15 Наурыз, 2016

«Айтар алғысымыз шексіз!» – дейді қарт ана

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
15-03-2016 kart ana«Егеменнің» Орал қаласындағы тілші қосынына жасы ұлғайған ана келді. Егделік – қуанатындай, қол соғатындай құбылыс емес. Белі де бүгіліп бара жатқандай көрінді. Қасында тағы бір жас әйел бар. Ол қарт ананың қызы болып шықты. Келген шаруаңызды айта отырыңыз, апа, дедік біз ол кісіге ықылас таныта. – Қарағым, біз мына тұрған қызым Бибігүл екеуміз Тасқала ауылынан «Еге­менге» арнайы келіп отырмыз. Аудан орталығындағы шеткері көшелердің бірі – Шевченкода тұрамыз.Тағы да осы маңайда Стадион және Ахметқалиев атындағы көшелер бар. Осы үш көшенің тұрғындарының дені зейнеткерлер деуге болады. Осы кезге дейін кәрі қойдың жасындай ғұмырымыз қалғанда ауыз­су азабын көріп келдік. Оны қыстың көзі қырауда ауыл шетіндегі шеген құдықтан бидонмен тасыдық. Оның өзі мөлдір емес, лай су еді. Тіпті, сол лай судың өзіне зар болдық. Өйткені, шелектеп ала берген соң суы бітіп қалады. Сонымен бірге, көше жолдары да шұрық-тесік болатын. Тіпті, электр бағаналары да тартылмаған еді. Таяуда үйімізге су құбыры тартылып, ауыз-су азабынан бір-ақ күнде құтылдық. Бұған қоса жол да жөнделді. Үйіміздің іргесіне жарық та тартылды. Сондықтан, өтінішімізді аяқсыз қалдырмаған іс басындағы азаматтарға деген ризашылығымызды «Егемен» арқылы жеткізсек пе деп келіп едік, – деді өзін Қымбат Әбілғазиева деп таныстырған сексеннің сең­гіріне шыққан ана. – Несі бар, ойыңыз дұрыс екен. Жақ­сының жақсылығын айт, нұры та­сысын демей ма? Ендеше, тұрмыстарыңыздың түзелуіне көмек көрсеткендердің аты-жөндерін атап жіберсеңіз, – дедім мен осы арада. – Біріншіден Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиевтің аты-жөнін атағым келеді. Ол тұрғындардың жина­лысына үш рет келіп қатысып, жанай­қайымызға түсіністікпен құлақ асты. Әрі шұғыл шешім қабылдады. Бұған қоса істің жүру барысын өзі тікелей мұқият қадағалап отырды. Тасқала ауылдық округінің әкімі Светлана Өтемісова мен коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнының басшысы Кенжеғали Бисалиевке де ал­ғысымыз шексіз. Әрі мұны тек менің ғана емес, барлық көше тұрғындарының атынан айтылған алғыс деп қабылдауыңызды сұраймын. Қымбат апа, бүгінде елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын өркен­дету, бұл тұрғыда тұрғындарға қо­лайлы тұрмыстық жағдайлар туғызу жөнінде жер­гілікті атқарушы органдарға жүктелген жауап­кершілік жоғары. Сіз есімдерін атаған Тас­қала топырағының басшы азаматтары осы сенім мен жауапкершілік үдесінен шыға білген екен. Бұл аманатыңызды «Еге­мен» ар­қылы жеткізуге әзірміз. Бұған алаңдамаңыз. Жолыңыз болсын, – дедім мен ол кісіге ауылына қайтар жолда. Сөйте қойшы, айналайын, деп апамыз алғысын қайта-қайта жаудырмалатып есікке қарай беттеді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы.
Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше