14 Қаңтар, 2016

Үндеу ел талқысында

326 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ERA_5789+Мәжіліс депутаттарының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына төменгі палатаны мерзімінен бұрын тарату және мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу туралы Үндеу жолдауы қоғамымызда қызу қолдау тудыра бастады. Бұл мәселе, әсіресе, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ, ақпараттық кеңістікте өзіндік орны бар порталдар мен сайттарда белсенді талқылануда. Әрине, олардың барлығын қамтып шолу жасау қиын. Сондықтан да, біз елімізге танымал бірқатар ақпарат агенттіктерінің аталған Үндеуге қатысты жариялаған материалдарына назар аударуды жөн санадық. «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігі Мәжіліс депутаттары тарапынан жолданған Үндеуге қатысты «Депутаттар Президенттен Мəжілісті таратуды сұрады» деген тақырыппен ақпараттық хабарлама жариялады. Бұл жарияланымда Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Әбдіровтің: «Біз үш партия өкілдері Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату жөнінде бастама көтеріп отырмыз», – деген сөзіне баса назар аудара отырып, депутат Қазақстан коммунистік халық партиясының жетекшісі Владислав Косаревтің жоғарыда айтылып өткен Үндеуге байланысты пікірлеріне тоқталған. Хабарламада В.Косаревтің Парламент Мәжілісін таратып, жаңа Парламент сайлауын өткізу туралы бастама елімізде жаңа реформаларды жүзеге асыруға кірісу, сондай-ақ, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін қолға алынып отырғаны жөніндегі пікіріне екпін берілген. Бұған қоса, депутаттың Мәжіліс пен мәслихат сайлауларын біріктіріп өткізу жөніндегі ұсынысты толық қолдайтыны тұрғысындағы ойы да аталған хабарламада атап көрсетілген. ҚазТАГ Сол сияқты, ҚазТАГ та депутаттардың Үндеуіне үн қоса келіп, бастамашы топтың Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауын өткізудің өзектілігіне қатысты ұсыныс-пікірлеріне назар аударған. Ал Tengrinews.kz сайты өз ақпа­ра­тында «Біз бесінші шақырылым де­пу­тат­тарының өкі­лет­тілігін дереу доғаруды сұраймыз», деген депутат Владислав Косаревтің ұсынысын алға тарта отырып, оның: «Біріншіден, қазіргі Мәжіліс Ұлт Жоспарының заңдық негізін жасай отырып, тарихи міндетін орындады. Парламент 80 заңды қабылдап, Президенттің реформасына сәйкес жол картасын жасады. Қазіргі тарихи жаңа кезеңде партиялардың сайлаушылардың сеніміне кіргені маңызды», деген пікіріне мән беріпті. Бұған қоса, Tengrinews.kz сайты В.Косаревтің «Дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін қоғамдық бірігу керек. Тек бірлік пен бірге әрекет етудің арқасында ғана жаңа экономикалық соққыға төтеп бере аламыз. Реформаларды барлық деңгейде жүзеге асыруда әрекетімізді үйлестіру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихат сайлауымен біріктіру керек. Бұл дағдарыс кезінде сайлауды өткізуге жұмсалатын қаражатты үнемдеуге көмектеседі. Осыған байланысты біз Мемлекет басшысынан Қазақстан Парламенті Мәжілісінің V шақырылымын мерзімінен бұрын тарату туралы Жарлықты қабылдап, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді сұраймыз», деген сөзіне назар аударыпты. Бұдан бөлек, аталған сайт депутат Азат Перуашевтың «Ақ жол» фракциясы Парламент Мәжілісін таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдайды», – деген пікірін жұртшылық назарына ұсыныпты. Сайтта жазылғандай, А.Перуашев: «Бұл қадам Президенттің Бес реформасы мен дағдарысқа қарсы стратегия­ны сенімді жүзеге асырып, халықтың сеніміне ие болатын жаңа Парламент құру үшін маңызды. Халықтан осындай күрделі кезеңде қай партияға сенім артатынын сұрайық. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу қазір бізге ауадай қажет. Сондықтан да, біз «Нұр Отан» партиясы және Қазақстанның коммунистік халық партия­сымен бірге, Мемлекет басшысына Үндеу дайындадық. Бүгін барлық саяси партиядан және қоғамдық бірлестіктерден біздің осы бас­тамамызды қолдауды сұраймыз», депті. Ал өз кезегінде ҚазАқпарат та Парламент Мәжілісі депутаттарының жаңа сайлау тағайындау туралы бастамасына қатысты көптеген хабарламалар жариялады. Негізінен, ҚазАқпарат депутат Нұрлан Әбдіровтің айтқан ұсыныс-пікіріне басымдық беріпті. Агенттік Н.Әбдіровтің: «Бүгінде жаһандық жүйелі дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті, дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда. Әлемдегі күрделі геоэкономикалық және геосаяси ахуал халықаралық шиеленістің артуымен, жаңа қақтығыс ошақтарының пайда болуымен, лаңкестік қауіп-қатердің күшеюімен қатар өрбуде. Қазақстан егемен ел ретінде дамып келе жатқан 25 жылдың ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келді және біз олардың барлығына лайықты тойтарыс бере білдік. Тіпті, біз ондай кезеңдерді әрдайым дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығудың мүмкіндігі ретінде пайдалана білдік. Сол себепті, біздің еліміз әрқашан, әрбір дағдарыстан жаңғырған, қуатты ел болып шығып келеді», деген сөзін келтіріпті. Сондай-ақ, Н.Әбдіровтің: «Елбасы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында еліміздің тек әлемдік дағдарысқа қарсы тұруы жөнінде ғана емес, жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында дамуы туралы стратегиясы мен нақты Ұлт Жоспары бар. Бүгін кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Осыған байланыс­ты қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін біз, 5-ші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа тағайындау сайлау туралы бастама көтердік», деген сөзі де ҚазАқпараттың назарынан тыс қалмапты. Бұлардан бөлек, ҚазАқпарат қоғам қайраткерлерінің, сарапшылардың Үндеуге қатысты айтқан пікірлеріне де кеңінен тоқталыпты. Мәселен, агенттік Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Қуаныш Балтабаевтың депутаттардың бас­тамасына байланысты пікірін ұсыныпты. «Мәжіліс депутаттары бүгін Президентке мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсыныс жасау арқылы саналы шешім қабылдады. Олар өз мәлімдемесінде бүгінгі халықаралық саяси және экономикалық жағдай Қазақстанға тізгінді бос жіберуге мүмкіндік бермей отырғанын, биліктің үш буынын жұмылдыру қажеттігін атап өтті. Мәжілістің жаңа құрамын жасақтап, еліміздің дағдарысқа қарсы іс-жоспарын жүзеге асыруға кірісу керек», дейді Қ.Бал­табаев. Оның айтуынша, осы Үндеу қолдау тапса, алдағы Мəжіліс сайлауына сая­си партиялар қатысып, белсенділігі артады. Baq.kz сайты да Мәжіліс депутаттарының бастамасына лайықты үн қосып, тұшымды ұсыныс-пікірлер айтқан азаматтардың сөздерін молынан ұсыныпты. Мәселен, Baq.kz сайты жазғандай, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Парламент депутаттарының Мәжілісті тарату және Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасына қолдау білдіргенін жазыпты. Тарата айтар болсақ, жасотандықтар аталған сайт арқылы өздерінің: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жастар – ел болашағы» деген сөзін біз әрдайым жадымызда тұтып, тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы қадамдары қарышты болуына өз үлесімізді қосып келеміз. Біз Елбасы сенім артқандай білімді, білікті, отаншыл азаматтар болу жолында еңбек етуге дайынбыз. Еліміз біздің азат елдің арқалы азаматтарына айналуымызға бар қамқорлықты жасап отыр. Заманауи білім ордалары мен денсаулық сақтау нысандары салынып, олар соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылуда. Жастардың әлемнің әр қиырындағы ең үздік оқу орындарында білім алуына толық мүмкіндік жасалған. Біз ертеңімізге сеніммен қараймыз. Әлемдік экономикадағы қиындықтарға алдын ала лайықты жауап берген Қазақстан бұл кедергілерден тың қуатпен, жаңарған ел ретінде шығарына сенімдіміз. Жаһандық дағдарыстың жаңа толқынын абыроймен еңсеру үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы саясатын және мемлекетімізді жаңғыртуға серпін беретін 5 институттық реформаны іске асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындауға жаңадан сайланған Парламент сүбелі үлес қосады деп санаймыз. Біз, «Жас Отан» жас­тар қанаты еліміздегі ең ірі жастар ұйымы ретінде барша қазақстандық замандастарымызды маңызды бастамаға үлес қосуға шақырамыз», деген лебіздерін білдіріпті. Қорыта айтқанда, депутаттардың аталған Үндеуінің қоғам тарапынан қызу қолдау тауып отырғанын аңғартатын мақалалар, хабарламалар, қарапайым тұрғындардың оңды пікірлері интернет кеңістігінде көптеп жариялануда. Бұдан біз ел ертеңі үшін көтерілген игі бастамаға қоғамымыздың бей-жай қарамай отырғанын ұғамыз. Дайындаған Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».