31 Наурыз, 2016

Сенімді серіктестіктің серпінді жолы

408 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
30-03-02Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Бельгия Корольдігінің астанасы әрі Еуропалық одақ мемлекеттерінің бейресми орталығы Брюссельде екі кездесу өткізді. Нақтылай айтқанда, Елбасы Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен және Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесіп, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Қазақстан мен Еуропалық одақ (ЕО) арасындағы қарым-қатынастар жыл өткен сайын орнықты дамып келе жат­қаны белгілі. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тардың жүйесін тауып, ілгері жылжуы­на екі жақ та мүдделі болып отыр. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропалық кеңес төр­аға­сы Дональд Тусктің кездесуі бары­сын­да тараптар саяси, сауда-эконо­ми­калық, мәдени-гуманитарлық салалар­дағы Қазақстан мен Еуропалық одақ­тың ын­тымақтастығы мәселелерін талқы­лады. Қазақстан басшысы Еуроодақ Қа­зақстанның сыртқы саясатындағы маңызды вектордың бірі екенін және сау­да-экономикалық өзара іс-қимылдың басымдығы бар бағыты болып табылатынын айтты. Қазақстан Президенті еліміздің сыртқы сауда айналымының жартысынан астамы Еуроодақтың үлесіне тиетініне назар аударды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев осы айда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Еу­ро­палық одақпен арадағы кеңейтілген жә­не стратегиялық серіктестік туралы келі­сімді ратификациялағанын айтып, бұл оқиға тараптардың ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Д.Туск өз кезегінде Қазақстан мен Еу­ро­одақтың тығыз әріптестігі әлемдік экономикадағы дағдарыс үрдіс­теріне қарамастан нығая береді деп үміт­тенетінін айтты. Сонымен қатар, тараптар кездесу барысында күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Украинадағы және Ау­ғанстандағы ахуал, терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Жалпы, Қазақстанның Еуропалық одақпен тығыз байланыста болуының еліміз үшін маңызы жоғары. Өйткені, Еуропалық одақ – әлеуетін әлем мо­йындаған, жаһандағы ең ірі де салмақты саяси-экономикалық бірлестік. Ол қазіргі таңда 505 миллионнан астам халқы бар, 4 381 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан 28 мемлекеттің басын біріктіреді. Еуропалық одақтың ортақ мүддесін қамдап, үйлестіріп отырған бірнеше басқару құрылымдары бар. Солардың арасындағы ең бастылары – Еуропалық кеңес пен Еуропалық комиссия. Еуро­палық кеңес Одақтың басты саяси органы болып табылады. Кеңес құрамына Одаққа мүше мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, Еуропалық кеңес төрағасы мен Еурокомиссияның төрағасы енеді. Ол Еуропалық одақтың негізгі стратегиялық даму бағытын нақтылайды. Дәлірегі, Еуропалық кеңес көбінесе істің саяси жағын қарастырады. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропалық комиссия төра­ғасы Жан-Клод Юнкермен кездесуі кезінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси, сауда-экономикалық байла­ныстарды нығайту жолдары қарас­тырылды. Тараптар, сондай-ақ, ха­лықаралық күн тәртібін, соның ішінде Орталық Азия өңіріндегі өңірлік ынты­мақтастықтың негізгі мәселелерін тал­қылады. 30-03-04 30-03-05Сонымен қатар, Н.Ә.Назарбаев пен Ж.-К.Юнкер бұқаралық ақпарат құ­­рал­дары үшін бірлескен брифинг өткізді. Қазақстан Президенті еліміздің Еу­ропалық одақпен 23 жыл бойы ынты­мақтасып келе жатқанына назар аударды. «Бүгінде Қазақстан – Еуроодақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақ­тастық туралы келісімге қол қойған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі бірден-бір ел. Бұл құжатқа былтыр қол қойылды, республикамыз оны ратификациялады, сондықтан осы келісімнің экономикалық бөлігін 1 мамырдан бастап уақытша пайдалана аламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елімізде өткен президенттік және парламенттік сайлауларға байланысты құттықтау жол­дағаны үшін де алғыс айтты. «Таяудағы парламенттік сайлауды 1000-ға жуық шетелдік байқаушы бақылады, олар сайлау үдерісі демократия, бостандық және бәсекеге қабілеттілік қағидаттары негізінде барлық тиісті заңнаманы сақтай отырып жүзеге асырылғанын растады», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев ЕО елдерін алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру ісіне қатысуға шақырды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен ЕО санкциялық текетіресті, әсіресе, оның біздің елге ықпалын ескере отырып, барлық мүдделі тараптарға тиімді түрде шешу жөніндегі іс-қимыл аясындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласқанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның таяу көршілерімен – Қытай Халық Респуб­ликасымен және Ресей Федера­ция­сымен жақын достық қарым-қатынас орнатып отырғанына, олар экономи­калық ынтымақтастық бойынша негізгі серіктес болып табылатынына назар аударды. Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Қазақстан мен ЕО азамат­тарының өзара барыс-келісі, соның ішінде Еуроодақ тарапының да виза режіміне қатысты жеңілдік жасау мүмкіндігі туралы мәселелер қозғал­ғанын атап өтті. Тараптар Қазақстан әуе компанияларының ЕО елдеріне ұшуын шектеуге байланысты ахуалды шешу жайын да талқылады. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қарастырылған барлық мәселе бойынша өзара түсі­ністікке қол жеткізілгеніне назар аударды. Ж.-К.Юнкер сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дами бере­тініне сенім білдірді. «Бұл тығыз қарым-қатынастар сан түрлі пішін­ге ие болуда. Еуропалық одақ – Қазақ­станның маңызды экономикалық серіктесі», – деді Еуропалық комиссия төрағасы. Сондай-ақ, ол маңызды өңір­лік үдерістерге қатысып отырған Қазақ­станның бітімгерлік ықпалына Еуро­палық одақтың сенім артатынын атап өтті. Ж.-К.Юнкер келіссөз барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен адам құқығын одан әрі қамтамасыз ету мәселелері қозғалғанын айтты. Енді осы арада Елбасы кездесуінің маңы­зын ашып көрсету үшін Одақтың жоға­ры атқарушы органы – Еуропалық ко­­мис­сия жөнінде аз-кем тоқтала ке­тейік. Одақ үшін Еуропалық комиссияның орны бөлек. Оны, дәлірегі, ЕО-ның үкіметі деген орынды. Еуропалық комиссия – бірлестік құрамындағы әрбір мемлекеттен сайланған бір өкілден, яғни 28 адамнан тұрады. Құқықтары мен міндеттері айқын олар өздерінің өкілетті міндетін атқару барысында тәуелсіз болып табылады әрі ЕО мүддесі аясында әрекет етеді. Басқа мәселелермен шұғылдануларына рұқсат берілмейді. Нақтылай айтқанда, кез келген комиссия мүшесі өзі өкілі болып саналатын мем­лекеттің ықпалына бой алдыр­мауы тиіс. Еуропалық комиссияның құрамы әр бес жыл сайын жаңартылып отырады. Оның төрағасын Еуропалық кеңестің ұсынысымен Еуропарламент көпшілік дауыспен сайлайды. Ал комиссия мүшелерін Еуропалық кеңес мүшелері дауыс беру жолымен тағайындайды. Комиссияның әрбір мүшесі Еуропалық одақ саясатының белгілі бір саласы үшін жауапты болады. Сонымен қатар, бұл бірлестіктің Парламенті де үлкен өкілеттіктерге ие. Ол – Одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары 5 жылға сайлайтын 751 депутаттан тұрады. Оның заң шығарудағы рөлі Еуропалық кеңеспен теңестірілген. Еуропалық кеңес өзінің кез келген шешімін Парламенттің мақұлдауынсыз қабылдай алмайды. Бұдан бөлек, Парламент Еуропалық комиссияның жұмысын да қадағалауға құқы бар. Сонымен бірге, Одаққа мүше мем­ле­кеттердің сыртқы істер министрлерінен құрылатын тағы бір орган жұмыс істейді. Ол әрі атқарушы, әрі заң шыға­рушы билік өкілі ретінде де әрекет етеді. Қысқарта айтқанда, бұл орган Еуро­палық комиссияның жеке-дара билеп-төстеп кетуіне жол бермейді. Міне, осындай бірнеше құрылымның басқаруындағы ірі Одақпен үзеңгі қағыстыра, терезе теңестіре отырып жан-жақты байланыс орнату Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттары болып қала беретіні анық. Негізінде, бұл Одақтың даму бағыты, әрбір қадамы әлемнің жіті назарында. Өйткені, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер адамзат дамуының алдыңғы орнында тұр деп есептеледі. Еуропалық одақ қаржы дағ­дары­сымен бетпе-бет келгенде әрекетсіз қалған жоқ. Экономикалық ахуалы күрт тө­мендеп кеткен жекелеген елдерді тығырықтан алып шығып, бірлесе әрекет етудің жемісті болатынын нақты істермен дәлелдей білді. Әлем халқы бұл Одақтың тағы бір жақсы тұсын әрдайым айтып жүреді. Ол – бірлестіктің мүше елдерінде тұр­ғын­дардың әлеуметтік жағынан жақсы қорғалуы. Кейбір сарапшылар еуропа­лықтардың өмір сүру сапасы жағынан АҚШ-тан ілгерілеп кеткенін айтады. Біздің еліміздің әлеуетті Еуро­па­лық одақпен тығыз байланыс орнат­қанына 23 жылдың жүзі болды. Осы аралық­қа қысқаша тоқтала кетер болсақ, Қазақстан мен Еуропалық одақ ара­сында дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылдың 2 ақпанында орнады. Осы жылдың желтоқсанында Брюс­сель қаласында Қазақстанның Еуро­палық одақ жанындағы өкілдігі өз жұмы­сын бастаса, 1994 жылғы қазанда Алматы қаласында Еуропалық комис­сияның өкілдігі ашылды. Содан бері екі жақ­тың басшылары сан мәрте кездесіп, келелі кеңестер құрып, өзара қарым-қатынастарды жоғары деңгейде көтере білді. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өткеніміз абзал. Жалпы, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынастардың құқықтық негізі 1999 жылы түзілген Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім арқылы ширай түскен болатын. Мұнан кейін 2011 жылғы 11 маусымда Брюссель қаласында өзара әріптестікті кеңейте түсуге мүмкіндік беретін жаңа келісімді әзірлеу жөніндегі келіссөздер ресми түрде басталған-ды. Осылайша, 2011-2014 жылдар аралығында жаңа келісімнің мәтінін әзірлеу бойынша келіссөздердің 8 ресми кезеңі өткізілген-ді. Оның қорытынды кезеңі 2014 жылғы 9-11 қыркүйекте Астана қаласында болғаны, 2015 жылы оны дәйектеу, қол қою және ратификациялау бойынша рәсімдер жүзеге асырылғаны белгілі. Дәлірегі, 2014 жылдың 9 қазанында Брюссельде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропалық ко­миссия төрағасы Жозе Мануэль Бар­ро­зудың қатысуымен Қазақстан және Еуропалық одақ арасындағы Әріп­тестік пен ынтымақтастық жөнін­дегі кеңейтілген келісім бойынша келіс­сөздердің аяқталуы жөніндегі Хаттамаға қол қою рәсімі өтіп, 2015 жылдың 20 қаңтары күні Брюссельде екі жақтың арасындағы аталған келісімді дәйектеу рәсімі тәмамдалды. Ал 2015 жылдың 21 желтоқсанында Астанада Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы ретте айта кетейік, 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Еуропалық одақтың төрағасы Х.Ван Ромпейдің Қазақстанға ресми сапармен келіп, Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің жұмысына қатысуы, 2013 жылғы 2-3 маусымда Еуропалық комиссияның сол кездегі төрағасы Ж.М.Баррозудың Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келгені еліміздің Еуропалық одақпен қатынасындағы жарқын көріністер екені анық. Қорыта айтқанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге сапары еліміздің игілігі үшін жасалған тағы бір маңызды қадам болды. Ал Қазақстанның өзіне лайықты әріптестерімен келелі кеңес құра отырып, кемел келешекке ұмтылуы – алда тұрған негізгі мақсаттарымыздың бірі. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Брюссельден (Бельгия). Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.