19 Қаңтар, 2016

«Барыстың» жеңісті жолы

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Барыс-2Бұрнағы күні «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасы шең­берінде өз айдынында Нижний Нов­городтың «Торпедосын» қа­был­дады. Тартысты өткен кездесу нәтижесінде астаналықтар 5:2 есе­­­бімен басым түсіп, маусымдағы 25-жеңістеріне қол жеткізді. Ойынның есебі бірінші кезеңнің соңғы минутында ашылды. Найджел Доус пен Брэндон Боченски ұйым­дас­тырған шабуылға нәтижелі нүкте қойған Дастин Бойд матч­тағы алғашқы голдың ав­торы атанды. Бұл кезде «Ба­рыстың» бір ойыншысы артық болғанын атап өткен жөн. Екінші кезеңді Андрей Назаровтың шәкірттері өте бел­сенді бастады. Нәтижесінде 25-минутта елордалықтар екі бірдей шайба соғып, есепті 3:0-ге жеткізді. Атап айтқанда, алдымен Майк Ландин кезекті рет ойыншы басымдығын жү­зеге асырса, арада 45 секунд өткенде, Константин Романов мергендігімен көзге түсті. Алай­да, қонақтар екінші үзіліске дейін есепті бір шайба айырмасына қысқартуға мүмкіндік тапты. 31-минутта Артем Аляев ойыншы басымдығын пайдаланып, командасының алғашқы голын соқты. Ал кезеңнің соңғы минутында Максим Осипов «Барыс» қақпашысы Ян Лацодан айласын асырды. Соңғы кезең тағы да біздің команданың голы­мен бас­талды. Үшінші рет ойыншы ба­сым­дығын сәтті пайдаланған «Барыс» хоккей­шілері Конс­тантин Пушкаревтің көмегімен қарсыластар қақпасына төр­тінші шайбаны енгізді. Тар­тысты кездесудің нүктесі 57-ми­нутта қойылды. Бос қақ­па­ны дәл көздеген Дастин Бойд дубльдің авторы атанып қана қоймай, командасын айқын жеңіске жеткізді. Бүгінде 51 ойыннан 75 ұпай жиған «Барыс» Шығыс конференциясында 7-орында келеді. Команда келесі кездесуін 19 қаң­тарда Астанада Минскінің «Динамосымен» өткізеді. Еламан Қоңыр, «Егемен Қазақстан».