19 Қаңтар, 2016

Қытайда үшінші орталық ашылды

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Далянь шет тілдері университеті ж­анындағы Қазақстанды зерттеу орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл шара елшінің Далянь қаласына жұмыс сапары барысында жүзе­ге асты. Орталық Далянь шет тілдері университетінде (ДШТУ) Қазақстанның Елшілігі мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің (ОҚМУ) жәрдем­десуімен құрылған болатын. Орталық қазақ тілі мен қазақ мәдениетін және өнерін зерделеуде, сонымен қатар, студенттер мен оқытушыларды Қазақстанның қалыптасу тарихы және қазіргі тыныс-тіршілігі туралы ақпараттандыруда жәр­дем көрсетеді. Ал орталық­тың ашылуында елші жергі­лік­ті академиялық топтар мен қазақстандық және шет­ел­дік студенттердің алдын­да сөз сөйлеп, аудиторияны «Қа­зақстан-2050» Страте­гиясы, «Нұр­лы Жол» Жаңа Эконо­ми­калық Саясаты, Елбасының «Қа­зақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауымен Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт Жоспары және Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев алға қойған елдің басқа да әлеуметтік-экономикалық, сондай-ақ, саяси дамуына қатысты міндеттермен таныстырды. Іс-шараға ОҚМУ-дің ректоры Жұмахан Мыр­халықов пен ДШТУ басшылығы қатысты. Далянь қаласына сапары шеңберінде Ш.Нұрышев ДШТУ ректоры Лю Хунмен кездесті. Тараптар ДШТУ мен Қазақстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, екіжақты негізде және ШЫҰ университеті шеңберінде алдағы әрекеттесу жайын талқылап, Далянь уни­верситетінде қазақ тілінің кафедрасын ашу мүмкіндігі жөнінде пікір алмасты. Далянь шет тілдері универ­ситеті жанындағы «Қазақстанды зерттеу орталығы» Шанхай шет тілдері университеті (2015 жылғы 16 қарашада ашылды) мен Бейжің шет тілдері универ­ситеті жанындағы (2015 жылғы 13 желтоқсанда ашылды) орта­лықтардан кейінгі үшінші орталық болып табылады. Мұндай оң үдеріс Қытай­дың ғылыми қауымы мен қоғамы­ның Қазақстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. «Егемен-ақпарат».