05 Сәуір, 2016

Өзара байланыстар өрісті кеңейтеді

477 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
03-04--02Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2 сәуір күні Кубаның астанасы – Гавана қаласына келді. Бұл – Қазақстан Президентінің Бостандық аралына жасаған алғашқы сапары. Мұнда Елбасы Куба Мемлекеттік кеңесінің және Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастромен кездесті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Гаванаға жасаған алғашқы ресми сапарын Куба халқының даңқты ұлы, ақын, осы елдің ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері Хосе Мартидің мемориалына гүл шоғын қоюдан бастады. Мемлекет басшысы бұл рәсім аяқталған соң мемориал музейін аралап көріп, құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Жалпы, Кубаға сапарлап келген мемлекеттер басшылары Хосе Мартидің осы бір алып ескерткішіне келіп, гүл шоқтарын қойып құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Бұл ақынға ғана емес, бүкіл Куба халқына жасалған ілтипат болса керек. Айта кетейік, құрылысы 1958 жылы аяқталған Марти ескерткішін 6 бағана қоршап тұр. Монументтің артында 109 метрлік мұнара бой түзеген. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Куба басшысы Рауль Кастро кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты, сауда-экономикалық ықпалдастықты, білім беру, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы салаларындағы байланыстарды кеңейту және алдағы уақытта саяси үнқатысуды жалғастыру жолдарын талқылады. 03-04-04 03-047-05Нұрсұлтан Назарбаев пен Рауль Кастро денсаулық сақтау, фармацевтика және биотехнология салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арнайы тоқталды. Осы салада қазақстандық және кубалық мамандардың тәжірибе алмасу қажеттілігі атап өтілді. Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылады. Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесін сайлау барысында Қазақстанның кандидатурасын Кубаның қолдауы тұрғысынан қол жеткен уағдаластыққа қанағаттанушылық білдірді. Сонымен бірге, Елбасының Кубаға жасаған ресми сапары ая­сында бірқатар меморандум бекі­тілді. Атап айтар болсақ, Қазақ­станның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Кубаның Энер­гетика және тау-кен өндірісі ми­нистрі Альфредо Лопес Валь­дес энергетика саласындағы ықпал­дас­тық жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Кубаның Еңбек және әлеу­меттік қорғау министрлігі ара­сында жұмыспен қамту, әлеу­мет­тік қорғау саласында меморан­дум түзілді. Оған Қазақстан Сырт­қы істер министрі Ерлан Ыдыры­сов пен Кубаның Еңбек және әлеу­меттік қорғау министрі Маргарита Гонсалес қол қойды. Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төра­ғасы Ахметжан Есімов пен Кубаның Сауда-өнеркәсіп пала­тасының төрағасы Орландо Эр­нан­дес Гильен аталған елдің Қазақ­станда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы жөніндегі 2015 жылдың қарашасында қабыл­дан­ған келісімшарт тұрғысында пікір алмасты. Еске сала кетейік, Қазақстан мен Куба арасындағы дипломатиялық қа­рым-қатынастар 1992 жылдан бастау алады. 1993 жылы Қазақ­станда Куба елшілігі ашылды. 2013 жылғы 22 қазаннан бастап Ку­баның Қазақстандағы елшісі қызметін Карлос Энрике Валдес де ла Консепсион атқара бастады. Ал 2013 жылғы 11 желтоқсаннан бастап Қазақстанның Канададағы елшісі Константин Жигалов Ку­бадағы елші қызметін қоса ат­қа­рып келеді (Оттава қаласы. Ре­зиденциясымен). Екі ел арасындағы саяси, пар­ла­ментаралық, сауда-экономи­калық, шарттық-құқықтық, мә­дени-гуманитарлық ынтымақтас­тық­тар біршама жолға қойыл­ған. Бұған дәлел ретінде әр жыл­дар­дағы министрліктер мен ведомство­лар арасындағы екі­жақты кез­десулерді, өзара сау­да-саттықты, экономикалық қарым-қа­ты­нас­тарды, визалық келісімдерді, руха­ни-мәдени бағыттағы, білім беру саласындағы ықпалдастықты, екі ел спортшыларының қатысуымен өткен жарыстарды және басқа да байланыстарды айтуға болады. Енді біз Мемлекет басшысы тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоғын қойған Хосе Марти жө­нін­де аз-кем мәлімет бере кетейік. Ол 1853 жылы Гаванада әскери қызметкердің отбасында ту­ған. Хосе Марти 16 жасынан ұлт-азаттық қозғалысқа қатыса­ды. Мадрид және Сарагоса универ­си­теттерінде философия, әдебиет, заң ғылымдары бойынша білім алған ол Мексикада, Гватемалада біршама тұрып, 1879 жылы Кубаға қайта келісімен испандарға қарсы көтерілісті ұйымдастырғаны үшін Испанияға жер аударылады. Одан кейін, яғни 1880-1895 жылдар аралығында АҚШ-та тұрып, Латын Америкасы газеттеріне мақалалар жазады, сөйте жүріп, 1882 жылы Ку­баның қозғалыс партиясын құра­ды әрі «Партия» газетін шыға­рады. 1895 жылы Кубаға қайта оралып, испандармен соғыста қаза табады. Ақынның «Абдулла» (1869 ж.) атты тұңғыш шығармасы құл­дық жүйеге қарсы жазылған. Ал «Исмаелильо, «Қарапайым өлең­дер», «Еркін өлеңдер» атты жыр жинақтары арқылы зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы батыл үн қатты. Оның бірқатар шығар­­маларын қазақ тіліне Т.Молда­ғалиев, Ө.Нұрғалиев, Б.Алдамжаров аударған. Қазақ тілінде «Бос­­тандық дауысы» атты жыр кіта­бы жарыққа шықты. Бірнеше өлең­дері 1973 жылы «Куба таңы» жинағында қазақ тілінде басылды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Гаванадан (Куба). Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.