05 Сәуір, 2016

Жеңімпаздарға грант табысталды

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ясауи университеті-0504.суретыТаяуда Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде кезекті III республи­ка­лық «Ясауи» пәндік олим­пиадасының қоры­тындысы жарияланды. Қазақстан Республикасы Тәу­ел­сіздігінің 25 жылдығына, Ахмет Ясауи университетінің 25 жыл­дығына және «Ясауи жылына» орай ұйым­дастырылып отырған III рес­публикалық «Ясауи» пәндік олим­пиадасының негізгі мақсаты – дарынды оқушылардың интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін айқындау. Олимпиаданың қорытынды нәтижесін хабарлаған универ­си­теттің бірінші вице-президенті, профессор М.Куталмыш, оқу-әдіс­темелік ісі жөніндегі вице-президент Б.Ахметов 59 жеңімпазға университет грантының сертификатын табыстады. Екінші кезеңнен өткен білім додасына Батыс Қазақстан, Маң­ғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қара­ғанды, Алматы, Қызылорда, Шы­ғыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қос­танай, Жамбыл, Солтүстік Қа­зақ­стан, Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тарынан келген оқушылар қатысты. Сайыстың бірінші кезеңі 24, 25, 26 ақпан күндері online жүйесі бойынша жүргізілді. Алғашқы кезеңіне еліміздің барлық орта мек­тептері мен Назарбаев зият­керлік мектептерінен, қазақ-түрік лицейлерінен, «Дарын» мек­тептерінен 5545 оқушы қатысып,  екінші кезеңде іріктелген 833 оқушы 29, 30, 31 наурыз күндері университет базасында өткен қо­ры­тынды кезеңде білімдерін сараптады. Үміткерлер 11 пән бойынша (физика, математика, биология, химия, информатика, география, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы, жалпы тарих, қазақ тілі (қазақ тілді сыныптар үшін), орыс тілі (орыс тілді сыныптар үшін) сынақтан өтіп, ең білімді 59 оқушы жеңімпаз деп танылды. Естеріңізге сала өтейік, 2014 жылы олимпиаданың бірінші жылында еліміздің 14 облысынан 4000 оқушы қатысып 34 оқушы университет грантына ие болған болатын. Ал, өткен жылы 5000-ға жуық оқушы бақ сынап, бүгінде II республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасының жеңімпазы атанған 33 грант иегері университетте тегін білім алып жүр. Құрылғанына 25 жыл толған Халық­аралық қазақ-түрік универ­ситеті бүгінгі таңда 8 мыңға жуық шәкірт оқытуда. Еліміздегі біре­гей білім шаңырағы жыл сайын қазақстандық 500 талапкер­ге грант ұсынуды дәстүрге ай­­нал­дырған. Қазақстан және Түр­кия мем­лекет­терінің қамқор­лы­ғындағы оқу орда­сының білім­герлері қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде дәріс тыңдайды. Марат ТЕМІРБЕКОВ, университеттің кәсіби бағдар бөлімінің басшысы. ТҮРКІСТАН.