03 Қаңтар, 2016

Қытайда экологияға байланысты отшашуға тыйым салынды

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
03-01-2016 - KitaiАСТАНА. 3 қаңтар. Қытайда экологияның бұзылуына байланысты бірнеше қалада халықтың «қасиетті» деп есептейтін – отшашу мен петардалардың жағуына тыйым салды. Бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жылдың бірінші күнінен бастап мұндай қадамға алғаш болып Шанхай мен Хэнань провинциясының астанасы Чжэнчжоу қалалары барды. Шанхайда автомагистральды шеңберден тыс маңайда отшашу атуға шектеу қойылды. Қойылған талапты орындамаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылады. Қала басшылығы айыппұл ретінде 100 юань (15,4$ ) қытай ақшасын белгіледі. Ал Чжэнчжоуда мереке кезінде отшашқан әрбір адам 500 юань (77$) ақшасымен жазаланады. Қала ішінде пиротехниканы тіпті өндіруге, сақтауға, сатуға да тыйым салды. Айта кетейік, осындай жарылғыш заттар қытай халқында тек көңіл көтеру үшін емес, жын-шайтандардарды қорқытады деген түсінік бар. Бірнеше ғасыр бойы ешқандай мереке де, айтулы оқиғалар да (жаңа компаниялардың ашылуы, жаңа қонысқа көшкенде) пиротехникалар рәсімінсіз өтпеген.Алайда, бүгінгі күні Қытайда экологияның бұзылуы ел тұрғындары үшін жын-шайтандардан да қауіптірек болып тұр. Аспанасты елінің бас қаласы Пекин мен солтүстік өңіріндегі бірнеше елді-мекендерде қараша айының ортасынан бастап ауаның ластануы денсаулыққа қауіпті саналатын мөлшерден бірнеше есе артып келеді. Өткен айда қауіптіліктің жоғарғы дәрежесі саналатын – қызыл деңгейге екі мәрте жетті. Осының салдарынан бірнеше жол-көлік оқиғалары болып, тұрғындар арнайы бетперде киюлеріне тура келді. Қала маңындағы бірнеше кәсіпорындар уақытша өз жұмыстарын тоқтатты. Аян Әбдуәли. Дерек: Синьхуа. Сурет: mirvkartinkah.ru.