14 Қаңтар, 2016

Жаңарған кезеңмен бірге Парламент те жаңаруы керек

239 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
egemen4Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтерген Үндеу қабылдады. Халық қалаулылары өздерінің бұл шешімге Мәжілістегі «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстанның коммунистік халық партиясының парламенттік фракцияларының өкілдері болып келіп отырғандарын мәлімдеді. Осыған арналған Үндеуді жария еткен Нұрлан Әбдіров мұны еліміз үшін ең тағдырлы кезеңдегі тарихи мәні бар мәселе ретінде бағалайтындарын да ашып айтты. «Бүгінде жаһандық жүйелі дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда. Әлемдегі күрделі геоэкономикалық және геосаяси ахуал халықаралық шиеленістің артуымен, жаңа қақтығыс ошақтарының пайда болуымен, лаңкестік қауіп-қатердің күшеюімен қатар өрбуде. Қазақстан егемен ел ретінде дамып келе жатқан 25 жылдың ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келді және біз олардың барлығына лайықты тойтарыс бере білдік. Тіпті, біз ондай кезеңдерді әрдайым дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығудың мүмкіндігі ретінде пайдалана білдік. Сол себепті, біздің еліміз әрқашан, әрбір дағдарыстан жаңғырған, қуатты ел болып шығып келеді. Қазір де Қазақстанның жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеретін нақты жоспары бар. Елбасы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында еліміздің тек әлемдік дағдарысқа қарсы тұру жөнінде ғана емес, жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында дамуы туралы стратегиясы мен нақты Ұлт Жоспары бар. Бүгін – кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Осыған байланысты, қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін біз бесінші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастама көтереміз», – деп атап көрсетті депутаттар аталмыш Үндеуде. Үндеу қабылдаушылар бұдан әрі қазіргі Мәжілістің Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалап, өзінің тарихи миссиясын орындағанын алға тартады. Өзінің іс басындағы кезінде Парламент 80-ге жуық заң қабылдады. Сонымен бірге, Президенттің 5 институттық реформасының әрқайсысын жүзеге асырудың «жол картасын» жасауға қатысты. «Ал қазір, жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, елімізді ауқымды жаңғыртуға және Президент реформаларын барлық бағыттар бойынша нақты жүзеге асыруға кіріскен сәтте партиялар сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алуы айрықша маңызды», – деп атап көрсетеді депутаттар. Мәжілісшілер, сондай-ақ, осынау жауапты сәтте дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу қажет екеніне назар аудара келіп, реформаларды табысты жүзеге асыру үшін бүгінгі дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге соз­бауды ұсынады. Әлбетте, әзірге бұл Үндеу ұсыныс қана. Ол Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқанда ғана өзінің тарихи миссиясын орындай алатын болады. Сондықтан Президенттің баспасөз хатшысы Дәурен Абаевтың атап көрсеткеніндей, депутаттардың Мәжілісті таратып, сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастамасының қандай шешімге алып баратынын Президент қана біледі. Бұл мәселе бойынша шешім әзірше қабылданған жоқ, себебі мұны жете сараптау керек. Дегенмен, осы Үндеу туралы хабар газетіміз сайтында жарияланған бойда оған үн қатып, пікір білдірушілер қатары аз болған жоқ. Олардың барлығы дерлік депутаттардың бас­тамасын қолдап отыр. Енді сол пікірлердің бірқатарына кезек берелік. Сәлімгерей, Атырау облысы Өте дұрыс шешім. Біздің парла­мен­тарийлер дұрыс жасап отыр. Мынадай қиын әрі күрделі кезеңде заң шығарушы органның да жаңарғаны жөн.  Ерболат Бекмұратұлы, Атырау облысы. Қазіргі әлемдегі ахуал баршаны алаңдатып отыр. Бұл, әрине, біздің елдің экономикасына өзіндік әсерін тигізеді. Қазақстан экономикасына дағдарыстың ықпалы сырттан болғаны даусыз. Осындай сәтте елімізде дағдарысқа қарсы жаңа заңдарды қабылдауға тура келеді. Сондай заңдардың жобасын талқылауда біліктілік танытатын кәсіби Парламент қажет бізге. Ендеше, бүгінгі Парламент депутат­тары­ның Мәжілісті мерзі­мінен бұрын таратуға байланысты Үндеуі көңілге қонады. Мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, Мәжіліске кәсіби экономистер мен заңгерлерден, елдің мүддесін көздейтін мемлекетшіл тұлғаларды таңдау қажет. Мұндай таңдау әр деңгейдегі мәслихаттарға да қажет. Түйіп айтқанда, қазір бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына қатаң қадағалау жүргізетін кәсіби Парламент пен мәслихаттар қажет.  Абай Салықов, Қызылорда Парламентшілердің бұл қадамын құптаймын. Ақпаса судың өзі боржып кетеді. Мәжіліс құрамының жаңарғаны абзал. Осымен бірге Сенат та жаңарса, тіпті қатып кетер еді. Шыны керек, біздің жағдайымызда, біздің қоғамда Сенаттың керегі де шамалы сияқты. Әбдікәрім, Тараз қаласы Мәжілістің бұл бастамасы өте құптарлық. Ол енді нағыз кәсіби мамандардың ордасы болуға тиіс. Мәжіліс аузымен орақ оратындардың емес, біздің қоғамдық өміріміздің алуан түрлі салаларын қамтитын нағыз кәсіпқой мамандардың палатасы болуға тиіс. Біз бұл жерде кәсіпқойлық жайлы айтқанда, ең алдымен экономистерді, қаржыгерлерді, заңгерлерді, ауыл шаруашылығының мамандарын айтып отырмыз. Парламенттің басым бөлігін жұмыс қабілеттері қайтпаған осындай мамандық иелері түзуі қажет.  Иман, Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір қаласы Соңғы кездері бірер басылымнан біздің Парламентті ақсақалдардың, яғни зейнет жасындағы адамдардың басып қалғандары туралы оқып қалдым. Әрине, бұл тап олай емес, әсірелеп айтылған сөз шығар, дегенмен, бұл ишараның мән беретін тұстары да жоқ емес. Айтпағым: ертеден келе жатқан, қай Парламент келсе де, сол отырған қалпында қала беретін мәжіліскерлер болуы мүмкін, енді дүние ауысып, заман талабы өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде сол кісілер аттандап, қоса шаппаса да болады ғой. Шүкірліктерін айтып, үйлерінде отырса! Мен тек Елбасының ғана өзгермегенін қалаймын, қалған лауазымды тұлғалар уақытына қарай, ретіне орай ұдайы және үдемелі жолмен өзгеріп тұруы керек.  Пернебек Құлтаев, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Парламент Мәжілісін тарату жөніндегі Үндеумен таныстық. Дұрыс шешім. Бұрынғы Парламент Мәжілісі қол қусырып қарап отырды деген ойдан аулақпыз. Бірақ, әлемді шарлаған дағдарыс жағдайында көбік сөзді суша сапыратындар емес, Парламентке жаңаша ойлай алатын, қаржылық қиындықтарды жеңуге кәсіби маман ретінде үлес қоса алатын азаматтар керек. Жаңа Парламентте сондай абзал адамдардың болғанын қалаймыз.  Тұран Абдуллаев Баяғыда осылай жасау керек еді! Мынадай алмағайып, күрделі заманда Парламентті жаңартып алған ақыл. Ол жауынгерлік қабілеті жоғары, кәсіби деңгейі биік депутаттардан құралуы керек.  Ибадулла Мәжіліс депутаттары не дегенде де ақылға келіпті. Елдің де айтып жүргені осы еді ғой. Парламенттің қазіргі құрамы жөнінде бөтен сөз айта алмаймын. Себебі, оны өзім де жете білмеймін. Бірақ оқтын-оқтын жаңарған, өзгерген деген жақсы нәрсе. Қашанда жаңадан келген адам жұмысты жаңаша бастайды. «Жаңа сыпырғы жаңаша сыпырады» дегендей, олардың екпінмен келгендері елге де, мемлекетке де пайдалы. Әсіресе, қазіргі дағдарыс кезеңінде бұл қатты керек болып тұр.  Тәуекел, Жезқазған Бізде Парламент бір палаталы болуы керек. Бұл – уақыттың үндеуі. Біздегі Сенаттың артық құрылым екенін жұрт та, тіпті сенаторлардың өздері де көптен бері байқап жүр. Сондықтан мен жоғарыда осы жайында ой қозғаған азаматтардың пікірлерін қоштаймын. Шешім шыққаннан кейін осылай тұтас жасалуы тиіс. Бұл біздің егемен еліміздің ертеңі үшін де керек. Өмірге нақты, реалды көзқараспен қарайтын уақыт жетті.  Талап, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық Мен мәжілісмендердің бастамасын да, бұған оқырмандар білдіріп жатқан пікірлерді де толық қуаттаймын. Біз ендігі жерде ас ішіп, аяқ босататын Парламенттің керегі жоқ. Бұл, әрине, дәл қазіргі депутаттарға берілген баға ретінде айтылып отырған сөз емес. Бұл – ендігі жерде ырғалып-жырғалып жүретін уақыттың кеткенін білдіретін тұжырым. Бұл – бізге қазіргі таңда нағыз іскер де кәсіби деңгейі жоғары адамдардан құралған Парламентті құрудың кезегі келгенін айғақтайтын анықтама.  Данияр Ахметов, Астана қаласы Мен қазіргі Парламент Мәжілісіне екі жақты немесе екі рет алғыс айтар едім. Біріншіден, ол осы кезге дейін бізге керекті көптеген заңдардың талқыланып, қабылдануына мұрындық болып, орасан зор еңбек етті, Парламенттегі негізгі жұмыстардың бәрін Мәжіліс депутаттары атқарды. Сол үшін рахмет! Екіншіден, қазіргідей күллі әлем күрделі проблемалардың алдына тіреліп, ертеңгі күннің еңсесін белгілеу жолында алда орасан зор міндеттер шыққан кезде тізгінді өзінен де гөрі кәсіби адамдарға беруге шешім қабылдады. Бұл үшін тағы алғыс! Бұл нағыз көрегендік пен көшеліліктің көрінісі болды.  Тоғжан, Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы Президент көп тапсырма жүктеп жатыр ғой. Оны жүзеге асыру үшін Парламент құрамын жаңадан жасақтап алуымыз керек. Сондықтан, бұл өте дұрыс Үндеу болды. Қазіргі Парламентте қызу қандылық жоқ сияқты. Бұл еліміздің заң шығарушы орыны болғандықтан, онда өзге елдердегідей жаға жыртысу болмаса да, қызыл кеңірдек дау, келіспеушіліктерін анық айту деген сияқты қызу талқылаулардың орын алып тұруы қоғамға, барша мемлекеттік механизмге пайда әкеледі деп ойлаймын. Осындай ой еркіндігі бар депутаттар көптеп мандат алса ғой, шіркін!  Мардан Бақтияров, Оңтүстік Қазақстан облысы Ескі жыл, есірке, Жаңа жыл, жарылқа! Ескі Жаңа жыл күнімен баршаңызды құттықтаймын! Уақыт өткізбей, осы Парламент сайлауын өткізіп алып, қалған күш-жігерді еліміздің экономикасын дамытуға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға арналған шешімдерін құптаймын.  Асыл, Шығыс Қазақстан облысы Дұрыс шешім болады деген ойдамын. Елдің, мемлекеттің пайдасы үшін маңызды қадам болады деп үміттенемін!  Тұрар, Оңтүстік Қазақстан облысы Шыны керек, бұл қадамды өз басым құптаймын. Жаңадан келгендер жаңаша ой қосып, елдің, мемлекеттің дамуына үлкен үлесін қосады деген ойдамын. Мынадай алмағайып заманда тың идеялардың маңызы зор.