05 Наурыз, 2016

Гүл жайнатқан көңіл

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DSCF0140--1Әрине, Тараз қаласында келген қонақтарға көрсететін әдемі жерлер өте көп. Кеше ғана өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойынан кейін көне шаһар тіптен шырайланып шыға келді. Әйтсе де тараздықтар бұл қалаға келген қонақтарды қайтсе де «Жасұлан» ЖШС-нің «Қысқы бақ» гүлзарына апаруға тырысады. Өзім де бұл гүлзарды тамашалауға қаншама жандарды апардым, жұмаққа ұқсайтын осынау көк жасыл әлемге солардың таңғалмағаны кемде-кем. Қайбір жылы Елбасы Н.Назарбаев та бұл кешенге арнайы бас сұғып, гүл өсірумен айналысатын серіктестіктің жұмысына дән риза болған-ды. Бүгінде бұл гүлзарда 300-ге тарта әйел гүлдерді күтіп-баптаумен айналысады. Яғни, жұртшылыққа жыл он екі ай бойына гүл сыйлайтын қыз келіншектер, міне, осылар. Гүл – әдемілік өлшемінің шыңы. Сұлулық пен тазалықтың белгісі. Ендеше «Қысқы бақ» гүлзарындағы қыз-келіншектер жұртқа осындай ізгілік шуағын сыйлап жүрген жандар деп айтуға болады. Гүл – сезімдерді паш етеді. Ал бір ұжымда қызмет ететін 300-ге тарта қыз-келіншек өздері күтіп-баптайтын гүлдердің бойына осындай бар мейірім-шуағын сіңіріп жүр. Содан да болар, көктем мерекесінің сән салтанатына айналған гүлдер құшақтарды қуанышқа толтырып, көңілдерге құштарлық сыйлайды. Сыртта көктемнің көкөзек шағы. Ал, шуақ лебі ескен жылыжайда гүлдің жүздеген түрі шешек атып, жайқалып тұр. Гүлзардың қызметкерлері күндіз-түні кезектесіп, жапырақ жайып келе жатқан гүлдердің жағдайын жасайды. Яғни, тынымсыз тірлік мұнда жыл бойына жалғасады. Шешек атқан гүлдердің алғашқы орамы қазір сауда орындарына жөнелтіліп жатыр. – Гүл дегеніміз кішкентай нәзік бала сияқты. Жақсы көңіл-күймен қарасаңыз гүл де жайнап тұрады. Мейірім, шапағат керек бұларға. Жылы сөз айтсаң, жайқалып шыға келеді. Гүлдің айналасына, одан кейін адамға деген әсері өте мол. Себебі, гүлден адам нәр алады. Гүл тұрған жерде биік сезім пайда болады. Ерекше сұлулықты сезінеді, – дейді «Қысқы бақ» гүлзарының басшысы Жұмагүл Омарова. Наурыз келгелі гүлзарда қызу тірлік. Гүл арқылы мейірімділік пен махаббат, қуаныш пен ілтипат сезімін жеткізгісі келгендердің қарасы көп. Тәтті сезімдердің жаршысы болған алқызыл гүлдердің дестесі мыңдаған қыз-келіншектің көңілін тасытып, қуаныш құшағына бөлеп жатыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.