14 Қаңтар, 2016

Батыл қадам

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
0001-234Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Парламент Мәжілісі депутаттарының Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасына орай брифинг өтті. Оған Еуразиялық ықпалдастық институтының директоры, Саясаткерлер конгресiнiң төрайымы Жанаргүл Құсманғалиева мен Қазақстан саясат институты директорының орынбасары Владимир Тельнов қатысты. Қос сарапшы да депутаттардың бастамасына қолдау білдіріп, халық қалаулыларының Үндеуді дер кезінде жолдағандарын айтты. Бұл жөнінде Ж.Құсманғалиева: «Мәжiлiс депутаттарының бастамасы өте дұрыс шешім. Себебі, бұл жерде қазіргі халықаралық ахуал ескеріліп отыр. Бүгінде әлемдiк экономикадағы дағдарыстың салқыны барлық мемлекеттерге тиюде. Мамандардың сөздеріне қарағанда, келешекте жағдай бұдан да қиындай түспек. Сондықтан, дағдарыстың жаңа толқынына дайындалуымыз керек. Қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары осы қиындықтарға жауап беретiн бағдарлама. Ал, оны iске асыру үшiн билiктiң барлық тармақтарының, атап айтқанда, атқарушылық, заңнамалық, сот және жергiлiктi жерлердегi билiктiң үйлесiмдi жұмысы қажет. Бұл жағдайда депутаттардың сенiмнiң жаңа мандатын алуы және Ұлт Жоспарын жүзеге асыруы аса маңызды. Сондай-ақ, дағдарыстың алдында электораттық циклге уақыт жұмсамау да дұрыс шешім болар едi», – деді. Сол себепті, ол депутаттардың Мәжiлiс пен мәслихат депутаттары сайлауының электораттық циклiн бiрiктiру жөнiндегi ұсынысы қолдауға лайық екенін айтты. Ал өз кезегінде В.Тельнов шикізат бағасының күннен-күнге құлдырап, геосаяси жағдай күрделенген тұста осындай батыл қадамға бару көрегенділікті қажет ететінін тілге тиек етті. «Қазіргі таңда жаһандық дағдарыс дамыған алдыңғы қатарлы елдердің өзін қыспаққа алуда. Шикізаттың бағасы да күн сайын арзандап барады. Бірнеше елдің ұлттық валютасы долларға шаққандағы есеппен девальвацияға ұшырап жатыр. Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінде болып жатқан ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар да өзекті мәселелер қатарында. Соған қарамастан, Қазақстан 25 жылдың ішінде дағдарыстың қай түрін болсын еңсеріп келеді. Әрине, оның бәрі Елбасының салиқалы саясаты мен стратегиялық жоспарының арқасы. Бүгінде индустриялық-инновациялық дамудың екінші кезеңі басталды. Одан бөлек, алдымызда «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен бес институттық реформаны жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан, депутаттар мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы Үндеу жолдады. Халық қалаулылары стратегиялық жоспарларды жүзеге асыру үшін осындай маңызды қадамға барды», – деді В.Тельнов. Айта кетейік, Мәжіліс депу­таттарының бұл бастамасын қоғам қайраткерлері мен белгілі сарапшы мамандар қызу талқылап, оны қолдау ең ұтымды шешім екеніне тоқталуда. Бұл жолы да қазақстандықтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» әрекет ететініне сенеміз. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».