31 Наурыз, 2016

Руханият ордасы

672 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
отырар-1«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына – 15 жыл Осыдан 15 жыл бұрын, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қолдауымен Л.Н. Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті кітапханасының негізінде «Оты­рар кітапхана­сы» ғылыми орталығы ашылды. Бұл мемлекеттің рухани тү­леу кезеңінің алғашқы бас­палдағындай, еліміздің рухани өміріндегі елді елең еткізер елеулі оқиға болды. Аса ауқымды, әрі жауапты істі жүзеге асыру білік­ті ұйым­­­дастырушы, әрі танымы терең ғылым адамының бас­шы­лығынсыз жүзеге асуы қиын болатын. Сондықтан, ол орынға ғылыми жұмыстарды ұйым­дастыруда тәжірибесі мол, архив, көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды пайдалану ісімен жақсы таныс, жазушы-ғалым Тұр­сын Жұртбай шақырылды. Көп кешікпей қазақтың көне жазбалары мен кітап мұраларын, халқымыздың тарихына қатысты алыс-жақын шетел­дердегі жәді­герлерді бір орталыққа жинастырып, еліміздің игілігіне айналдыру жұмысы басталып кетті. Ұлт зиялыларымен, байырғы кi­тапханалармен тығыз байланыс жасаудың нәтижесiнде 5300 құнды кiтап, 300-ге тарта аса сирек кездесетiн ХV-ХIХ ғасырларда жарық көрген мұ­ралар жинақталды. «Отырар кi­тапханасы» атты арнайы серия ашылып, 100 кiтап жарық көрдi. Ғылыми-зерттеу бөлiмiне білікті мамандар алынып, жүйе­лі жұмыстар жолға қойылды. Ғы­лы­ми орталықтың екiншi үл­кен саласы – университеттiң оқы­­тушылары мен студенттерiн оқулықтармен қамтамасыз ету және оларға қызмет көрсету бол­ған­дықтан бұл бағытта да игі істер атқарылды. «Отырар кiтапханасы» ғы­лыми орта­лығын құрудағы не­гізгі мақсат: Қазақстан Рес­пуб­ликасының тарихы мен мәде­ниетiне қатысты рухани-тарихи жазба мұраларын сақтау, сирек қолжазбалар мен кiтаптарды жинау, жүйелеу және кеңiнен пайдалану болып табылды. Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетiне қа­тысты дүниежүзiнiң әр түк­пi­рiндегi көне қолжазбалар мен сирек кiтаптарды, заттай құн­дылықтарды, көне түркі жазбалары мен жазу үлгiлерiн (мысалы ұзын саны 16 мыңнан асатын көне түркi сына жазулары қай елде, қай қалада, қандай кiтапхана мен мұражайларда сақтаулы тұр) анықтау, оларды бiр орталыққа шоғырландыру, археографиялық экспедиция ұйымдастыру, қол­жазбалардың түпнұсқасын немесе көшiрмесiн сатып алу, оны ғылыми негiзге түсiру, жи­нақталған құнды мұ­ра­ларды әлемдiк стандартқа сай сақтау, кiтапхана қо­рын байы­ту, ғылыми-зерттеу мен библио­графиялық талдау, жүйе­леу жұ­мыстарын жүргiзу, электрондық байланыс­тар ар­қылы әлемнің ірі мәдени орта­лықтарымен байланыс жасау, соның негiзiнде қазақ жазуы тарихы мұражайы бөлiмiн (музей письменности) құру міндеттері қойылды. «Отырар кiтапханасы» ғы­лы­ми орталығы қоры бүгінге дейін Әлкей Марғұлан, Сапарғали Бегалин, Мұ­хамеджан Қаратаев, Тұрсынбек Кәкiшев, Оразкүл Нұр­мағамбетова, Рабиға Сыз­дықова, Серiк Қирабаев, Әлия Бей­сенова, Ақселеу Сейдiмбек қатарлы ға­лымдардың жеке кiтапханаларымен толықты. Ғұлама ғалымның 100 жылды­ғына орай «Академик Ә.Марғұ­лан­ның мемориалдық кітап­ханасы» ашылды. Онда атақты археологтың қызы Дәнел  өткіз­ген 700-ге тарта археология, этно­графия, шығыстану, тарих, өнертану кітаптары (қазақ, орыс, неміс, ағылшын, қытай, жа­пон тілдерінде), ғылы­ми-зерт­­теу экс­педицияларының қол­жаз­балары, Қазақстанның архео­логиялық картасы және жеке пайдаланылған бұйымдары (компас, көзәйнек, үлкейткіш әйнек (лупа), фотоаппарат, әмияны, фото-суреттер сияқты жеке заттары да қойылған. Соңғы жылдары ғалымның қоры эпис­толярлық мұраларымен толықты, қазір ғылыми орталық ғалымдары олар­­ды ғылыми айналымға шы­ғару мақсатында зерттеулер жүр­гізуде. Ғылыми орталықта жазу­шы C.Бе­­­га­линнің 505 қолжазбасы, оның ішінде кезінде идеологиялық тұрғыдан басуға рұқ­сат етілмеген «Тасарал» атты Кене­са­ры туралы дастаны және Төлеу Көб­ді­ковтің қолжазбасы, Мәди Бәпиұлы туралы көпшілікке белгісіз мағлұматтар, 1924 жылы ел аузынан жинаған Бұқар жы­рау, Қаздауысты Қазыбек би, Досбол би тура­лы тағы басқа құн­дылықтар сақ­тал­ған. Қазақстан Республика­сы Мем­­ле­кеттік сыйлығының лау­­­­­реаты, көр­некті сыншы, ғалым-әдебиетші, академик Мұхамеджан Қара­таевтың қорын­дағы кітаптың жалпы са­ны – 1060 да­на. Олардың дені әдебиет саласына арналған, оның ішінде ғалымның өз ең­бектері, басшылық жасаған «Қа­зақ совет энциклопедиясының» бар­лық томдары, қазақ кеңес ақын-жа­зу­шы­ларының еңбектері, орыс классиктері М.Горький, Л.Н.Толс­­тойдың шығармаларының толық жинағы, қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың, өзбек жазушысы И.Сол­тонның, қырғыз ақыны А.То­қом­­баевтың, украин жазушысы Г.До­в­нардың қолтаңба­мен берілген кітаптары, газетке жа­рия­ланған түрлі мақалала­ры, ескі газет қиындылары, дис­­серта­циялық, дипломдық жұмыстарға жазған пікірлері, хаттары бар. отырар-4Белгілі абайтанушы ғалым, жазушы-драматург, аудармашы, сондай-ақ, бірнеше буын өкілдерін, тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Қайым Мұхамедхановтың ұрпақтары тапсырған 12 бума қолжазбасы бар. Ға­лым қолжазбаларының дені Абайдың ақындық мектебі ая­сындағы зерттеулері мен Алаш көсем­дерінің қызметі мен мұрасына арналған. Со­­ны­мен бірге, қор­да «Майданнан майданға», «Ко­миссар Ғаббасов», «Ер Білі­сай», «Перне» шығармалары және басқа да өлеңдері сақтаулы. Ұстазы Мұхтар Омарханұлының кеңесімен жазған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы гимн­і­нің 1945 жылғы түпнұсқасы, авторлық құқығын қалпына кел­тіруді өтініп жазған хаты, 1992 жылы жазған гимні де ға­лымның ғылыми орталықтағы жеке қорында. 2009 жылы Қайым Мұхамедханов қоры 12 беттен тұратын «Абайдың досы Ми­хаэлис» қолжазбасымен, «Шуро» журналының №19 және «Вакть» газетінің қосымшасы (№1046), А4 форматты 8 дана фотосуретпен, «Мен Абайды әке деймін» 3 DVD дискімен толықты. Қайым Мұ­хамедхановтың «Отырар кітапханасы» ғылыми орта­лығы қорындағы қолжазбалары нег­і­зінде шығармаларының он томы жарық­қа шықты. Археолог, қазақ археоло­гия ғы­лымының негізін қа­лаушылардың бірі – Кемел Ақы­­шевтің мұражай-ка­бинеті «Отырар кітапханасы» ғы­лыми кітапханасында орналасқан. Ғалымның жеке кітапханасын­да 615 кітап пен ғылыми-зерттеу ең­бектерінің қолжазбалары қо­йылған. 1955 жылдан бастап өмірінің соңғы жылдарына дейін тарих және археология саласында жұмыс істеген оның ғылыми жолымен, рухани мұрасымен кеңі­нен таныстыратын сызбалар мен археологиялық карталар, суреттер мен диафильмдер қо­йылған. Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, ғалым˗ұстаз, филология ғы­лымдарының докторы, про­фессор Тұрсынбек Кәкішев өткіз­ген кітапхана қоры 5600 дана, оның ішінде сирек кі­таптар мен қолжазбалар, мерзімді басылымдар, жалпы 21 тілде жазылған еңбектер бар. Қордың құрамында құнды кітаптар көптеп кездеседі. 2007 жылы 12 қаңтарда әде­биеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Серік Қирабаев пен жаратылыс­тану ғылымдарының докторы, академик Әлия Бейсе­нованың мұражай-кітапханасы олардың сыйға берген кітаптары негізінде ашылды. Академиктер мұражай – кітапханасы қорында жараты­лыстану, тарих, тіл білімі, ауыз әдебиеті үлгілері, қазақ ті­лін­дегі және орыс, өзбек, ұй­ғыр, түрік тілдеріндегі көркем әде­биеттер мен газет-журналдар, ғалымның қолжазбалары, орыс және қазақ тілдеріндегі авторе­фераттар бар. Академиктер қо­рының бір ерекшелігі мұнда әдебиет мәселесіне қатысты рес­­­пуб­­ликалық, одақтық газет-журналдардың бірнеше жылғы басылымдары сақталған. Әйгілі ақынымыз Олжас Сү­лейменов 1670 жылы Қытайда басылған Чэн Гу және Жоу Си­лердің Сун дәуірінде жазған, көлемі 40 беттен тұратын «Жоу дәуіріндегі даналардың шешендік сөздерінің түсіндірмесін» тапсырды. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығын ашу баста­масының жанашыры әрі ұйым­дастырушыларының бірі Иман­ғали Тасмағамбетовтің жеке қоры осы ғылыми орталықта. Қорда халық даналығы, жыр-дастандар, тарих, әдебиет, саясат және басқа да ғылым салаларынан 236 кітап пен 45 журнал бар. Профессор Тұрсын Жұрт­байдың жеке кітапхана қо­рын­­да мұрағаттардың көшір­ме­лері, қолжазбалар, Египеттен, Ираннан, Түркиядан, Моңғо­лиядан, Қытайдан, т.б. шетелдерден әкелінген қазақ тарихына қатысты 900 данадан астам атаулы кітап бар. Ғылыми орталықта әр жылдары ғалымдар М.Шафи­ғи, Қ.Сартқожа, Т.Қайыр­кен, А.Исин, Ж.Ай­мұхамет, Б.Нұрдәулетова, И.Нұр­ахмет, Қ.Ах­метова, Н.Машқан, Қ.Ынтыхан, Е.Сылам­хан, Б.Мұс­тафаев, Ш.Бегімтаев, Қ.Қам­зина және басқалар қызмет жасады. Он бес жылдың ішінде олар жүзден аса ғылыми-зерттеулер мен жинақтар, оқулықтар мен оқу құралдарын баспадан шығарды. «Көне түркі және қазақ қолжазба мұралары Қазақстан тәуелсіздігінің қайнар бұлағы» (б.д.д. Х ғ.-ХХ ғғ), «Көне түркі-қазақ әдеби-тарихи эпистолярлық мұралары (б.д.д. V-XXI ғғ.)» Жобалары аясында зерттеулер жасады. Ғылыми орталық адамзат өр­кениетін дамытудағы «даналық үйі» атанған Александрия кітап­­ханасынан кейінгі дүниежү­зіндегі екінші білім ордасы – «Отырар кітапханасын» қай­та жаңғырту, қалпына келтіру, Қазақстан тарихына қатысты әлемдегі құнды құжаттар мен мұраларды, сирек кітаптар мен қолжазбаларды іздестіру, жинау, жүйелеу, ғылыми сипаттама жазу, аудару, кітап етіп бастырып шығару бағытында жұмыс атқарып отыр.  Данагүл МАХАТ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы. Астана.