12 Наурыз, 2016

Элиталық жиһаздар өзімізде жасалуда

886 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
1 (4) - копияЕлімізде отандық өнімнің өрісі кеңейіп, жыл өткен сайын түрленіп келе жатқаны рас. Азық-түлікті былай қойғанда, күнделікті тұтынатын бұйымдар мен тұрмыстық заттарымыздың біраз түрін өзімізден шығара бастадық. Оған мысал жетерлік. Бастысы, отандық өнімдеріміздің сапасы ешкімнен кем түсіп жатқан жоқ. Бірақ «импорттың» бәрін «бренд» деп бағалайтын бұрынғы таптаурын талғам әлі де санамыздан сытылар емес. Қазақстанда жасалған дүниенің бәріне сенімсіздікпен қарап, тұтынып көрмей жатып, сапасына күдік тастайтындардың таңдауын талқандау біздің отандық өндірісшілерге де оңай соғып жатқан жоқ. Әрине, қазіргідей айналамыз ашық, сырттан тасылатын тауарларға тым қолжетімді шақта өз өнімдерімен өзгенікінің бәсекелестігінен өтіп, тұтынушының талғамына ену екінің бірінің қолынан келе бермесі де анық. Алайда, нарық талабы отандық кәсіпкерлерден осыны талап етіп отыр. «Адельфидің» Астанадағы дүкеніне бас сұққанымызда бірден отандық өндірістің шындап өркен жайғанына, заманауи үдеріс­пен үндесіп, қазақ элиталық деңгейді де әл­де­қашан игергеніне көзіміз жетті. «Адельфи» – бұл элиталық жиһаз жасайтын қазақ­стандық компания. Элиталық десе де­ген­дей, көздің жауын алған жиһаздар бұл сала­да бәйге басын бермей жүрген италия­лық­тарды да артта тастағандай. Бірден «ойпырм-ай, осындай дүние өз елімізде-ақ жаса­лып жатқанда, сонау алыс шетелдерден жи­һаз тасып жүргендерге жол болсын», деген­дейсің. Қазақстандық компанияның қыр-сырын біз оның Астанадағы филиалының атқарушы дирек­торы Тимур Исмаиловтан білдік. Элита­лық жиһаз жасайтын «Адельфи» ком­па­ния­сының құрыл­ғ­анына биыл 16 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында тек жоғары сапа­лы өнімдер, элиталық жиһаздардың бар­лық түрін, есіктен бастап ас бөлмесіне дейін экслюзивті түрде жасаумен айналысып келе­ді. Дүкендерінің Астанада ашылғанына бес-алты айдың ғана жүзі болған. Ал алғаш орын тепкен Алматыда екі жерде дүкені бар. Жүзден астам адамды жұмыспен қам­тып отырған фабрикалары да сол Алма­тыда орналасқан. «Бұл жиһаздардың барлығы өз елімізде жасалған, отандық өнім. Жиһаз жасауға қажетті шикізат, мате­риалды шетелден оның ішінде Ресей, Беларусь сияқты елдерден алдырамыз. Себе­бі, өздеріңіз білетіндей, біздің ел­де жиһаз жасайтын ағаш жоқ. Бояу­ларды Түркия мен Италиядан алды­рамыз. Біз тапсырыс берілсе жиһазбен қатар есік, еденге ер­неу­­лік, жиектемелеріне дейін кешен­ді үйле­сім­мен жасаймыз. Тапсырыс берушілер біз­ді көбіне интернет арқылы табады», дей­ді «Адельфидің» астаналық атқарушы директоры. Тимур Исмаилов қазақстандық кәсіпкерлердің италиялық жиһаз­дармен бірдей сапада, тіпті, одан да жоғары өнім шығару дең­гейіне жеткенін мақтанышпен жеткізді. «Шынымды айтсам, мен осыны бар қазақстандық білсе екен деймін. Қазіргі күні біреу Қазақстанда жасалған жиһаз алайын деп жатырмын десе, көрмей жатып-ақ, «ол сапасыз шығар, неге шетелден алмайсың», деп шығады. «Біздікілер жасай алмайды» деген кертартпа сана әлі де жойылмай жүр. Сол себепті алдымен отандық өнімді көру керек. Ал біз жоғары сапалы өнімдерімізбен осы таптау­рын түсінікті өзгерткіміз келеді», дейді ол. Шетелдіктерден сапасы жоға­ры немесе бірдей бола тұра біз­дің өнімдердің баға­сы олардан біршама төмен. Алайда, бұл ком­панияның өнімдері элиталық болған­дықтан қарапайым ортаның қалтасы көтере бермейтін шамада. Бірақ сол біздегі шетелден жиһаз алдырып жүргендердің көбі осы элиталықтар екенін ескерсек, қазақстандық өнімге сұраныстың төмендігі оның бағасына емес, импортты бедел санайтын санаға да байланысты. «Бір қызығы, біздің сапалы жиһаздар­ды сатып алып үйлеріне қойған соң, шімі­рікпестен, шетел­ден алдырдық дейтіндер де бар екен. Бұл бір жағынан біз­дің өнімге деген жоғары баға шығар, яғни шетелдіктерден еш кемдігі­міз жоқтығын білдіреді. Алайда, бізді Қазақстанда нағыз элиталы сапалы өнімнің жаса­ла­тынына халықтың әлі де сенбес­тігі қынжылтады», дейді Тимур Исмаилов. Айт­қанымыздай, «Адельфи­дің» фабрика­сы Алматы­да алты мың шаршы метрді алып жатқан 3 қабатты ғимаратта орналасқан. Ал оның қосымша төртінші қабаты сонда жұмыс істейтін жүз адамға арналған асхана. Онда жұ­мыс­керлерге барлық жағдай жасал­ған. Тағы бір ерекшелігі, бұл компанияда жұмысшылардың басым көпшілігі 10 жылдан аса жұ­мыс істеп жүр, тіпті, ал­ғаш ашыл­­ғаннан бері келе жат­қан­дар да бар екен. Фабрика жұмыс­шы­ларына тек жұмыс беріп қой­май, сонымен қатар, айлық жалақы­сынан бөлек, күніне үш мезгіл тамақ, кейбіреулеріне тіпті, үй мәселесінен де көмек береді екен. Фабрикада басым көпшілігі қазақ жігі­тері болғанымен, түрік, өзбек, қырғыз, корей, орыстар да жұмыс істейді. Тіпті, мүм­кін­дігі шектеулі азаматтар да бар екен. Мұ­ның өзі ондағы жұмыс­керлерге жақсы жағ­дай жасал­ғанын білдір­се керек. «Жиһаз, ағаш бұйым­дарын жасау – қолөнер, қара жұмыс болған соң, ондағы жұмыс­керлерге жасалған жағдай өнімнің сапасына да әсерін тигізеді. Сон­­дық­тан басшылық алды­мен жұмыс­керлердің жағдайына айрық­ша назар аударады. Шүкір, қазақта ағаш­тан түйін түйетін хас шебер көп. Шетел­дік шеберлерден ешбір кем түспейді. Фабри­ка­мы­здың өндіріс қуаты да өте жоғары, кез кел­ген тапсырысты орын­дай­д­ы. Бастысы, еліміз­де кәсібін дөңгелеткісі келген адам­ға бар­лық мүмкіндік бар. Соған шү­кірлік ете­міз. Тек аянбай еңбек ету керек», дейді Тимур Исмаилов. Қазіргі кезде дағдарыс талап­тарына бейім­деле бастаған фабри­ка болашақта элит­алық қана емес, эконом-класс деңгейіндегі жиһаз­­дар­ды да жасауды және жиһаз жасау­ды үйре­тетін мектеп ашуды жоспарлап отыр­ған­дығын жасырмады. Сондай-ақ, қазақ­стан­­дық өнімді барынша таныту мақсатында Ас­тана­дағы «Көрме» залында 13-15 сәуірде өте­тін «ASTANA INTERIOR DESIGN-2016» халық­аралық көр­месіне де қатысуды көздеп отыр. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше