14 Қаңтар, 2016

Дағдарыста дағдарудың реті жоқ

248 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Орынды ой, ұтымды ұсыныс

Парламенттегі партиялар фракцияларының ұстанымдары осындай

ERA_5694+Мәжіліс тарайды екен деген әңгіменің шыққанына да біраз болған-ды. Осы әңгіменің шындыққа айналатын кезі де алыс емес сияқты. Өйткені, кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен жаңа жылдағы алғашқы өткен палатаның кезекті жалпы отырысының күн тәртібіне бірінші қаралу үшін осы мәселе енгізілді. Бұл Мәжіліс сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу үшін қолайлы ұсыныс саналады. ERA_5670+Бесінші сайланған Пар­ла­ментті тарату және жаңа сайлау­ды тағайындау туралы Қазақ­стан Президентінің атына жол­дан­ған Үндеуді күн тәртібіне енгі­зуді ұсынған Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтің бұл ұсынысы әріптестері тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Бұған дейін Парламенттегі үш партия фракциясының мүшелері, тіпті, арнайы брифинг те өткізген-ді. «Мәжілісті тарату және мер­зімінен бұрын Парламент сай­лауын тағайындау туралы шешім қазіргідей аса күрделі әлем­дік экономикалық және саяси жағдайда қиын. Алайда, Қазақ­стан­ның бүгіні мен болашағы үшін тарихи маңызы зор шешім сана­лады», деді Н.Әбдіров. Сөйтті де депутат оның төрт себебін санамалап өтті. Біріншіден, қазіргі Парламент Президенттің Бес институттық реформасының басталуын қажет­ті заңнамалық базамен толық қам­тамасыз етіп, өзінің тарихи миссиясын орындады. Қазір оларды іс жүзіне асыру кезеңі басталды. «Бұл ретте Қазақстан халқының елімізді ауқымды жаңғырту мен дағдарысқа қарсы тиімді саясатты заңнамалық қамтамасыз етуге қай партияларға жаңа сенім мандатын беретінін айқындау айрықша маңызды. Сондықтан біз 2016 жылдың аяғында өз өкілеттігіміздің мерзімі аяқталуын күте алмаймыз және Мәжілісті таратып, Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың жаңа сайлауын тағайындау жөнінде бастама көтереміз», деді өзінің сөзінде Нұрлан Мәжитұлы. Оның пайымынша, бұл қадам уақытты ұттырмай, іс жүзінде тұтас бір жылды жоғалтпай, дағдарысқа қарсы шаралар мен мемлекеттің қуатын арттыру жөніндегі жаңа реформаларды жүзеге асыруға қазірден кірісуге мүмкіндік береді. Екіншіден, төл тарихымыздың жауапты кезеңінде Мәжілістің жаңа сайлауы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жауапкершілігінің белгілі бір бөлігін өздеріне алуға даярлығын сан рет мәлім еткен партиялар үшін мемлекет құрылысының жаңа кезеңінде жаңа Парламентте өзін тиімді көрсетудің тағы бір саяси мүмкіндігін беретіндігі ерекше аталды. Ал, үшіншіден, биліктің реформалар мен дағдарысқа қарсы шараларын барлық деңгейде үндестіру үшін Мәжіліс сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу ұсынылып отыр. Бұл да әлемдік дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, реформалар мен дағдарысқа қарсы саясатты тиімді жүргізу үшін биліктің мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғамның барлық тармақтары үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Осылай деген нұротандық депутаттың айтуынша, жаңа сайлаулар мемлекет пен қоғамды Ұлт Жоспарына және экономика мен елді дағдарыстан қорғау міндеттеріне жұмылуға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің барлық азаматтарын толғандыратын өте маңызды міндет. «Осы ретте біз мерзімінен бұрын сайлау күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты қоғамдық мәміле мен келісімді нығайта түсетініне сенімдіміз. Осының барлығы ішкі саяси бірлік пен тұрақтылықты нығайтып, Елбасымыздың төңірегіне топтасуымыз үшін қажет. Бұл еліміз үшін аса маңызды сәт», деп қорытты сөзін Н.Әбдіров. Сондай-ақ отырыста сөз алған «Халықтық коммунистер» партиясы (ҚКХП) фракциясының жетекшісі Владислав Косарев Үндеуді қолдайтындықтарын алға тартты. «Біз де бүгін фракция­да осы мәселені кеңінен тал­қыладық. Біздің партия Мәжі­лісті тарату мен мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдайды. Өз ұстанымымды түсіндірейін, біріншіден, әлемде жаһандық бейберекетсіздіктің қаупі төніп тұр. Оның үстіне халықаралық қаржы, экономикалық дағдарыстың құры­лымдық сипаты бар. Импе­риалистік әлемдегі сілкіністер жаһандық экономиканың сипатына да, халықаралық қатынастарға да өз әсерін тигізуде», деді Вла­дислав Борисович. Депутат бұл ретте дағдарыс кезеңінде алаңдамай жұмыс істеу ерекше маңызды екенін, сондықтан да халықтың өз таңдауы арқылы партияларға жауапкершілікті тағы да нақтылауын қалайтындықтарын ортаға салды. «Біз ұдайы халықтық қара­жатты үнемді ұстауға шақырып келеміз. Сондықтан да Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауларын біріктіріп өткізуді дұрыс санаймыз. Біз өз бәсекелестерімізбен сайлаушылардың дауысы үшін күреске түсуге әрқашанда дайынбыз! Сондықтан Елбасына жолданған тарихи Үндеуді толық қолдаймыз», деді В.Косарев. Талқылау барысында «Ақ жол» партиясы фракциясының төрағасы, депутат Азат Перуашев фракциялар тарапынан болған бастаманы толық қолдайтындықтарын жеткізді. Депутаттың пайымынша, сайлау­шылар өз таңдауын нақтылап, еліміз үшін маңызды жаңа кезеңде Парламентте қай партия жұмыс істейтінін халық айқындауы керек. «Қазіргі күні қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің және экономиканың түйткілді мәселелерін шешу бұрынғыдан да өзекті. Ал жаңа сайлау өзекті мәселелерге қатысты қоғамдық келісімді нығайтатынына сенім мол. Мәслихаттар деңгейіндегі жаңа сайлаулар да қоғамның не күтетінін толық түсінуге жағдай жасайды», деді Азат Тұрлыбекұлы. Депутат мерзімінен бұрын сайлауды көп созбай өткізу аса маңызды екенін, өйткені ол Президент реформаларын сауатты жүзеге асыруға өз септігін тигізетінін тілге тиек етіп, бұл ертеңгі күнге деген сенімді нығайтатынын ортаға салды. «Сонымен қатар, жаңа мерзімінен бұрын сайлау ұлттық бизнеске, тұтастай республикаға әсерін тигізетін уақытша қиындықтарды барынша жеңіл өткеруге мүмкіндік береді деп санаймыз. Ал Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауларын біріктіріп өткізу бюджет қаражатын үнемдеу тұрғысынан маңызды», деді фракция жетекшісі. Сонымен қатар, жалпы отырыста сөз алған Мәжіліс депутаты Роман Ким еліміз үшін жаңа сын-қатерлер алдында халықтың бірлігін нығайтудан маңызды мәселе жоқтығына назар аудартты. «Сондықтан да барша қазақстандықтар Елбасының төңірегіне топтасуы қажет. Мерзімінен бұрын өткізілетін Мәжіліс сайлауы дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін барлық қазақстандық қоғамның топтасуын, бірігуін қамтамасыз етеді. Біз дағдарыстың ел бірлігі, тұрақтылығы үшін сынақ болатынын, сонымен бірге, осы арқылы жаңа мүмкіндіктер де туатынын ұмытпауымыз керек», деді Роман Ухенович. Оның айтуынша, жаңа сайлау президенттік реформаларды сәтті жүзеге асыруға септігін тигізеді және бұл Ұлт Жоспары мен дағдарысқа қарсы шараларды сауатты құқықтық қолдау үшін де аса маңызды. Сондай-ақ, депутат сайлау жаһандық дағдарыстың жағымсыз әсер­леріне қарсы тұру үшін де мүмкіндікті артты­ратынын, ал бұл қадам қауіпсіз келешек үшін ұлттық бірлікті қалыптастыру тұрғы­сынан да аса өзекті екенін алға тартты. «Жоғары және жергілікті өкілдік беріл­ген сайлауларды біріктіру бюджет қара­жаттарын айтарлықтай үнемдейді. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассам­блеясының депутаттық тобы Мәжілістің және мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастаманы қол­дайды. Біз барлық қоғамдық ұйымдарды, үкіметтік емес ұйымдарды және барша ел азаматтарын осы бастаманы қолдауға шақырамыз», деді Р.Ким. Талқылауды қорытындылай келіп, палата Төрағасы былай деді: «Бүгін тарихи Үндеу қабылдадық. Мәжіліс аппараты Президент атына жолданатын Үндеуді ұйымдастырады. Ал Елбасы бір апта, он күн шамасындағы тәртіппен қарайтын шығар. Сосын өзінің шешімін қабылдайды. Мұның тәртібі сондай». Палата Төрағасының атап өткеніндей, белгіленген мерзім ішінде Елбасы қандай бір шешім қабылдағанға дейін Мәжіліс жұмысы бұрынғыдай жалғаса беретін болады. Орайы келгенде, Үндеу мәтінінде жаһандық жүйелі дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті, дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда екендігі, еліміздің 25 жылдың ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келгендігі және олардың барлығына лайықты тойтарыс бере білгендігі көрініс тапқан. Сондықтан, қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін бесінші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, Парламентке жаңа сайлау тағайындау айрықша маңызға ие екендігі де атап көрсетілген. Бұдан кейін депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді қарады. Атап айтқанда, талқыға түскен «Қазақстан Республикасы мен энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларына және жастар корпусын дамытуға арналған бір донордың Траст қоры әкімшісі ретінде әрекет етуші Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы грант туралы (Жастар корпусын дамыту жобасы) келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қолдау тапты. Келісім 2015 жылғы 10 қыркүйекте Астанада жасалған. Оған сәйкес Дүниежүзілік банктің Жастар корпусын дамыту жобасын қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін Қазақстан Республикасына 21 763 000 АҚШ доллары мөлшерінде грант бөлуі көзделеді. Жобаның мақсаты жастардың, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың қоғамдастық өміріне тартылуын ынталандыру, сондай-ақ, қоғамдастықтың игілігі жолындағы қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламалары арқылы олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту болып табылады. Жалпы отырыста, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары да мақұлданды. Және де Қазақстан мен Молдова үкіметтері арасындағы заңсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және оны іске асыру бойынша атқару хаттамасын, Қырғыз Республикасымен өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы үкіметаралық келісімді, 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы және қордың қаражатын басқару туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы, сондай-ақ, бір тараптан ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді, Қазақстан мен Словакия арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификациялауға қатысты және өзге де заң жобалары жұмысқа қабылданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».