31 Наурыз, 2016

Жұмысын тың серпіліспен бастады

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Нур Отан 1«Нұр Отан» партиясының кеңсесінде партия Саяси кеңесінің бюро мүшесі және Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бауыржан Байбектің басшылығымен қалалық филиал саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысы болып өтті. Бюрода «Нұр Отан» партия­сы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары кандидатурасын қарау, VI шақырылған Алматы қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясының фракциясын құру, сондай-ақ, фракция жетекшісін ұсыну мәселелері қаралды. Зәуреш Аманжолованың Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Мәжілісінің депутаты болып сайлануына байланысты «Нұр Отан» партиясы қалалық фи­лиалы төрағасының бірінші орын­басарлығына Жұлдыз Омар­бе­кованың кандидатурасы ұсыны­лып, бюро мүшелері оны бірауыз­дан қолдады. – 20 наурызда өткен сайлау нәти­жесінде VI шақырылған Парламент Мәжілісінің құра­мына енген 84 депутаттың 10-ы – алматылық. Сонымен қатар, қа­ладағы 37 округтің 35-інде сайлау­шылар «Нұр Отан» партиясының өкілдеріне қолдау көрсетті. Бұдан өзге, тұңғыш рет қалалық мәслихатқа үш партияның – «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Ауылдың» өкілдері еніп отыр. Депутаттар құрамы 65 пайызға жаңарып, әйелдер мен жастардан сайланған белсенділеріміз де бар, – деп атап өтті қала басшысы Бауыржан Байбек. Партияның қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасарын бекіткеннен кейін, бюро мүшелері мен партияның фракция өкілдері өздерінің алғашқы отырысын өткізді. Филиал төрағасы әрі қала басшысы Бауыржан Байбек жаңа депутаттық фракция бүгінгі дағдарыстық қиыншылықтар кезеңінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен 5 институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын және Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға еселенген күш-жігермен кірісетініне сенім білдірді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.