14 Қаңтар, 2016

Мемлекетті кәсібилендіру – отыздыққа енудің негізгі тетігі

253 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
2226_okoЖуырда ғана баспасөз беттерінде жарияланған Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты еңбегінің алғашқы кіріспесі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруден бастау алып отыр. Демек, Елбасының алдында мемлекеттік аппараттың құрамдас бөлігі болып табылатын мемлекеттік қызметшінің елдің дамуы кезеңінде атқаратын рөлі ерекше екені сөзсіз. Себебі, өз ісін жетік білетін, білімді әрі білікті, талантты, өз мамандығына адал мемлекеттік қызметшілер елге қызмет етпейінше, бұл ауқымды шараларды іс жүзіне сапалы асыру мүмкін емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 7 жаңа бағыты бар мемлекетті кәсібилендіруге басымдық берілген еңбегі ел келешегінің табысты болуына жетелейтін еліміз үшін айрықша және жоғары стратегиялық құн­дылыққа ие деп есептеймін. Өйткені, Мемлекет басшысы өз сөзінде «Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тә­жі­рибесі есепке алына отырып құралады. Мансаптық са­ты­ның әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады», деген болатын. Шынында да, мемлекеттік қызметте бүгінгі таңда кәсібилік аса қажет болып отыр. Өз кезегінде мемлекеттік аппаратта қабылданатын шешімдер салиқалылықты, жауапкершілікті, тәжірибелілікті қажет етеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қыз­метке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болмақ. Соған сәйкес, жұмыс тәжірибесі мем­лекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мемлекеттік қызметке қабылдау тек конкурстық не­гізде ғана жүзеге асырылады. Осы­лайша, меритократия қағи­даттары іргетасының берік қала­нуына өз ықпалын тигізеді. Меритократия қағидаттарын қорғауда және аталмыш салада асыра пайдаланушылықты болдырмауда жұмысты жүйелендіру аса маңызды. Меритократия барлық мемлекеттік секторларға негізгі қағидат болуы тиіс деп есептеймін. Жергілікті орындарда кәсіби мемлекеттік аппарат жақсы жұмыс істейтін болса, онда арыз-шағымдар орталыққа ағылмас еді. Әрбір мемлекеттік қызметшінің еңбек нәтижесі және жұмыс ауқымына қарай ақы төлеу болатын болса, сонымен қатар, қызметтік пәтер берілсе, онда қызметкер еш нәрсеге алаңдамай, өз жұмысына құлшына кірісіп, оны зор жауапкершілікпен атқарады. Бір белестен екінші белес­терді ала отырып, дамудың нақ­ты бағдарлары және айқын да салмақты стратегияларды бел­гілеп алға ұмтылып, басты меже алдыңғы қатарлы 30-дыққа ену үшін қажырлы да жасампаз еңбек ету қажет. Бұл жан-жақты даму Қазақстанды жаңа жоғары стандарттарға жақындатады. Сонымен, жаңа реформа нә­тижесінде мемлекеттік қыз­метке әрбір кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау үшін жаңа сынақтар енгізіледі. Сала мамандарын іріктеудің тәртібі күшейтіледі. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталады. Мемлекеттік қызметтің мәр­тебесіне деген құрметтің төмен сатылы қызметтік орындардан басталуы лауазымды тұлғаның қан­дай қиындықта да тығырықтан алып шығар оңтайлы шешім қабылдауына, ұжымды ұйыта білуіне негіз болады. Мемлекеттік қыз­метшінің жұмысын бағалау үшін автоматтандырылған жүйе­нің енгізілуі құптарлық деп санаймын. Барлық мемлекеттік органдарға қатысты «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі бөліктен құралады, оның біріншісі – мөлшері бекітілген негізгі еңбек­ақы, ал, екінші бөлігі – жұмыс нәтижелері бойынша берілетін бонустардан тұрады. Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланып отыр. Айта кету керек, бүгінде «Б» кор­­пусына кіретін мемлекеттік қыз­метшілердің еңбекақысы 2016 жылдан бастап жоғарылайтыны қуантарлық жағдаят. Жаңа этикалық ережелерді енгізудің кезі пісіп-жетілді. Мем­лекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына ай­рықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, оның айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Осы бағытта жүзеге асырылатын жұмыс­тар­дың ауыр жүгі – жаңадан құ­рыл­ған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құры­лымындағы – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросына жүктеледі. Бұл тұста, шенеуніктер орта­сында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдай­лардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылып, мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасақталды. Сондай-ақ, жаңа институт – этика бойынша өкілетті өкілдер институтын құру көзделіп отыр. Олар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін болады. Жал­пы алғанда, әрбір мемлекеттік қызметші қоғамда, ортада, тіпті, өз отбасында да мәдениеттің ең шы­ңы болған этикалық мінез-құлықтың жарасымды үлгісі болуы тиіс. Әсіресе, басшылар мен жұмыскерлердің арасында ын­тымақтастық қарым-қатынас болғаны дұрыс. Адамзатқа ертеден таныс сы­байлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Осы құбылыспен күресу тек мемлекеттік қызмет жүйесінде ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, жем­қорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Яғни, жаңа қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы құқық қорғау органдарына тән функцияла­рын ғана қамтымай, сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу, сақ­тандыру, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауға негізгі басымдықтар да берілуде. Бұл өз кезегінде асқынып кеткен ауру салдарымен күрес емес, керісінше, оның алдын алу шараларын іске асыру арқылы қоғамның дертін түбегейлі жоюға өз септігін тигізеді. Жаңа заң негізінде «Б» кор­пусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу туралы Елбасының шешімі – барлық мемлекеттік қызметшілерге қатысты бірден-бір толғандыратын сұрақтардың бірі. Бірақ, аттестация науқанынан қорқудың еш қажеті жоқ. Өйткені, бұл кезең – өз жұмысының нағыз мамандары үшін кәсіби біліктілігін көрсететін мүмкіндік. Ал, жұмысында әйтеуір уақыт өткізу үшін жүргендер болса, әрине, ойланулары тиіс. Өйткені, аттестация – алғырларды анықтау үшін жасалып жатқан сынақ. Ұлт мүддесін өз ұстанымынан жоғары қойған ұлт перзенті Әли­­хан Бөкейхан «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», деп айтқандай, қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітілген аттестация­да – мемлекеттік қызметшілердің тек білімі ғана емес, сонымен қатар, мінез-құлық қасиеттері мен этикалық-моральдық нормалары да негізге алынатын болады. Сондықтан да Ұлт Жоспарын шынайы өмірге ұластыру әрбір мемлекеттік қызметшілердің бас­ты міндетіне айналуы тиіс. Берік БЕКЖАНОВ, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент басшысының міндетін уақытша атқарушы. Оңтүстік Қазақстан облысы.