22 Қаңтар, 2016

Мектепке санкция салынды

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Санкция» деген сөзден құлақ сарсыды. Бұл санкция дегеніңіздің жүрмейтін жері жоқ екен. Солтүстіктегі көршіміздің екі аяғын бір етікке тыққан бұл шіркін Сарыарқаның сайын даласында бұйығып жатқан Қарағой ауылында не жоғалтты екен? Ақтоғай ауданындағы Қа­ра­ғой ауылының бастауыш мек­тебі біліктілік талаптарына сай келмегендіктен жабылып, санк­цияның шеңгеліне ілікті. Неге десеңіз, аталған мектепте медици­налық бөлме медбикесімен қоса жоқ екен. Асхананы атамаса да болады. Құстың ұясындай ғана Қа­рағой мектебінде 8 оқушы, 2 мұ­­ғалім және 3 техникалық қыз­мет­кер болған. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қанат Бәкіровтің айтуынша, тиісті орын­дар аталған кемшіліктерді бұдан бір жыл бұрын анықтаған екен. Бірақ та, өзіне дейінгі бас­шы кемшіліктермен дер ке­зін­де күреспей, енді келіп салғырттықтың кесірі мектепке тиіп отыр... Жақында болған сот отырысы «Қарағой ауылының бастауыш мектебі» мекемесін әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Мектепке мемле­кеттің пайдасына деп 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (198 200 теңге) айыппұл салынды және ол бұдан былай білім беру ісімен айналысу құқынан айырылды. Қазіргі таңда жергілікті би­лік санкция салынған Қарағой мекте­бінің оқушылары мен ұстаздарын басқа білім ұясына орналастырумен айналысып жатыр. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы.