05 Сәуір, 2016

Корпоративтік басқару: теориядан іс-тәжірибеге

408 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_3609Дұрыс ұйымдас­тырылған кор­поративтік басқару – қазақстандық ком­паниялардың ин­вес­тициялық тар­тым­дылығының кілті. Жақында Астанада кор­пора­тивтік басқару бойынша форум өткізген елдің мем­лекеттік жоғары билік өкілдері, ең ірі деген ұлттық ком­па­­ниялардың топ-менеджерлері және халықаралық сарап­­шылар бір ауыздан осын­дай қорытындыға келіп отыр. «Корпоративтік басқару – ин­вес­торларды қызықтыруға көмек­ке келетін жай айтылған сөз емес», деп баса мән беріп өтті ел Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев. Отандық компаниялардың топ-менеджерлеріне механизмдер мен әдіс-тәсілдер құрып, бағаны көтеріп, мінсіз абырой-бедел қалып­тастырып, осыдан кейін инвес­тор­лар сенімінен әрдайым шы­ғып отыру керектігі туралы ескер­тілді. Мұның бәрі – ком­пания­лар үшін де, ел үшін де қажетті дүниелер. «Бүгінгі форумның тақырыбы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың инвестиция тарту үшін керекті орта құру қажеттілігі туралы тапсырмасымен үндеседі. Корпоративтік басқаруды жетіл­діру – ел экономикасындағы ма­ңызды элемент, сондай-ақ Қазақ­стан­­ның әлемнің дамыған 30 мем­­лекетінің қатарына қосылу үшін қажетті талап», деп атап өтті Вице-премьер. Теория жүзінде қазақстандық компанияларға ең үздік деген ха­­лықаралық бизнес-стандарт­тар­ға сүйене отырып корпора­тив­тік басқару құру қажет. Атал­ған жайт­тың іс жүзінде қалай жү­ріп жатқаны туралы «Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджерлері әң­гі­мелеп берді. 2015 жылы қор кор­­поративтік басқарудың жаңа кодексін жасақтап, бекіту бо­йын­ша үлкен жұмыс атқарған. Құ­жаттың дүниеге келуіне Эко­но­ми­калық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) маман­дары тікелей атсалысқан, жұ­мыс­­тың мақсаты кодексті қазақ­стан­­дық компаниялардың кор­по­ративтік басқаруының нор­ма­тивтік-құқықтық базасымен және іс-тәжірибесімен байланыс­ты не­гізгі мәселелерді ескере оты­рып, ЭЫДҰ корпоративтік бас­қару қа­ғидаларымен сәйкес­тен­­діру болған. «Самұрық-Қазы­на» ұйы­мының басқарушы дирек­торы Елена Бахмутова атап өткен­дей, кодексті әзірлеуде қордың қор­жын­дық құрылымдары көп­теген акционері бар компаниялар ретінде қарастырылған екен. Жақын арада, яғни 2020 жылға дейін «Самұрық-Қазынаның» жеті еншілес ұйымы IPO-ға шы­ғады, ал қор болса қазірдің өзінде бола­шақ миноритарлық акционерлер құқығының толыққанды сақ­талуы­ның қамын ойластырып жатыр. «Самұрық-Қазына» қоры үшін корпоративтік басқарудың ең үздік іс-тәжірибесін енгізу – бас­ты міндеттердің бірі. Мен қа­жет­тілік деп те айтар едім. Өз­дері­ңіз білетіндей, 2014 жыл­дың 6 қазанында Мемлекет басшы­сы қордың трансформациясы бағдарламасын іске қосты. Атал­ған бағдарлама бүкіл компаниялар тобының қызметін өз­гер­тіп, тиімділігін арттыруға ба­ғыт­тал­ған. Трансформация бағ­дар­ла­масы, жекешелендірудің үлкен бағ­дарламасы, Астанадан Халық­аралық қаржы орталығын құру елдегі корпоративтік басқаруды тез арада ең үздік әлемдік іс-тәжі­рибемен сәйкестендіруді талап етеді», деп атап өтті холдингтің басқарушы директоры. Елена Бахмутованың сөзіне қарағанда, жаңа кодексте компанияларды кәсіби Директорлар кеңесі арқылы басқару, тәуекел менеджменті, тұрақты даму, ай­қындықты арттыру мен акционер­лерге деген әділ қарым-қатынас се­кілді негізгі бағыттарға мән бе­рілген. Мұның бәрі табысты түр­де жүзеге асқан жағдайда компания өзгерістерге тұрақты және аумалы-төкпелі кезеңге бейім­деле алатын, сәйкесінше ин­вес­торлардың қызығушылығын ту­дыратын ұйымға айнала алады. Орталық Азия бойын­ша Ха­­лық­аралық қаржы корпо­ра­ция­сының аймақтық басшысы Моаззам Мекан атап өткендей, кор­по­ра­тивтік басқарудың жоғары дең­гейі бірлесіп жұмыс атқаруға дайын серіктестер үшін жақсы белгі бола алады. «Корпоративтік басқару инвестиция тартады, шығынды азай­тады, инвесторлардың се­ні­мін арттырады, сонымен қа­тар, қарызға капитал алудың құнын түсіреді. Сәйкесінше, әл­сіз кор­поративтік басқару жо­ғары деңгейдегі қауіп-қатер мен қ­арызға қаражат алуда үлкен көлемдегі үстемеге тап қылады. Неге Қазақстан Нью-Йоркте, Лон­донда, Сингапурда отыр­ған инвесторлар үшін тартымды болуы керек? Корпоративтік басқару осы үшін қажет», деп түсіндіріп өтті Моаззам Мекан. Корпоративтік басқарудың салыстырмалы түрде алғандағы жоғары рейтингіне қол жеткізу үшін «Самұрық-Қазына» қоры бизнес-процестерді түзу, қыз­метті талдау, түрлі ішкі меха­низмдерді әзірлеу бойынша ұзақ мақсатты жұмыс жүргізді. «Самұрық-Қазына» ірі ком­па­нияларының корпоративтік басқаруының рейтингі тұрақты түрде өсіп келеді. Егер 2009 жылы рейтингтің орташа мәні 47%-ды құраса, 2015 жылдың қорытындысы бойынша қор стратегиясында белгіленген қызметтің негізгі көрсеткішінен асып түсіп, 79%-ға жетті. Трансформация бағ­дарламасын жүзеге асыру нә­ти­жесінде қор өзінің еншілес ұйымдарын кәсіби біліктілігі жоғары деңгейдегі Директорлар кеңесі арқылы басқаратын стра­тегиялық инвестициялық холдингке айналуы керек», деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ құқықтық сүйемелдеу және тәуе­келдер жө­ніндегі басқарушы директоры Ғани Битенов. «Самұрық-Қазына» іс жүзін­де жинаған тәжірибесімен квази­мем­лекеттік сектордағы өзге ком­паниялармен белсенді түрде бөлі­суде. Қор басшылығы ЭЫДҰ-мен тығыз серіктестіктің арқасында әзірленген корпоративтік басқару кодексі өзге ұлттық компаниялар үшін типтік құжатқа айналып, жеке фирмалардың кодексіне негіз бола алады деп санайды. Форум аясында Ұлттық әл-ауқат қоры халықаралық ұйым­дар­мен бірлесіп істелген жұ­мыс­тың тағы бір нәтижесі – «Тиімді директорлар кеңесі» кітабының аудармасын таныс­тырды. Практикалық ұсыныстар жинағын ең ежелгі және көпті мойындатқан әлемдегі Дирек­торлар кеңесі мүшелерін кәсіби дайындықтан өткізу инс­ти­туттарының бірі болып санала­тын Ұлыбританияның Дирек­торлар институты шығарған бо­ла­тын. «Самұрық-Қазына» қоры 2013 жылы Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстанға сапары барысында аталған институтпен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған еді. Бүгінгі күні қордың қолдауымен басылым қазақ және орыс тіл­деріне аударылып, көпшілік оқырман үшін қолжетімді болып отыр. Ұлыбритания Директорлар инс­титуты корпоративтік бас­қару департаментінің директоры, кітап авторларының бірі Др. Роджер Баркер де өз пікірін білдіріп өтті: «Директорлар кеңесі – корпоративтік басқару мен ұйымдардың көпшілігінің тиімділігінің негізі болып табылатын басты орган. «Тиімді директорлар кеңесі» кітабы ди­­ректорларға арналған ұсы­ныстарды және олардың өз рөлін қандай жолмен бұрынғыдан да тиімді түрде атқара алатыны туралы ой-пікірді қамтиды. Басылымның тұңғыш рет қазақ және орыс тілдеріне ауда­рыл­ғанына қуаныштымын. Кітап Қазақстандағы компа­ния­лардың көпшілігінің одан әрі дамып, табысқа жетуіне өз үлесін қоса алады деген үміттемін». «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері Қазақстандағы кор­по­­ра­тивтік басқару мен Ди­р­е­к­­­т­ор­лар кеңесінің тиісті рөлін дә­ріптеу жақын уақытта ел имид­­жін шетелдік ин­весторлар үшін қызығушылық ту­дыра ала­­тын сенімді серіктес ретінде қалыптастыра алады деген се­німде. Осы мақсаттағы теориядан іске өту бойынша алғашқы қадам жасалынып та қойылды. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».