15 Наурыз, 2016

Ақсуаттағы өнер мектебі

1296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Онер-01Таяуда Ақсуат ауылында өнер мектебі ашылды. Білім ор­­да­сының жалпы алаңы – 200 шаршы метр. Аудан әкімдігінің қолдауымен ашылған мектепте сурет, кескіндеме, мүсін, қол­дан­балы композиция және композиция сыныптары бойынша 100 бала білім алады. Балалар­дың бо­йындағы қабілетін шыңдау мақ­сатында тұсауын кескен мек­тепке оқушылар 5 жастан бастап қабылданады. Арнайы мек­тепті бітірген оқушыларға куәлік те беріледі екен. Өнер бе­сігінің ашылу салтанатына ау­дан­дағы мәдениет саласының қыз­меткерлері, мектеп оқушылары мен ата-аналар, ауыл тұрғындары қа­тысты. – Ауылымыздың балалары басқалардан кем болмауы тиіс. Ірі қалалардың жобасына үлес қосатын сәулетшілер, халықаралық дәрежеде көрмелер өткізетін су­рет­шілер, даңқты мүсіншілердің көбі ауылдан шығады. Бүгінде Астананың қандай қарқынмен дамып келе жатқаны баршамызға белгілі. Болашақта елордамыз бен еліміздің эстетикалық тұрғыдан дамуына тарбағатайлық өрендер де өз қолтаңбасымен үлес қосады деген сенімдеміз. Ақсуатта өнер мек­тебінен өзге саз, спорт мек­тептерінде де тәлім алуға болады. Алдағы уақытта ақылы не­гіздегі ағылшын тілі мен менталь­ды математика мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Яғни, балалардың бос уақытын тиімді жұмсауы үшін мемлекет барлық жағдайды жасау­да, – де­ді жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев. Аудан басшысының айтуынша, алдағы уақытта Ақсуат өнер мектебі оқушыларының әле­у­еті туған жерді көркейтуге пай­даланылмақ. Мәселен, дарынды оқушылар аудандық газетте жария­ланатын байқауларға қатысып, аудан орталығы мен ауылдық округ­терді көріктендіру шараларына үлес қоса алады. Осы мақсатта орталық саябақтар мен көше жиек­терін, алаңдағы музыкалық түрлі-түсті субұрқақтар айналасын әсемдендіруге байланысты жобалар сынға түсетін көрме ұйым­дастыру көзделіп отыр. Оқушылардың шығармашылық қиялынан туған жұмыстар осы көрмеге қатыстырылатын болады. Мектептің ашылу салтанатында Ақсуат ауылының Алшынғазы Байқыдыров атындағы саз мек­тебінде ұзақ жыл еңбек еткен Шолпан Бошанова мен «Сұлу­саз» халықтық мәдени ән-би ан­сам­блінің көркемдік жетекшісі Ғарифолла Сейфоллаев арнайы төсбелгімен марапатталса, ардагер-ұстаз Ханданиша Мырзатаева бүгінде шәкірттердің алаңсыз білім алуына, шығармашылық қабілетін шыңдауына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанын, оны тиімді пайдалану керектігін жеткізді. Жаңа нысанмен танысу барысында бейнелеу өнері сабағын өткізіп жатқан мұғалімді сөзге тартқан едік. Жанерке Ерланова Семей­дің сервис колледжін тәмамдап, «Дип­­­лом­мен – ауылға!» жобасы бойын­ша ауылға келіп, еңбек етіп жатқанын айтты. – Біздің үйірмеде қазір 25 оқушы бар. Оларды сурет, композиция, графика өнеріне баулимыз. Түрлі-түсті бояумен жұмыс істеуді үйретеміз. Оқушылардың бейнелеу өнеріне деген ынталары өте жоғары, – деді жас маман. Өнер мектебінің директоры Ерболат Жарылғасынов өнерлі жан екен. Ағаш пен темірден түйін түйетін ұстаздың жасаған қолөнер бұйымдарының ішінде домбыра, нарқобыздан бастап, астау, кісе сынды ұлттық бұйымдар жетерлік. Кеңес Одағы кезінде ауылдағы өнер мектебінің негізін қалаған, 30 жыл бойы ұстаздық, басшылық қызмет еткен Майданбек Іштебаев Ерболаттың қолынан шыққан домбыраны бебеулетіп, күй тарта отырып, Ақсуаттағы алғашқы өнер мектебі 1968 жылы 15 тамызда ашылғанын, аталған білім ордасынан күйші Мұрат Әбуғазы, әнші Клара Төленбаева, сыбызғышы Талғат Мұқышев сынды елімізге белгілі өнер қайраткерлері шыққа­нын мақтанышпен атап өтті. Олардың ізін жалғайтын өнер­паздар осы өрендердің ортасында отырған болар, бәлкім! Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы. Суретті түсірген автор.