19 Қаңтар, 2016

Серпіннен – серпіліске

357 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
IMG_4371Аяулым Әбілдаева Қостанай мемлекеттік педагогика институтындағы психологиялық-педагогикалық факультетінің екінші курсында оқиды. Өткен оқу жылы Тараз қаласында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша мақсатты грантты ұтып алды. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен ұзап шықпаған Аяулымға мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасының қойған шарттарының барлығы ұнады. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең», деген тәмсілді ата-анасынан, ұстаздарынан жиі еститін. Өзі ұстаз болуды, оның ішінде кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істеуді армандайтын. Қостанай мемлекеттік педагогика институтында өзі қалаған дефектолог мамандығын дайындайды екен. Ол осы білім ордасын қалады. Қазақ халқына Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин және осылай тізе беруге болатын ірілерді берген Қостанай өңіріне аяқ басатынына қуанды. Бұл Аяулымның арманына қанат бітіргендей болды. Мұндай талпыныс, мұндай арман, қуаныш тек Аяулым ғана емес, бүгінде Қостанай облысындағы төрт жоғары оқу орнында және 9 колледжде оқитын оңтүстік өңірде туып-өскен жастардың барлығының да бойын билеген еді. – Биыл «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 9 колледжде оңтүстік облыстардан келген 220 студент оқып жүр. Осы тоғыз колледждің ішінде екеуі – техникалық-эко­номикалық және әлеу­мет­тік-техникалық колледж­дер жекеменшік оқу орны болып есептеледі. Алайда, әңгіме оның меншік түрінде емес, барлығында бірдей студенттерге жағдай жасалған. Жатақханалар жөндеуден өт­кі­зілген, балалардың әлеу­меттік жағдайы, келген ор­таға бейімделуі де жақсы. Өйт­кені, оңтүстік аймақтан келгендердің арасында талантты, өнерлі жастар көп, – дейді облыстық білім бас­қар­масы басшысының тех­никалық және кәсіптік білім беру жөніндегі орынбасары Камил Ибрагимов. «Серпін-2050» бағдар­ламасы бойынша Қостанай өңіріндегі А.Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университет биыл 425 студент, Рудный индустриялық инс­­титуты 148, Арқалық педагогика институты 175 студент қабылдады. Ал Қос­танай мем­лекеттік педаго­ги­калық институтында былтыр мен биыл 279 студент білім алуда. – Серпіндіктерді облыста алғаш күтіп алған Қостанай мемлекеттік педагогикалық инс­титуты болатын. Оларды бір­­ден жатақханамен қам­тамасыз еттік. Ата-ана бауырынан ұзап шықпаған жастардың өңірге тезірек бейімделіп кетуі, білім ордасына үйренуі үшін оларды қоғамдық жұмыстарға тарттық. Негізі институтта сер­піндіктер туралы өзекті мәселе туындаған емес. Өйт­кені, осы бағдарламамен келген жас­тардың барлығына жуығы белсенді, жақсы оқиды, өнерлі, – дейді Қостанай мем­лекеттік педагогикалық институтының ректоры Қуат Баймырзаев. Расында, «Серпінмен» келген студенттер студенттік ортаны серпілткені бай­қа­лады. Серпіндіктер үшін білім ордаларында игі­­­лікті жұмыстар қолға алын­ды. Мысалы, Қос­та­­­най мемлекеттік универ­ситетіндегі тіл үйрену ор­та­­лығында бұрын қазақ жә­­не ағылшын тілі курстары бол­­са, қазір оған орыс тілі қо­сылыпты. – Оңтүстік өңірдегі қа­зақ мектебінен келген балалар үшін орыс тілі курс­ын аштық, оған 96 студент жазылды. Тілді тегін үйренеді. Университетте «Мәң­гі­лік ел жастары» клубы құ­рыл­ды, – деді Қостанай уни­верситетінің проректоры Ал­мас Әбсадықов. Рудный индустриялық университетінде серпіндік студенттер биылдан бастап жеті түрлі мамандық бойынша білім ала бастады. Жатақханасы жылы. Инс­титутта білім қу­ған жастар үшін заманауи жағдайдың барлығы жасалған. Бұл сер­піндік студенттер білім ордасына тез арада бейім­делуіне мүмкіндік жасады. Олар спорт секцияларына, шы­ғармашылық топтарға, яғни вокалды, би, интеллектуалды, по­этикалық, тілдік, КВН жә­не тағы басқа жұмыстарға тартылған. Мұның барлығы да студенттерді тек бейімдеу ғана емес, оларды болашақ бәсекеге қабілетті маман ре­тінде жан-жақты да­мы­ту­ға да ықпал етеді. Ал мақ­­сат­­ты грантпен оқып жат­қан болашақ ма­ман­дар­ды жұмысқа орна­лас­тыру «Сер­пін-2050» бағ­­дарла­ма­сының түпкілікті нәти­жесі болмақ. Бұл орайда, Рудный индус­триялық инс­титуты нақты жұмыстар жүргізіп отыр. – Серпіндік студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және болашақта жұмысқа қалдыру мақсатында өңір­дегі кәсіпорындармен байланыс жасап отырамыз. «Со­­колов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігі», «Қос­та­най минералдары» ак­цио­нер­­лік қоғамдары, «Қа­зақ­стан аллюминийі» ак­цио­нерлік қоғамының Крас­­­нооктябрь боксит кен бас­қармасы, «Өркен» жау­ап­кершілігі шектеулі серік­тестігінің Лисаков филиалы секілді ірі кәсіпорындары мен шағын және орта бизнес ор­талықтарына хат жолдадық. Бұл жұмысты аяғына жет­кізгенше жалғастыра береміз. Студенттермен де кездесу жа­сап, әңгімелестік, олар­дың барлығы да таңдаған ма­мандығы бойынша Қос­танай өңірінде еңбек етуге құлшыныс танытып отыр. Олар әлі төрт жылдай оқиды, уақыт бар, бар­лы­ғы да жұмысқа орналасады деген сенім үлкен, – дей­ді Рудный индустриялық инс­титутының ректоры Әбді­рахман Найзабеков. – Арқалық педагогика институтында бұрыннан да оңтүстік облыстардан келіп білім алатын жастар аз емес еді. Енді «Серпін-2050» ба­ғ­дар­ламасы бойынша олар­ға мол мүмкіндік ту­ды. Студенттер жылы, жайлы жатақханада тұрады. Торғай өңірінің бола­шақ ұс­таздарына барынша заманауи талаптармен білім, зия­лы тәрбие береміз, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ар­қа­лық мемлекеттік педагоги­ка институтының ректоры Сейтбек Қуанышбаев. «Серпін-2050» бағдар­ла­масы бойынша оқып жатқан студенттердің өз арасында да көңілге қонымды жұ­мыс­тар жүргізіледі. Әр оқу орнында олардың өз арасынан сардарлар сайланған. Олар серпіндік студенттерге ұйытқы болып, проблемалық мәселелерді көтеріп, оның шешімін табуға атсалыса­ды. Астана қаласында «Сер­пін-2050» жобасын жү­зеге асы­ру мәселелері бо­йын­ша отырысқа қатысқан Руд­ный индустриялық инс­ти­туты энергетика және ақ­параттық жүйелер фа­куль­тетінің сту­денті Оңдасын Әлиев Қостанай облысының аймақтық көш­басшы-сар­дары болып сайланды. Сар­дарлар кездесіп, жұмыс жос­парын жасап отырады. – Рудныйдағы кездесуден кейін біз Құрылыс кол­леджінде оқитын 25 студент «Ақжол» атты ұйым құрдық. Онда өзі­мізді дамыту үшін қандай игі іске талпыну ке­ректігін талдап, анықтап отырамыз. Бұл өте керек іс. 25 студенттің бар­лығы да ұл. Колледждің қо­ғамдық жұ­мыстарына белсене қа­тысамыз, әсіресе, спорттан өзімізді жарқырата көрсетсек деген мақсат бар. Алғаш келгенде 1 студент қана үздік оқитын еді, қазір олардың қатары алтау, өзімізді ширата түсудеміз, – дейді осы кол­ледж­дегі серпіндіктер сардары Бекзат Баржақаев. «Серпін-2050» бағдар­ла­масы бойынша келген студенттер оқитын оқу орын­дарының барлығында дерлік олардың қазақ тілінде білім алуына жағдай бар. Жақында Қостанай өңі­ріне іссапармен келгенде еліміздің Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев Қостанай мем­лекеттік педагогикалық инс­титуты шаңырағында «Серпін-2050» бағдарламасы аясында «Мәңгілік ел жас­тары – индустрияға!» жобасын іске асырып жатқан жоғары оқу орындары мен колледждер басшыларымен және студенттермен кездесті. Жүргізіліп жатқан жақсы іс­терге қанықты. – «Серпін-2050» бағдар­ламасының түпкі мақсатын тү­сінесіздер деп ойлаймын. Ең­бек резервтері ты­ғыз ай­мақтың балалары тегін білім алып, кадры аз аудан­дарға орналастырылады. Өмір­дің қай саласы болсын сол­түстік об­лыстарға маман керек. Мы­салы, мемлекеттік тап­сырыста педагогика маман­дықтары бойынша 5,5 мың орын бөлінеді. Соның 1050 орны тек «Серпін-2050» бағ­дарламасының еншісінде. Өйткені, солтүстік өңірге педагогика мамандары керек-ақ. Бұл – қыруар қаржы. Тегін білім, шәкіртақы, кол­­ледждегі студенттер үшін киімге дейін алынады, барлық студенттерге жы­­­лына үйіне екі рет барып келу үшін жолақысы да төленеді. Осының бар­лы­ғы болашақта еліміздің солтүстік облыстарындағы ма­мандар тапшылығын ше­шу мақсатынан туған. Оған бүгінгі студенттер де жауап­кершілікпен қарауы тиіс, – деді Тахир Балықбаев. Студенттердің барлығы да осы бағдарламамен тегін білім алатынына риза екен­дігін жеткізді. Олардың бо­йында елге, Отанға деген патриоттық құлшыныс та мығым. Оңтүстік жас­тары Қостанай өңіріне көк­темнің алтын күрек же­ліндей жылы леп әкелген тәрізді. Ертең білікті маман болып қалыптасатын, осында қалып, өсіп-өр­кендейтін олардың бола­шағынан жайқалған мәуелі бақтың қарасы көрін­гендей болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.