыш жарыста екінші орынды еншілеген Әлішер Қабдуллаев. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».