05 Наурыз, 2016

Дамуға бастар даңғыл

355 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
05-03-2016-ordaАлашқа астана болған Ақ­мешітте «Аймақтық экономиканы әртараптандыру: келешегі мен міндеттері» тақырыбында сарапшылар форумы өтті. Келелі кеңесті ұйымдастырушы – Пре­зидент жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер институты. Форумның өтуіне мұрындық болған Ерлан Қарин Қызылорда топырағына Бөріхан Нұрмұхамедов, Берік Әбдіғалиұлы, Айдос Сарым, Андрей Чеботарев секілді еркін ойлы саясаттанушыларды алып келіп, аймақтағы экономиканы әртараптандыруға қатысты сүйекті ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, жиынға өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Сарапшылар Елбасы ұсынған реформаларды жүзеге асырудың негізгі бағыттарын талқылады. Әсіресе, аймақтық экономиканы әртараптандыру мәселелері, «Нұрлы Жол» бағдарламасының мақсаты мен міндеттері жөнінде кеңінен әңгімеледі. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы Жол» бағ­дарламалары аясында Қызылорда облысында жүзеге асып жатқан жобалардың жай-жапсары ортаға салынып, оның өңір экономикасына оң әсері сөз болды. – «Нұрлы Жол» – біздің инфра­­­құ­рылымның, жолдардың, энергети­каның басқа да құ­ры­лымның мә­селесін көтеретін бағ­дарлама. Бұл бағдарлама арқылы Қазақстан­дағы жұмыссыздықпен күресу, жаңа жұмыс орындарын ашу, Қазақ­стан­дағы экономиканы әртараптандыру үдерісі жүзеге асырылады,– дейді Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов. Жалпы, жағдайы мұнай мен уранға тікелей байланысты Қы­зыл­­орда облысы үшін экономиканы әртараптандыру ең пайдалы істің бірі десек болатындай. Мәселен, аймаққа әкім болып келгелі Қырымбек Көшербаев осы мәселемен тікелей айналыса бастады. Соның арқасында Аралдағы балық пен тұз өндірісі жанданды. Қызылорда қаласында Шыны зауытының құрылысы басталды. Мия өндірісі қолға алынды. Шиелі ауданындағы Баласауысқандық кен орнының жұмысы жанданды. Жаңақорғандағы «Шалқияцинк» зауытының жұмысы жолға қо­йыл­ды. Айналасы үш жылдың ішінде аймақ экономикасы әртарап­тандырылып, мұнайдың бағасы күрт төмендеп кеткен осы кезеңде пайда табудың жаңа жолдары қарастырылды. Атакәсіп – күріш өндірісінде даму байқалып, соңғы екі жылда өңір диқандары рекордтық өнім жинады. Сарапшылардың пікірінше, Елбасы ұсынған институттық реформалар – ел дамуының айқын бағыты әрі жаңа мүмкіндіктер болып табылады. Мұны Сыр елі де сезініп отыр. Мәселен, индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығында аймақты 17 жоба жүзеге асып, өнеркәсіп өндірісі 3 есеге артқан. – Сыр өңірінде серпін бар. Мә­селен, биыл халықаралық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің құрылысы аяқталады. «Байқоңыр» ғарыш айлағында туризмді дамыту қолға алынды. Аймақтың осындай жетістіктері өте көп. Біз сарапшы ретінде айтулы бастамалардың болашағын бағамдап, оң баға беріп отырмыз, – деді «Альтернатива» көкейкесті зерттеулер институтының директоры Андрей Чеботарев. Ең бастысы, мүмкіндік бар, бағыт айқын. Енді ел экономикасын өрге сүйрейтін айтулы бастамаларды қолдап, стратегиялық жоспарларды жұмыла орындау қажет. Сонда ғана ел тұғырын нық­тап, дамудың тағы бір белесін бағындыра аламыз. Форум бары­сындағы сан-алуан пікірдің ортақ байламы осындай болды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».