05 Наурыз, 2016

Мұз бен із

276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
04-03-16-tursynbaeva-0Мәнерлеп сырғанау қазақ перзенті үшін спорттың әу бастан кенжелеп қалған бір түрі еді. Біздің білуімізде, сайыстың бұл саласында бұдан біраз жылдар бұрын Айгүл Қуанышева, Құралай Тілебалдинова деген қыздарымыз болды. Бірақ олар спорт шебері дәрежесіне жетіп, бірнеше рет республика чемпионы атанғаннан әріге аса алмады. Бұл қатып тұрған сеңнің көбесін алғаш Денис Тен бұзды. 2013 жылы алғаш рет әлем чемпионатында күміс медальға қол жеткізген ол 2014 жылы Сочи Олимпиадасында және 2015 жылы жаһан жарысында қола медальдың иегері атанды. Міне, тап осы шамада қазақ қызы Элизабет Тұрсынбаева да мәнерлеп сырғанаушы жасөспірімдердің аламан бәйгелерінен жарқырап көріне бастады. Бұған дейін отбасы болып Мәскеуде тұрып, жаттығып келген Лиза тап осы 2013 жылы ұстаздарын алмас­тырып, ата-анасымен бірге Канадаға қоныс аударды. Осыдан бастап жергілікті бапкер Брайан Орсердің қарауында жаттығуға кірісті. Ал жас қыздың бұлайша аяқ астынан түп көтеріліп, әке-шешесін соңына ертіп, мұхит асып кетуіне негізгі себеп болған оның туған елі – Қазақстанның намысын қорғау ниетінен қайтпауы еді. Рас, Лиза Мәскеуде дүниеге келіп, бала жасынан сонда өскен. Мәнерлеп сырғанаудың да алғашқы әліппесін осы қалада алған. Осында Александр Шубиннен қанат қаққан ол кейін тағы үш жаттықтырушының мектебінен өтіп, үлкен үміт күттіретін жас буынның қатарынан орын алған. Бір таң қалатының, қыздарының осы салаға біржола түскеніне көздері жеткеннен кейін оның әкесі Байтақ пен анасы Падишахан өздерінің барлық тіршіліктерін соның жолына арнайды. Қызылорда облысының Арал қаласында туып-өскен Байтақ 1992 жылы ҚарМУ-ді бітіргеннен кейін Мәскеу қаласына іссапармен келіп, соңынан кәсіпкерлік салаға бет бұрып, осында біржола қалып қояды. Бұл кезде сол бизнесі жап-жақсы табыс беріп тұрған іс адамы тапқан-таянғандарының біраз бөлігін қызының спортпен алаңсыз айналысуына, жақсы жүріп-тұруына жұмсауға көшеді. Элизабет бәсірелі бәсекелерге Үйеңкі жапырағы еліне келгеннен кейін ғана қосыла бастады. Ол 2014 жылы алғаш рет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, қорытынды есепте 11-орынға табан тіреді. Осы жылы жас спортшы Сочи Олимпиялық ойындарының көрсетілім сынағына қатысу бақытына да ие болды. Ал 2015 жылы Таллинде өткен келесі әлемдік жарыста жүлделі орындарға қарыс қадам ғана жетпей, 4-орынға тұяқ іліктірді. Биылғы жыл да Элизабет үшін жақсы басталып отыр. Ол ақпан айының басында Норвегияда жалау желбіреткен жасөспірімдердің Олимпиялық ойындарында бағын сынады. Қысқа бағдарлама бойынша екінші орынға аяқ артқан мәнерлеп сырғанаушы еркін бағдарламаның нәтижесі негізінде қола медальмен турнирді аяқтады. Биылғы жылғы 14 ақпан күні жасы 16-ға толған Элизабеттің үлкен спорттағы жетер жетістіктері мен алар асулары алда. Қазақ мәнерлеп сырғанау спортының белеңге біткен бәйшешегі іспеттес талантты қыздың болашағынан бәріміз де үлкен үміт күтеміз. Руслан ИГІЛІК.