19 Қаңтар, 2016

Мәскеудегі тұсаукесер

273 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_7793Қазақстанның Мәскеу қаласында орналасқан Ресейдегі елшілігінде «Тамаша адамдар өмірі. Өмірбаян жалғасуда» сериясы бойынша «Нұрсұлтан Назарбаев» деп аталатын кітаптың тұсаукесері болып өтті. Кітап «Молодая гвардия» баспасынан басылып шықты. Кітаптың авторлары – Еура­зиялық экономикалық комис­сияның Энергетика және инфра­құрылымдар алқасының мүшесі (министр), саяси ғылымдар док­торы Тайыр Мансұров пен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, қа­зақстандық «Простор» әдеби жур­налының бас редакторы Валерий Михайлов. Басылым, шын мәнінде, жаңа, тәуелсіз Қазақстанды құрушы деп әділ саналатын адамға арналған. Кітаптағы негізгі лейтмотив оның өмір жолы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдерімен қатар жүрді деген ұстанымға саяды. Нағыз стратегиялық таланты мен салмақты саяси тәжірибесі, бү­кіл дүниежүзіне белгілі бастамалары, адамды өзіне тартып, баурап алатын ашық-жарқын мінезі Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі заманның аса көрнекті саясаткерлері мен мемлекет қайраткерлерінің бірі ретінде жоғары мәртебемен қамтамасыз етті. Қазақстан Президентінің пор­третіне әрбір жаңа штрихтар басты мәселе – талмай еңбектеніп, алдына қойған мақсаттарына қол жеткізген және әлемдік ауқым­дағы қайраткерге айналған адамды көрсетуді көздейді. Кітап Қа­зақ­станның жаңа тарихының негізгі сәттерін көрсететін бай материал­дар мен суреттерден тұрады. Ба­сылым Нұрсұлтан Назарбаевты тек қалыптасқан саясаткер ретінде ғана суреттеп қоймай, сондай-ақ, оның отбасы туралы айта келіп, мектепте оқыған кезі, жастық шағы туралы баян етеді. Тұсаукесерді аша келіп, Қазақ­станның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин аталған кітаптың Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаткер, көреген стратег, терең ойшыл ретіндегі тұлғалық өмірбаянын жан-жақты ашып көрсететінін атап өтті. Кітаптың Қазақстанның ел Президенті жүйелі түрде айқын­дап берген жаңғыртудың жаңа кезеңіне аяқ басқан сәтінде шығуының нышандық мәні жоғары. 2016 жылдың 1 қаңтарынан мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты тұрғыдан жаңа институттық және құқықтық орта қалыптастыратын «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парын практикалық жүзеге асыру үдерістері басталды. Ұлт Жоспары – өзіне қазіргі заманның, жаһандық тұрғыдан алғанда, экономикалық, технологиялық және саяси трендтерін сыйғызған бағдарлама. Мемлекет басшысы ұсынған жаңғыртулар ауқымы түбегейлі түсінуді талап етеді. – Менің пікірімше, басталған жаңғыртулар өзінің ауқымы жөнінен 1990 жылдардағы, яғни Қазақстанның алғашқы жаң­ғыр­тулары кезіндегі реформаларға бара-бар, – деді М.Тәжин. – Сол кезеңдегі тар жол, тайғақ кешулер аталған кітапта егжей-тегжейлі және қызықты баяндалған. М.Тәжин авторлар мен кітап баспагерлеріне ризашылығын білдіре келіп, оның тек тарих­шыларға, архившілерге, сарап­шыларға ғана емес, сондай-ақ, оқырмандардың кең көлеміне арналғанын айтып өтті. «Молодая гвардия» ААҚ-тың бас директоры Валентин Юркин бұл кітаптың шығуы оның баспагерлері үшін үлкен құрмет екенін атап көрсетті. «Қазіргі өмірбаянда тамаша бір тарихалды мәселе бар, – деп еске салды ол. –1991 жылы біздің баспамыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы» деп аталатын алғашқы кітабы жарық көрді. Сонда Президент елдің қиын да күрделі жағдайларда ыдырағанын соқырға таяқ ұстат­қандай етіп, шынайылықпен негіздеп берді». В.Юркиннің сөзіне қарағанда, жаңа кітап Қазақстан Көшбасшысының өз рес­публикасын түбегейлі жаң­ғырту жөніндегі бірегей өмір жолы мен кең ауқымды мем­лекеттік қызметін көрсетеді. Т.Мансұров Президент Н.Назар­баев туралы көптеген кі­тап шық­­қан­дықтан, автор­лардың ал­дын күр­­делі міндеттер кес-кесте­генін атап өтті. Оның айтуынша, шыққан өмірбаяндық кітапта бұрын көпшілікке беймәлім көп­теген қызықты фактілер кел­тіріледі. – Бұл біздің үлкен саясаткер мен тұлғаны түсінуге деген ұмты­лысымыздың жемісі, – деді өз кезегінде В.Михайлов. – Жазылған кітапта маған Қазақстанда туға­ным, Нұрсұлтан Әбішұлы еңбек жолын бастаған Теміртауда жиі болғаным көмектесті. «Казах­станская правданың» бас редакторы болып тұрған кезімде маған Президентпен бірге осындай кең ауқымды тұлғаны сезінуге мүм­кіндік берген көптеген сапарларда бірге болудың сәті түсті. В.Михайловтың пікірінше, бұл кітаптың құндылығы оны қа­зақстандықтардың жазға­нында болып табылады. «Пре­зи­дент туралы кітаптар көп жазылғанымен, менің пайымдауымша, шетелдік авторлардан айырмашылығымыз, біз, қазақстандықтар, Президенттің тұлғалығын, соңғы кездері біздің республикамыз басынан өткерген оқиғаларды әлдеқайда жақсырақ түсінеміз», – деді ол. Ресей Тауар өндірушілер ода­ғының президенті Олег Сосковецтің пікірінше, тұ­сау­ке­сері өткізіліп отырған кі­таптың басқа көптеген басылымдардан айырмашылығы Президенттің өмір жолының нақтылығында болып табылады. Өйткені, авторлар фактілер мен оқиғаларды Мемлекет басшысымен жеке байланыстары барысында өз көз­дерімен көрген. «Авторлар оқи­ғаларға қатысушылар ғана емес, сон­дай-ақ, өз жазбаларының кейіп­керлерімен жеке қарым-қа­ты­нас жасағандықтан, оларға қалам­дарынан туған дүниелері үшін үлкен жауапкершілік жүктеледі», – деп атап көрсетті О.Сосковец. Көрнекті Ресей дипломаты және мемлекет қайраткері Борис Пастухов тұсаукесер кезінде сөй­леген сөзінде авторлардың қазіргі заманның ұлы қайраткерінің бейнесін сомдағанын, осы ар­қылы Қазақстан халқының да ұлылығын көрсеткенін атап өтті. «Қазақстанның жаңа тарихын зерттеуші кез келген адам көптеген құжаттар арқылы нақты жазылған осы кітапқа жүгінетіні сөзсіз, – деп мәлімдеді Б.Пастухов. – Кітапты оқып шыққаннан кейін мен өзімнің Қазақстан туралы аз білетінімді түсіндім». Оның сөзіне қарағанда, кі­тап­та Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының қалыптасуы, оның болашағы туралы егжей-тег­­жейлі баяндалады. «Кітапта Қазақ­станның бүгінгі қол жет­кізген табыстары Нұрсұлтан Назарбаев феноменімен байланыс­ты­ры­лады», – деп қорытты сөзін Б.Пастухов. Тұсаукесерге қатысушылар кі­­таптың өз оқырмандарын табатынына сенім білдірді. Баспа­герлердің айтуынша, кітап қа­зірдің өзінде Ресейдің жетекші кітапханаларына, сондай-ақ, Ұлыбританияның, Германияның, Италияның, Испанияның, АҚШ-тың және ТМД елдерінің бел­гілі кітапханаларына жіберіп үлгерілген. Сәулебек БІРЖАН.