19 Қаңтар, 2016

Тағылымы мол тамаша кеш

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
С.ДосановКең байтақ Қазақстанда әртүрлі жиындар мен шығармашылық кештердің өтіп жатуы арнайы сөз ететіндей оқиға емес, десек те, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім айтқандай, жақында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың Түркия мен Әзербайжанда жарық көрген әйгілі «Ақ аруана» кітабының тұсаукесеріне және Түркияның аса беделді екі бірдей сыйлығын тапсыруға арналған әдеби кештің тағылымы мен тәрбиелік мәні зор болды. «Ақ аруананы» түрік тіліне аудар­ған түріктің көрнекті жазушысы Имдат Афшар Сәбит До­са­новқа Түркияның аса беделді екі бірдей сыйлығын – «Түрік әле­мі­не сіңірген еңбегі үшін» жә­не Тү­рік әлемі әдеби қорының «Әде­би кеңістікті кеңейткені үшін» сый­лық­тарын тапсырды. Осы әдеби кешке алыстан ат арытып келген Әзербайжан жазушысы Элхан Зал, Ресей Жазушылар одағы мен Мәс­кеудегі қазақ диаспорасының сә­лемін жеткізген Мәскеу универ­ситетінің профессоры, академик Серік Тойғамбаев, Қырғызстан Пре­­зиденті сыйлығының лауреаты, ту­ысқан қырғыздың шоң ақыны Мархабай Ааматов, Өзбекстанның көрнекті қаламгері Мехманқұл Ис­ламқұлов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Ғалым Жайлыбай, Алматы қаласы әкі­мінің өкілі Мамай Ахет, «Ақ жол» демократиялық партиясы төр­ағ­асының бірінші орынбасары, ақын Қазыбек Иса, Абай атындағы Қа­зақ Ұлттық педагогикалық уни­верситетінің ректоры, Алматы қа­­­лалық мәслихатының депута­ты Серік Пірәлиев, Қостанай, Ба­тыс Қазақстан облысы мен Ас­та­на қа­ла­сынан келген делегация өкіл­дері Сәбит Досановтың шы­ғар­машылығы, қоғамдық қызметі жайлы толымды ойлар толғады. Университет ректоры Серік Пір­әлиев ғылыми кеңестің шеші­мімен Сәбит Досановқа «Абай атын­дағы ҚазҰПУ-дың Құрметті профессоры» деген атақ берілгенін айтты, ал Қазыбек Иса жазушының омырауына «Қазақ хандығына-550 жыл» күміс медалін тақты. Жиын соңында сөз алған Сәбит Досанов елімізде бүгінгідей әдеби кештер мен мерейтойлардың өтіп жатуы Тәуелсіздік пен сол Тәуелсіздік туын тік ұстап келе жатқан Пре­зи­дент Н.Ә.Назарбаевтың дана сая­са­тының, еңбеккер қазақ халқы­ның кеңпейілдігі арқасында мүмкін болып отырғандығын айтып, «Бақы­тымызды бағалай білейік!» деп түйді өз ойын. Әсем әнмен әрленіп, күмбір­леген күміс күймен көмкерілген бұл кеш той тойлау ғана емес, көр­некті тұл­ғалар ой толғаған тәр­бие­лік мәні зор, тағылымы мол тамаша кеш болды. Назар ҚАСЫМ.