13 Наурыз, 2016

Алматыда ағаш отырғызу акциясы басталды

539 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_7383АЛМАТЫ. 13 наурыз. Алматы қаласының тұрғындары биыл да жиналып, алма және басқа да ағаш көшеттерін отырғызуды жалғастыратын болды. Бастамашы топтың «Alma Qala» акциясын ұйымдастырғанына үш жылдан асты. Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Осындай бастамаға орай, Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында баспасөз мәслихаты өтіп, акцияның жай-жапсары баяндалды. Акцияның нәтижесі де жаман емес. Мәселен, осы іс қолға алынған 2014 жылы акцияға 5 мыңдай адам қатысып, 9500 ағаш көшетін отырғызған болатын. Ал өткен жылы 15 мың түп дарақ отырғызылды. Бұл бастаманың жақсы бір жері, қаланың әрбір тұрғыны осы іске үлесін қоса алады. Ағаш отырғызуды қалаған жандар жағдайына қарай, бір түп көшет сатып алып, өзі отырғызса да болады. Ағаш көшетін қаланың кез келген базарынан, арнайы өсімдік-ағаш дүкендерінен немесе тәлім бақтардан алуға болады. Ал акция ұйымдастыру комитеті бірқатар тәлім бақпен келісімге келген – олар акция науқанында көшеттерді төмен бағамен сататын болады. Ал енді ағашты да көрінген жерге отырғыза салуға болмайтыны белгілі. Сондықтан бастамашы топ көшетті аулада отырғызарда көршілерімен, баласы оқитын мектепте мұғалімдерімен, кеңсе маңында басшылармен ақылдасып алуға кеңес береді. Сонымен «Алма-Qala-16» акциясы 2016 жылдың 12 наурызынан басталып, 24 сәуірге дейін созылады. Іс шара жалпы Алматы қаласы бойынша өтеді. Өткен жылы аталған акцияны Астана, Шымкент, Көкшетау қаласының тұрғындары қолдаған болатын. Бұл бастамаға қазір «Парыз» қоғамдық қайырымдылық қоры мен «Я-Алматинец» қоғамдық қозғалысы және Сергей Терещенко сияқты кәсіпкер, белгілі қоғам қайраткері қолдау көрсетуде. Айнаш Есали. Дерек, сурет: Қазақстан баспасөз клубы.