05 Наурыз, 2016

Семинар-тренингке сенім үлкен

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астана қаласы бойынша сайлауды байқауға жәрдемдесу өңірлік орталығы «Байқаушылардың құқықтары мен міндеттері. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауларындағы байқаушылар қызметіндегі әдістер мен тәсілдер» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренинг барысында қоғамдық байқау саласындағы сарапшы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасы профессорының мін­детін атқарушы, саяси ғылымдар кандидаты Юлия Онучко сайлау үдерісіндегі байқаушылардың рөлі жөнінде баяндама жасады. Баяндамашы байқаушы тұлғасына жан-жақты түсініктеме бере келіп, оның атқаратын қызметіне жан-жақты тоқталды. Сайлау күнгі үдеріске байқаушылар әрі бақылаушы, әрі куәгер ретінде қатысатындығын тілге тиек етті. Байқаушылар өз кезегінде сайлаудың объек­тивті, әділетті және адал өтуіне атсалысуы қажет. Керек десеңіз, сайлаудың заңға сәйкес ашық, әділетті өтуі байқаушыларға да байланысты болмақшы. Яғни, байқаушылар сайлау үдерісінің біртұтастығын қамтамасыз етеді. Семинар-тренинг кезінде байқаушылар­дың біліктілігін арттыруға байланысты мәселелер көбірек қозғалып, жиынға қаты­сушылардың көкейіндегі сансыз сауалға жау­ап берумен түйінделді. Жиында сөз алған баяндамашылар да оған қатысушылардың назарын сайлаудың ашық және заң нор­­маларына сәйкес өткізілуіне, қоғамдық байқаушылар институтының рөліне аударды. Сонымен қатар, аталған шара барысында байқаушылардың өкілеттіктері, құқықтары мен міндеттері жан-жақты талқыланды десе де болады. Семинар-тренингтің ұтымдылығы да осы тұста көрінді. Сайлауды байқау үдерісіне дайындық аясында Сайлауды байқау жөніндегі рес­публикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) елордалық байқаушылар үшін ұйым­дас­тырылған шараға СБРҚК мүшелері және Астана қаласы бойынша сайлауды бақылауға жәрдемдесу өңірлік орталығының қызметкерлері қатысты. Астана қаласы бойынша сайлауды ба­қылауға жәрдемдесу өңірлік орталығының басшысы Жұмағали Арыстан өткізіліп жатқан семинар-тренингке қатысты өз пікірін төмендегіше білдірді: – Астанада 170 сайлау учаскесі бар, яғни әрбір учаскеден бір-бір байқаушыдан сайлау күні 170 байқаушы қызмет етеді деген сөз. Бүгінгі семинар-тренингке қатысқан байқаушылар солардың қатарында болады. Бүгінгі күнге дейін 100 байқаушы семинар барысында тағылымдамадан өтті. Олар осындай жиын барысында алған білімі мен білігін сайлау күні іс жүзінде көрсететін болады, – деді ол. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».