05 Наурыз, 2016

Әйел кәсіпкерлер көбеюде

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-850Қазақстанда кәсіпорын басшыларының жалпы санында әйелдердің үлесі 39 пайызға жетті. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова мәлім етті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі соңғы кездері әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуға барынша ықпал етуде. Статистикаға сүйенсек, бүгінде бізде 1 млн. 656 мыңға тарта кәсіпорын басшылары бар. Оның ішінде 656 216-сы әйелдер. Астана мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш 50 пайыздан асты. Яғни, елімізде бизнеске нәзік жандылар белсенді тартылуда. Л.Рамазанованың айтуынша, осы мақсат үшін Қазақстанның көптеген өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арнайы курстар мен тренингтер жүргізілуде. «Әйелдерге өзінің ісін бастау үшін әрдайым көмек пен қолдау керек. Оларға қаржылық көмектен бөлек, ішкі күш-жігерін қолдау қажет. Осы ішкі жігеріне арнайы семинарлар мен дәрістер елеулі күш береді. Бұл бағытта біз аудандарда және ауылдық жерлерде белсенді жұмыстар жүргізудеміз», деді Л.Рамазанова. Л.Рамазанованың хабарлауынша, әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыруға 1,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. «Еліміздегі жағдайға тоқталатын болсақ, шынымен де әйелдер кәсіп­кер­лігін дамыту үшін тартылып жатқан қаржылық ағымдар бар. Бұл тұрғыда еуропалық, азиялық банктер және «Да­му» желілері қамтылған», деді. Оның айтуынша, бұл қаржы іскер әйелдерді қолдауға елеулі көмек болды. «Бүгінде 54-ке тарта әйел осы көмекті алды, яғни бұл сыртқы қолдау шаралары болып табылады. Алайда, «Атамекен» әйелдерге ақысыз негізде қолдау жасауда. Атап айтқанда, жобаларды қаржылық сүйемелдеу, бизнес-жоспарларды даярлау және маркетингтік қызмет көрсету шаралары қамтылған. Қазақстанның әрбір өңірінде біз осы көмекті ақысыз жасап жатырмыз», деді ол. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».