14 Қаңтар, 2016

Талапқа сай мүмкіндік

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Наурызбай БайкадамовМемлекет тарихында ерекше бір кезеңдер болады. Ол кезең елдің болашақтағы дамуында шешуші рөл атқаруы мүмкін екендігі тарихтан белгілі. Бұдан бір жылдан әзер асатын уақыт бұрын Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел алдында тұрған сын-қатерлерге жауап беретін Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жариялаған болатын. Одан кейін осы саясатты жүзеге асыратын 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт Жоспары қабылданды. Өткен жылы осы Ұлттық арманымызды еңсеруге жетелейтін жос­парды жүзеге асырудың саяси-құқықтық негізі жасалды. Міне енді, босағадан жаңа ғана аттаған жылдың алғашқы күнінен Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың практикалық кезеңіне көштік. Елбасы «Ұлт Жоспары – қа­зақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында осы бағытта атқарылар істердің нақты да тиімді жолдарын жария­лап, оған биік рухпен, бірлікпен жұмыла кірісуге шақыруда. Бұл жоспарды іске асыруда Қазақстан халқының әлеуеті жеткілікті. Біз аз уақытта жоқтан бар жасап, әлемнің 50 елінің қатарынан ойып орын алуға жігері жетіп, алдымызға 30 елдің қатарында болу арманын қойып отырған елміз. Өз елін сара жолмен бастап келе жатқан басшымыз бар. Біз Елбасының 25 жыл бойы қолданып жүрген болашаққа сеніммен қарау, кез келген жағдайдан мүмкіндіктер табу сияқты ерекше қасиеттерін үйренуге және жүзеге асыруға мүдделі болуымыз керек. Бұдан алар сабақ, мемлекет басқаруда ел басшысына деген сенімді ештеңе алмастыра алмайды. Мем­лекет басшысына сенім болмаған жерде елдің болашағы бұлыңғыр. Бүгінгі уақыт нақты шешім қабылдауды талап етіп отыр. Осы талапты оң пайдалана білген, мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар, әрбір азамат қана бүгінгі күні бәсекелестікте алға оза алады. Ұлт Көшбасшысының соңғы сайлаудағы тұғырнамасы ретінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын күн тәртібіне шығарудың өзі заманның қатал талаптарына жауап ретінде еліміздің дамуына зор ықпалын тигізетіні анық. Экономикалық қиындықтарға қарамастан, аталған стратегиялық құжат­тардың өн бойында ең алдымен Қазақстан халқының әлеуметтік мүдделері көзделген. Алайда, «мемлекеттің шектен тыс қамқорлығынан ортақ іс-әрекеттің қуаты зардап шегеді» деген қағиданы да ұмытпайық. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталар өсиеті бізге сын болып тұр. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының негізгі мәні де мазмұны да осы. Әрқайсымыз мақалада көрсетілген адам әлеуетін дамытуға жұмсалатын инвестициялардың мәнін жете түсінгеніміз қажет. Ең­бек­ке қабілетті азаматтар уақыт тегеурініне байланыс­ты, кәсіптерін ауыстыруға, біліктілігін жетілдіруге жасалып жатырған мүмкіндіктерді өз пайдасына асырып, ел мүддесінің алға басуына атсалысқаны жөн. Елбасы мақаласының әркімге қатыстылығын ескере отырып, әрбіріміз осы тапсырмаларды көпке созбай сапалы, тиімді жүзеге асыру ел алдындағы борышым деп түсінейік. Сонда ғана, биік рух, қажыр­лылықпен «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» еңбек ету арқылы Ұлы Дала елінің өркендеуін жасай аламыз. Наурызбай БАЙҚАДАМОВ, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.