22 Қаңтар, 2016

Ел тұтас болмай, жер тұтас болмайды

437 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жер казахстанЕлдіктің ертеңін ойлағанда, бүгінгінің кедір-бұдыр кемшіліктері әдіра қалады. Біртұтас деген елдің іргесінен содыр саясаттың суық желі соққанда, ел ішінде кәдімгідей дүрбелең басталады. Оған Таяу Шығыстағы ауыр ахуал арқылы әбден көзіміз жетіп отыр. Кешегі біртұтас Украинаның бүгін Қырымнан айырылуы да көп жайды аңғартады. Аласапыран мына дүниеде әр елдің өзіне тиесілі несібесі болғанымен, ықпалдылардың басқалармен санаса қоюы қиын. Олардың өз мүддесі бар. Біздің де, Қазақ елінің де алдына қойған өзіндік жөн-жоспары бар. Алдағы күннен күткен арман-аңсардың да жөні басқа... Қараңғы бөлмеден қара мысық іздеген сияқты, АҚШ бастаған алпауыт елдердің Ирактан ядролық қару іздегенінен түк шықпады. Қару табылмады. Керісінше, ел іші бүлінді, бірнеше бөлікке бөлініп кетті. Білдей бір мемлекеттің басшысы жау қолынан қазаға ұшырады. Оның құнын сұраған кісі болған жоқ. АҚШ жағы ядролық қару табылмады деді де, қоя салды. Айт, айтпа, елдің іші бір бүлінгеннен кейін оны үйлестіру оңай емес. Қиюы кеткен келіссөздің ақыры қарапайым халықтың елден безіп, жатжұрттан пана іздеуіне тура келді. Сыртқы ықпалды күштердің Ирак халқын өзара қырқыстыруы, Саддам шыққан сүнниттің азшы­лығына көпшілік шииттерді қар­сы қойып, қалың шоғырланған күрд­терге дем беруі арқылы бейбіт өмір кешкен халықтың берекесі кетіп, туған жерінен безгендер қатары көбейді. Адам баласы өз ырысын өзі тебетіні рас сияқты. Қазекең «семіз­дікті қой ғана көтереді» дегенді бекер айтпаған болар. Әйтпесе, «адам көтереді» деп айтқан болар еді ғой. Олай дейтініміздің жөні бар. Басқасы басқа, ливиялықтардың бейбіт қана емес, бақуатты өмір сүргені де белгілі. Түлен түртті ме, әлде америкалықтардың айтағына ерді ме, әйтеуір ырысты тайқаза­нын Каддафидің қандастары өздері төңкеріп тастады. Каддафи билеген кезеңде Ли­вия халқы төмен деңгейде емес, төмен­дегі­дей деңгейде өмір сүріпті: Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 14 192 доллар; мемлекет тарапынан отбасының әрбір мүшесіне жыл сайын 1000 доллар шамасында дотация төленді; жұмыссыздық жәрдемақысы 730 доллар; медбикенің жалақысы 1000 доллар; әрбір туған нәрестеге 7 000 доллар төленеді; отау құрған жастарға пәтер сатып алу үшін 64 000 доллар сыйға тартылады; білім беру мен медицина тегін; автомобиль сатып алу үшін қарапайым адамдар үшін 50 пайызына дейін, халық жасағы жауынгерлеріне 65 пайызына дейін мемлекет төлейді; автомобиль және үй салып алу үшін несие пайызсыз беріледі; 1 литр бензиннің құны – 0,14 доллар. Керемет дерлік жағдайда өмір сүрген ливиялықтар қан­дай жұмақты аңсағанын кім білсін, әйтеуір «коммунизм орнатқан» көсемдерін қорғай алмады. Кө­сем­дерін ғана емес, өздерінің бақуатты өмірінен баз кешіп, жатжұрттықтардың қолшоқпарына айналғанын өздері де аңғармай қалды-ау... Осындайда халыққа та­ғылымын көрсе­тер ұлт зиялы­ларының мем­лекеттілік мәсе­лесі мен ұлттық идеология тө­ңі­­регіндегі ұстанымының жақын­дығы өте маңызды. Өткен тарих­тың ащы сабағы осыған үндейді. Қанша жерден елдік мүд­дені, ұлттың болашағын көз­деді дегенмен, төңкерісті жақ­тап, социа­лизмнің сойылын соққан қазақ тұлғаларының қимыл-әрекеті қайда апарып соқтырғанына куә болып отырмыз ғой. Төңкерісшілердің сая­си көзқарасы тұтас бір ұлт­тың қырғынға ұшырауына әкел­­ді. Коммунистік режімнің қазаққа әкелген жақсылығынан тартқызған зардабы көп екені қасірет жылнамасында жазулы тұр. Ақыры қалай болатынын бір Алла біледі, алайда, бүгінде Ресейді түсініксіздеу бір елес кезіп жүрген секілді. Осы орайда атап көрсететін бір жайт, Ресейде демократиялық күштердің үні бәсеңсіді. Осы жерді қор­ғау жолында, жат жұртқа тоқымдай жер бермес үшін бабаларымыз қынадай қырылды, қуғын-сүргінге де ұшы­рады. «Мың өліп, мың тіріле» жүріп ақырында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Көпвекторлы саясатқа жү­гінудің қиындығы осы тұста басталды, өйткені, «қам­қор­шылар» көбейе түсті. Бұрынғыдай ықпалды көршілерге қоса, енді әлемдік аренада «сөз қозғайтындар» да өзіне қарай жәукемдегісі бар. Былай қарасаң, БҰҰ бастаған іргелі ұйымдар төрткіл дүниеде болып жатқан оқиғаларға орай өз пікірін білдіріп жатады. Әйтсе де, іргелі ұйымның өзі де жар­насының 75 пайызын төлейтін АҚШ секілді ықпалды елдердің қанжығасында кететін сәті аз емес. Сол сияқ­ты, халық­аралық құқықтық нор­ма­лардың да аяқасты болып жатқанына куә болып жүрміз. БҰҰ бастауынан бұзылғаннан кейін басқа ұйымдар жөнінде не айтуға болады? Сол себепті іргелі ұйымдарға түбегейлі үміт артудың ақыры жаңсақтыққа ұрындыратыны сөзсіз. Демократияның көшін алға бастаған алпауыт елдердің өзі жеке мүддесіне келгенде адам құқығын аяқасты ете салатынын, миллиондаған адамның тағдырын құрбандыққа шалатынын көз көріп отыр ғой. Сондықтан басқа­лар жарылқайды деу балаң ойдан туған соқыр сенімнің серігі іспеттес. Кейде «ысқырығы жер жаратын ағайындар» демократияға, пікір алуандығына қатысты көңіл толмастығын жеткізіп жатады. Демократиялық үрдісі дамыған, пікір алуандығына әр берген мемлекеттердің сыртқы саясат мүд­де­сіне келгенде нені бүлдіріп отыр­ға­нына куә болып отыр емеспіз бе? Аме­рикалықтар «Ирак­тың, Ли­вияның, жалпы, Таяу Шығыстың халқын неге қырып жатырсыңдар» деп билігіне тоқтау неге салмайды? Мемлекеттік мүддеге келгенде, алпауыт елдердің халқы билігімен үнсіз келіседі екен... Басқалардың тәжірибесіне ден қояр болсақ, пікір алуандығы дегеніміз – сыртқы ықпалды күштердің ережесімен «ойнайтын», солардың ұпайын түген­дейтін пікірге басымдық беру деген сөз емес екен. Өйткені, қазірдің өзінде «орыстың оқуы өтіп кеткендердің» бүй­регі қайда бұратындығына көзі­міз әбден жетті. Батыстың «демократиялық құндылықтарын бойына сіңіргендер» де солардың «қасиетін» қазақ топырағынан көргісі келеді. Оның бер жағында араб әлемінің ықпалымен «та­за мұсылмандық жолды мұ­рат тұтқандар» да өздерінің ар­ман-мұратын жүзеге асыруға жанұшырып жүр. Осының бәрі елдің тұтастығына селкеу түсіріп, тіпті, сына қағуға дейін апаратын әрекеттер деп ашық айтуға тура келеді. Алаш қайраткері Амангелді Айталы­ның: «Әртүрлі мүдделерді үйлестіру, мемлекеттік тұрғын­дардан мемлекеттің азаматына айналдыру, территориядан елге айналдыру – біздің ең бас­ты мақсатымыз болды және бола береді», деп айтқаны бар еді. Біздің ойымыз да осыған қоңсылас қонады. Біртұтас территорияда өмір сүрген тұрғындар өз мемлекетінің нағыз азаматына айналмай, елдіктің тұтас болуы неғайбыл. Елдік тұтас болмаған жерде жердің тұтас болуы тағы қиын. Ендеше, нағыз отаншыл азаматты тәрбиелеу бағытында әртүрлі мүдделердің мемлекеттік мүдденің аясында үйлесім табуы ең маңызды мәселе болмақшы. Ел тұтас болмай, жер тұтас болмайды. Ендігі жерде қазақ ұлты бас болып, өзінің ынтымақ-бірлігін көрсетіп, бас­қа этнос­тарды айналасына топтастырып, шын мәнінде елдіктің тұтастығын қам­тамасыз ететін шараларды жалғастыра беруі тиіс. Ұраншылдық үшін емес, нағыз мемлекеттілікті орнықтыру үшін! Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Коллажды жасаған Амангелді Қияс.