15 Наурыз, 2016

Түркі академиясының тартуы

350 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ERA_6882+93 аталымдағы кітаптар әз Наурыз қарсаңындағы амал күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасына табыс етілді Кеше Түркі академиясы халықаралық ұйымы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында өз тарапынан жарық көрген кітаптардың және www.twesco.org ақпараттық, ғылыми-танымдық порталының таныстырылымын өткізді. Осылайша академия жыл басы – Наурыз мерекесі қарсаңында, сондай-ақ, Көрісу күніне орай әріптес ұйымға 90-нан астам аталым бойынша бағалы басылымдарды тарту етті. Алқалы басқосуға осы таныстырылған кітаптардың бірқатар авторлары, ұлттық-мәдени орталықтар жетекшілері, белгілі ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Салтанатты жиынды құттықтау сөзімен ашқан Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев кезінде Елбасы бастамасымен ашылған халықаралық Түркі академиясының бұл күнде кемелдене толысып, ел мен елді туыс­тыратын қаншама игі істердің ұйытқысы болып отырғандығын тілге тиек етті. Соның бір парасы халқымыздың ізгілікті дәстүрлерін жаңғыртуынан көрінеді. Дүниедегі байлықтың үлкені, ақылдың кені кітап болса, осы том-том кітапханаларды сыйлау дәстүрін көрнекті мемлекет қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков аға бастап беріп, ол кісі өткен жылы 9500 кітаптан тұратын бүкіл кітапханасын, қаншама ба­ғалы жәдігерлерін Ұлттық ака­­демиялық кітапханаға сыйлап еді. Бұл бастаманы ілгері жалғаған Қадыр Мырза Әлінің отбасы ұлттың кемеңгер ақынның 10500 томдық кітапханасын Орал қаласының оқырман қауымына тарту етті. Осынау өнеге бұл күнде республикада қанатын жая түсті. Соның бір мысалы – Түркі академиясының бүгінгі құтты қадамы. Бұл тарту кітаптар Ұлттық академиялық кітапхананың Мыр­затай Жолдасбеков атындағы залынан орын алуының өзі өте бір сүйінішті нышан. Тарту етілген кітаптардың лентасын салтанатты түрде қиған ұлт руханиятының абызы Мырзатай Жолдасбеков Халықаралық Түркі академиясының шын мәнінде түркітану ғылымының тірегіне айналғанын атап өтіп, жақсы же­тістіктердің осылайша басы-қасында бола беруді нәсіп етуін тіледі. Бұдан бұрын да Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мә­сімов те 6000 кітаптан тұратын ғажап кітапханасын сыйға тартқан екен. Ал Мырзекең өзі болса, кі­тапханасын сыйлағаннан бергі уақытта қолға түскен 350 кітапты қосымша тарту етіпті. Академия басшысы Дархан Қыдырәлі көпшілік назарына ұсынылып отырған кітаптар негізінен Халықаралық Түркі академиясын құрушы мемлекеттер президенттерінің Түркі Кеңесі саммиттеріндегі тапсырмаларын жүзеге асыру негізінде жарық көргендігін қадап айтты. Академия өзі жұмыс істей бастаған 5 жыл ішінде барлығы 93 аталым бойынша кітаптар әзірлеп шығарған. 2015 жылы 42 кітап жарық көріпті. Олардың ішінде «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» (авторы А.Тоқтабай), «Алтай Республикасының көне түркі жазба ескерткіштері атласы» (орыс, түрік тілдерінде, авторлары – К.Конкобаев. Н.Усеев, К.Шабданалиев), көлемі 88,5 баспа табақ (1416 бет) болатын «Манас» энциклопедиясы мен «Манас» сөздігі (жалпы редакциясын басқарған – академик А.Акматалиев), көрнекті абайта­нушы М.Мырзахметұлының Абайдың 170 жылдығы аясында жарық көрген «Мұхтар Әуезов абайтанушы ғұлама», «Абайды оқы, таңырқа...», «Хакім Абай мұрасын танып білудің 125 (1889-2014) жылдық тарихынан» атты үш еңбегі, сондай-ақ, белгілі шы­ғыстанушы К.Хафизованың «Өр­кениеттер диалогы», «Өркениеттер тоғысындағы шығыс дипломатиясы» атты кітаптары қатарлы ір­гелі жобалар бойынша жарық көр­ген бірегей басылымдар бар. Сондай-ақ, бұл орайда Жа­рылқап Бейсенбайұлының «Ор­талық Азиядағы Арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер», Сұлтанхан Аққұл­ұның «Әлихан Бөкейхан жә­не Түркі дүниесі», Тұрсынхан Зә­кенұлының «Ойратнама. Жоңғария мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы және жойылуы», Әлімғазы Дәулетханның «Ежелгі және орта ғасырдағы түркілер: тари­хи зерттеулер» атты және басқа ба­сылымдардың оқырман көз­айы­мына айналары сөзсіз. 2015 жылы академияда шыққан кі­таптарды әзірлеуге Әзербайжан, Мажарстан,   Қазақстан, Қырғызстан, Моң­ғолия, Нидерланд, Өзбекстан жә­не Украинадан 15 шетелдік ғалым атсалысып, 6 тілде, атап айтқанда, ағылшын, әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және орыс тілдерінде жарық көргенін атап айту керек. Өткен жылдың басты тақырыбы болған Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған екі еңбек жарияланыпты. Бұдан бөлек, тарих, археология және этнография бойынша – 15, әдебиет, фольклор және өнер бойынша – 13, тіл және лингвистика бойынша – 6, «Тұғырлы тұлғалар» сериясымен 6 еңбек жарық көрген. Сонымен бірге, осы шара ая­сында академия басшысы Д.Қыдырәлі түркі әлемінің ор­тақ ақпараттық кеңістігін қа­лыптастыру мақсатында ашыл­ған Халықаралық Түркі ака­демиясының www.twesco.org ақпараттық, ғылыми-танымдық порталын таныстырды. Түркі әлеміндегі ғылыми, мәдени жа­­­ңалықтармен, ғылыми-та­ным­дық деректермен және ака­де­мияның тыныс-тір­шілі­гінен қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде бөлісіп оты­ра­­тын бірыңғай портал 2015 жыл­дың қыркүйек айынан бас­тап жұмыс істеп келеді. Бұдан кейін сөз алған академиктер Болат Көмеков, Сейіт Қасқабасов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин, бел­гілі антрополог ғалым Оразақ Ысмағұлов, қытайтанушы автор Клара Хафизова, тарихшы ғалым Ахмет Тоқтабай, әдебиетші Әлімғазы Дәулетхан және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы түркі әлемінің көптомдық ортақ тарихын жазу, түркі халықтарының рухани өркениетін жер жүзіне танымал етіп әлемдік деңгейге көтеру, түркологияда бұрынғы кет­кен қателіктерді түзету және бұдан былай бұрмалаушылықтарға жол бермеу, жаңа тақырыптарды жатпай-тұрмай игеру хақында өз ойларын жанашырлықпен ортаға салды. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.
Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше