05 Сәуір, 2016

Жаһандық қауіпсіздік кепілі – күш біріктіру

377 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
МАГАТЭ777Сәуірдің алғашқы күні Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV Саммит өтті. Жаһандық қауіп-қатерлер асқынып, адамзаттың алдында шешілуі қиын көптеген түйткілді мәселелер көлденеңдеп тұрған қазіргі уақытта қадірі биік саналатын бұл форумға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. 02-04-02 02-04-03аӘлемнің 51 елінен келген Президенттер мен Премьер-министрлердің, сыртқы саясат ведомстволары басшыларының, сондай-ақ, БҰҰ, Еуропалық кеңес, Еуропалық комиссия, МАГАТЭ және Интерпол сынды халықаралық беделді ұйымдар жетекшілерінің басын қосқан IV Саммитті АҚШ Президенті Барак Обама ашып, қатысушыларға құттықтау сөзін арнады әрі форум жұмысына табыс тіледі. Ядролық қауіпсіздік бойынша саммиттер өткізу туралы бас­таманы 2010 жылы ұсынып, бұл алқалы жиынды алғаш рет сол жылдың сәуірінде ұйымдастырған, ядролық қаруды таратпау ісін өз саясатындағы басым бағыттардың бірі етіп президенттік қызметіне кіріскен кезден бастап айқындап алған АҚШ басшысы Барак Обама өз сөзінде ядролық қарудан туындайтын қауіп-қатердің асқынып тұрғанын айта келіп, бұл ғасыр тажалымен күресте күш біріктірудің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, ол ядролық қаруды азайту және жою бағытында көптеген нақты шаралар атқарылғанына кеңірек тоқталды. «Соңғы 6 жылдың ішінде ядро­лық қауіпсіздікті нығайту бағы­тында жаңа сипаттағы әдістерді пайдалануға қол жеткіздік. ХХІ ғасырда ешбір ел өз қауіпсіздігін жекелей қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, бұл мәселеде коалиция құрып, өзара ынтымақтаса жұ­мыс істеу қажет. Біз осы бағытта көптеген табыстарға қол жет­кіздік», – деді Барак Обама. Одан әрі АҚШ Президенті ондаған  мем­лекеттің өздерінің жоғары байы­тылған уран және плутоний зат­тарынан арылғанын, бірқатар елдер өздеріндегі осындай мате­риал­дардың ниеті бөтендер қолына түсіп қалмауы үшін жойғанын және басқа да жүзеге асырылған шара­ларды атап өтті. Бұдан кейін сөз кезегі ІІІ Саммитті өткізген елдің басшысы ре­тінде Нидерланд Корольдігінің Пре­мьер-министрі Марк Рюттеге берілді. Ол өз сөзінде форумның маңызына екпін берді. Осыдан кейін саммиттің пле­нарлық отырысы жабық есік жағ­дайында жалғасты. Саммиттің түске дейінгі бірінші сессиясында, яғни алдыңғылар қа-тарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз берілді. Мұны біз әлемдік қоғамдастықтың тыныштықтан өзге тілегі жоқ Қа­зақстанның ядролық қаруға қарсы күрестегі белсенді іс-қи­мы­лы­на және тұрақтылық пен ты­ныш­тық­ты сақтауға сіңірген қызме­тінің ерен екендігіне берген оң бағасы деп ұғындық. Саммит делегаттары алдында сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі ең жоғары мемлекеттердің алғашқы жиырмалығына кіре­ті­ніне назар аударды. «Бізде ұлт­тық деңгейде нақты ядролық қауіп­сіздік бойынша бірқатар кешен­ді шаралар жүзеге асырылды. Ядролық материалдарды экс­порттық бақылау жүйесі жетіл­дірілген. Ядролық және радио­активті материалдарды біріз­дендіру орталығын құру жөнін­де жұмыстар жүргізілуде. Алма­тыдағы Ядролық физика инс­ти­тутының зерттеу реакторлары төмен байытылған отынға көші­рілді. Ел аумағындағы Ұлттық ядролық орталықтағы осын­дай жобаны жүзеге асыру жедел­детіледі. Ядролық нысандардың бәрі МАГАТЭ-нің жан-жақты бақы­лауында тұр», – деді Мемлекет басшысы. Президент еліміз бүгінде уран қоры және оның кенін өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы болып отырғанын, сондай-ақ, осы өнімді негізгі экспорттаушылардың бірі екенін атап өтті. «Біз бейбіт мақ­сатта пайдалану үшін ядролық отын өндірудің жаһандық техно­логиялық тізбегінен лайықты орын алу ниетіндеміз. МАГАТЭ-мен бірлесіп Ядролық отын банкін құру біздің маңызды үлесіміз болғанын айтқым келеді. Бұл Иранның ядролық проблемасын шешу үшін де маңызды болды. Болашақта ядролық энергияны бейбіт мақсат үшін пайдаланғысы келетіндер осы Банк ресурсын қолдануына болады. Біз төмен байытылған ядролық отынның Халықаралық депозитарийі болып саналамыз. Бізде МАГАТЭ-мен бірлесіп уранды өндіру және байытудың барлық циклын автоматты түрде тіркеу, бақылау және қорғаудың қанатқақты жобасы табысты іске асырылуда. Қазақстан барлық мүдделі мемлекеттердің азаматтық ядролық технологияларға қол­жетімділігі тең болуын қолдайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы халық­ара­лық қоғамдастық түрлі елдердің ұлт­тық энергетикалары мен өнер­кә­­сіптерін төмен байытылған отын­ға көшіру ісін ынталандыру ша­ра­ларын әзірлеуі қажеттігін айтты. 02-04-05 02-04-01аСонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұ­рын Семей ядролық полигоны жабылған соң Невада (АҚШ) мен ҚХР-да сынақтар тоқтатылғанына назар аударды. «Біз бұрынғы поли­гон аумағындағы халықты сауық­тыру және жер мен суды залалсыздандыру жөніндегі жүйе­лі халықаралық көмек аясын кеңей­ту мәселесін алға қойдық, өйткені Қазақстан осы қасіретпен жалғыз өзі бетпе-бет келіп отыр. Мен елдердің көшбасшыларын, әсіресе, Орталық Азия ядросыз аймағының кепілі саналатын бес державаның басшыларын, сондай-ақ, ядролық жойылудың суицидтік қатерін болдырмау жөніндегі әлемдік мақсатты құптайтын мем­лекеттердің мәртебелі делегацияларын полигонның жабылуының 25 жылдығына арналған еске алу шарасына шақырамын», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы бүгінде терроршылардың жаппай қырып-жою қаруын пайдалануының нақты жағдайға айналып отыр­ғанын, сондықтан әлем елдері көшбасшыларынан нақты іс-қимыл талап етілетінін атап айтты. «БҰҰ аясында барлық елдің қаты­суымен терроризмге қарсы күрес­тің жаһандық желісін құру қажет­тілігі пісіп-жетілді. Бұл жария­лан­баған соғыста тек осылай жеңіс­ке жете аламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік саласында әлі шешімі табылмаған мәселелер көп екенін ескере отырып, саммит өткізу жөніндегі Б.Обаманың бастамасы өз жал­ғасын табатынына сенім білдірді. «Қазақстанның осындай іс-шара өткізуге моральдық құқығы бар деп ойлаймын. Бұл полигонын жауып, әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартқан елге деген ризашылықтың белгісі болар еді», – деді Мемлекет басшысы. Елбасы саммитке қатысу барысында бірқатар шетелдік делегациялар басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізді. Финляндия басшысы Саули Ниинистёмен кездесуде Прези­дент­тер ауыл шаруашылығы сала­сындағы ынтымақтастық, білім беру саласындағы өзара іс-қи­мыл­ды нығайту, сондай-ақ, инно­вация енгізу бағытындағы бір­лескен қызмет мәселелерін тал­қылады. Нұрсұлтан Назарбаев, сон­дай-ақ, Мажарстан Премьер-минис­трі Виктор Орбанмен кез­десті. Бұл ретте В.Орбанның был­тыр сәуі­р­де Астанаға сапарын­да қол жет­кі­зілген екіжақты уағ­далас­тық­тарды жүзеге асыру және аг­ро­өнер­кәсіп кешеніндегі ынты­мақ­­тастық жайы әңгіме арқауына айналды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен жүз­де­суде мемлекеттер басшылары Шан­­­хайда биылғы қыркүйекте өткі­зу жоспарланған, Нұрсұлтан Назарбаев құрметті қонақ ретінде шақырылып отырған «G20» сам­миті жайын талқылады. Сонымен қатар, Елбасы Түр­кия Президенті Р.Ердоғанмен, Әзер­байжан Президенті И.Әлиев­пен, Иор­дания Королі ІІ Абдал­ламен, Украина Президенті П.Поро­шен­комен, Армения Президенті С.Сар­гсянмен, Литва Президенті Д.Гри­баускайтемен, Мексика Пре­зи­­денті Э.Пенья Нетомен, Чили Пре­зиденті М.Бачелетпен, Үн­дістан Премьер-министрі Н.Мо­ди­мен, Сингапур Премьер-ми­нистрі Л.Сянь Лунмен, Жапония Пре­мьер-ми­нистрі С.Абэмен және АҚШ Мем­лекеттік хатшысы Дж.Кер­ри­мен кездесті. Осы арада біз Елбасының Жа­пония Премьер-министрімен жүз­десуіне қысқаша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені, бұл екі елдің де ядролық қарудан көрген азабы аз емес. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде, сауда-эконо­ми­ка­лық, сая­си және мәдени-гумани­тар­­­лық салалардағы өзара іс-қи­мыл­­­дың негізгі бағыттарын талқы­лады. Елбасы өз сөзінде С.Абэнің Астанаға таяудағы сапары Қа­зақ­стан мен Жапония қарым-қаты­насын жаңа сапалы деңгей­ге көтергенін, қол жеткен уағда­лас­тықтарды жүзеге асыру тұрғы­сынан екі ел үкіметтерінің бүгінде белсене жұмыс істеп жатқаны соның айғағы екенін атап өтті. Мем­лекет басшысы бұл жолғы сам­миттің тақырыбы ядролық қару сынағынан зардап шеккен екі ел халқына да жақын еке­ніне, сол себепті, Қазақстан мен Жа­понияның жаһандық анти­ядролық қозғалыстағы ұстанымдарының да ұқсас екеніне назар аударды. Жапония Премьер-министрі Нұрсұлтан Назарбаев пен Қа­зақ­стан халқын Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығымен және Парламент Мә­жілісі сайлауының табысты өтуі­мен құттықтады. С.Абэ Қазақстан-Жа­пония байланыстарының белсен­ділігі артып келе жатқанына да ризашылық білдірді. Айта кетейік, Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммит барысында Қазақстан мен Жапонияның Яд­ролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне тезірек қол жеткізу жөніндегі бірлескен мәлімдемесі қабылданды (Бұл құжат бөлек жарияланып отыр). Осы арада айта кетейік, бұдан бөлек, Ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі саммит шеңберінде тағы да бір құжат жарияланды. Ол – Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Қазақстан аумағындағы Төмен байытылған уран банкіне қатысты АҚШ, БАӘ, Германия, Жапония, Иордания, Қа­зақ­стан, Канада, Қытай, Ис­пания, Мажарстан, Норвегия, Оң­түс­тік Корея, Ұлыбритания, Филип­­пин, Финляндия, Фран­ция, Чехия және Швеция көшбас­шы­лары­ның бірлескен мәлімдемесі (Бұл мәлімдеме де бөлек жарияланып отыр). Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі сам­мит аясында қазақстандық БАҚ өкілдері үшін арнайы бри­финг өткізді. Мемлекет басшысы брифинг барысында өзінің Брюссельге таяудағы са­пары кезінде Қазақстан Парла­менті Еуропалық одақпен (ЕО) кеңей­тілген серіктестік және ынты­мақтастық туралы келісімді рати­фикациялағанын атап өтті. «Құжаттың кейбір ережелері бірінші мамырдан бастап күшіне енеді, бірақ ол толық күшіне енуі үшін ЕО-ға мүше барлық 28 мемлекет ратификациялауы қажет. Осы жөнінде уағдаластыққа қол жет­кізілді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Еуропалық кеңес пен Еу­ро­палық комиссия басшыларымен болған келіссөздердің негіз­гі тармақтары арасынан Прези­дент бірқатар қазақстандық авиаком­паниялардың Еуропаға ұшуына салынған тыйымды жойып, Қа­зақстан азаматтары үшін виза режімін жеңілдету мәселелерін арнайы бөліп атады. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өтіп жат­қан саммиттің негізгі тақырып­тарына да тоқталды. Сонымен бір­ге, Мемлекет басшысы терро­ризмге қарсы іс-қимылдың және ядролық зарядтың экстре­мис­тер қолына түсуіне жол бер­меу­дің маңыздылығын айтты. «Бұл үшін бүкіл халықаралық қоғам­дас­тықтың бірлескен нақты жұмы­сы қажет. Мен террорлық ұйым­дарға қатысы бар әркімді бақылауға алуға болатын бірыңғай әлемдік желі құру қажет деп санаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті бүгінде атом энергиясын пайдаланатын нысандардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев саммит аясын­да делегация басшыларымен өткен кездесулер туралы айтып берді. «Мен Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесу өткіздім. Біз күзде, менің То­киоға сапарым кезінде ынтымақ­тас­тығымызды экономиканың түрлі секторында дамытудың ар­наулы жоспары қабылданады деп уағдаластық. Жапония – Қазақ­станның көптеген бағыт бойын­ша серіктесі. Бұл ел бізге Семей полигонындағы сынақ құрбан­дарын сауықтыру жөнінде зор көмек көрсетті. Сондай-ақ, АҚШ басшылығымен, соның ішінде Мемлекеттік хатшы Джон Керри­мен, Украина мен Мексика көш­басшыларымен кездесулер өтті», – деді Мемлекет басшысы. БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық кеңес және Еу­ропалық комиссия басшылары­мен ЕО мен ЕАЭО өзара ықпал­дас­тығының бұдан арғы перспективаларын талқылағандарын айтты. «Бұл – күрделі мәселе. Еу­разиялық экономикалық одақты Ба­тыста көбі әрқалай қабылдайды. Біреулер оны КСРО-ны қайта қалпына келтіру жөніндегі жоба деп санайды. Сондықтан, мен сая­саткерлер және сарапшылар бұл мәселеге қатысты істің мән-жайын айқындап, біз еш қиындықсыз өзара сауданы жүзеге асыра алуы­мыз үшін екі бірлестіктің бір­лескен конференциясын өткізуді ұсындым. Ал оған бүгінде бірқа­тар объективті кедергілер бар, мәсе­лен, Батыстың Ресейге қатыс­ты санкциялары. Алайда, келешек­те егер Еуропалық одақ, Еура­зиялық экономикалық одақ және Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы еркін саудаға жол ашса, бұл бүкіл Еуразия үшін орасан пайда әкеледі», – деді Қазақстан Пре­зиденті. Сонымен қатар, брифинг барысында біздің елдің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі төрт саммитке қатысуының қорытындысы жасалды. «АҚШ Президентінің бас­тамасымен өткізілген саммиттер елеулі пайдасын тигізді. Бүгінде бүкіл әлем бойынша планетаны тұтасымен әлденеше рет жоюға жеткілікті өте көп яд­ролық қару бар. Сондықтан, қару­сыздану мәселесі біздің және ұрпа­ғы­мыздың болашағын айқындайды», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті жыл сайын саммиттің арқасында 50-ден астам мемлекеттің басшылары мен өкілдері ядролық қауіпсіздіктің мейлінше өзекті мәселелерін шешу үшін бас қосатынын да айтып өтті. «Мұндай келіссөздер қорытындысы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында шешімдер қабылданады. Әрбір мемлекеттің бұл бағытта қабылданып жатқан шаралар жөнінде айтуға мүмкіндігі бар. Мәселен, атом энергиясымен жұмыс істейтін нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ядролық материалдардың терроршылар қолына түсуіне жол бермеу шаралары жөнінде айта алады. Біздің ел полигонды жауып, аса ірі ядролық арсеналдан бас тартқанын ескерсек, осындай келесі кездесу Қазақстанда өтуі мүмкін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осылайша, Ядролық қауіп­сіздік мәселесі жөніндегі IV сам­­митте Қазақстанның бейбіт­шілікті жақтаған үні әлемге айқын естілді. Нақтылай айт­қанда, еліміздің халықаралық қа­рым-қатынастар саласындағы беделі бір саты жо­ғары көтеріліп, мерейіміз арта түсті. Жалпы, Қазақ­стан бұған дейін де қауіп­сіздік мәселесінде, интеграциялану үдерісінде, дін мен дін, ұлт пен ұлт, ел мен ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағы­тында қосып келе жатқан үлесі айқындалған, халық­ара­лық қоғамдастықтан жоғары ба­ға­ға ие болған жұрт ретінде таныл­ған. Осы жолы да ядролық қа­русыздану, яғни ядролық қару-жа­рақ­тардан арылған бейбіт өмір­­ді орнықтыру ісінде көш-бас­шы ел екендігіміз өзгелердің та­ра­пынан лайықты аталып өтті. Айта кетейік, Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммит 2010 жылдан бері 2 жыл сайын өткізіліп ке­леді. Бұған дейін аталған саммит 2010 жылы Вашингтонда (АҚШ), 2012 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) және 2014 жылы Гаагада (Нидерланд) өткен болатын. Қазақстан – саммиттің тұрақты қатысушысы. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Вашингтоннан (АҚШ). Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.