19 Қаңтар, 2016

«Қазақстан Республикасы Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің МӘЛІМДЕМЕСІ

641 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Біз, Қазақстан Республикасы Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлерін біріктіретін ұйым мүшелері депутаттардың Мәжілісті таратып, Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауларын кезектен тыс өткізу туралы бас­тамасын қолдаймыз. Қазақстан жаһандық дағдарыстың күшейген шағында ауқымды институттық реформалардың Ұлт Жоспары мен дағдарысқа қарсы стратегияны жүзеге асыруда. Тұтас қазақстандық қоғамның тиімді, әрі үйлесімді жұмыс істеуі көзделген іс-шараларды табысты іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Парламент – қоғамның ең беделді және ықпалды мүшелерін біріктіретін басты алаңдардың бірі. Бұл ретте сайлауды кезектен тыс өткізу елдің халық қалаулыларына жаңа сенім мандатын беруіне, сол арқылы халықтың барлық әлеуметтік топ өкілдеріне қолдауына ие болуына, сонымен қатар, жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға мүмкіндік береді. Біз, жергілікті қақтығыстар ардагерлері қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайту, Жаңа Қазақстандық Патриотизмді қалыптастыру және жастарды Отан алдында парызын мүлтіксіз атқару рухында тәрбиелеу бағытында белсенді жұмыстар атқарамыз. Бұл тұрғыдан алғанда Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлаулары «Мәңгілік Ел» болу жолындағы аса жауапты кезеңге аяқ басқан сәтте қоғамның бірлігі мен тұтастығын, жалпы алғанда, экономика мен мемлекеттің нығая түсуін қамтамасыз ететініне сенімдіміз. Сол себепті, біз қоғам өміріне бейжай қарамайтын барлық қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерді депутаттардың бастамасын қолдауға және шешім қабылданған жағдайда адал да ашық сайлау өткізуге дайын болуға шақырамыз.