01 Қаңтар, 2016

Шаңырақ түріндегі шаттық сарайы

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1-27Көгілдір Көкшетау жаңа жылда да көркем ғимараттармен толыға түспек. Солардың қатарында заманауи Неке сарайының бой көтеруі ізгі үміттерге қанат бітіретіні хақ. Көптен күткен нысанның шаңырақ түрінде салынып жатқаны жақсы ниет, шайқалмайтын шаттығымыздың салтанатын асыра түсетіні де қуанышқа бөлейді. Құрылыс қаланың көрнекті жерінде, Бұқпа тауының етегі мен Қопа көлінің жиегінде екпіндете салынып жатыр. Амандық болса, бас мердігер «Ақ сәуле» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеті ай­да жұртшылықтың айрықша назарындағы жұмысты аяқтап шықпақ. Қос қабатты ғимарат Шығыс сәулет өнері­нің классикалық үлгісін бү­гінгі үрдіспен үндестіре қа­быстыратынын айтады мамандар. Қолдағы макетке қиял жүгірте қарасаңыз, алдымен сақина, одан кейін шаңырақ болып жымдасқан болашақ ғимараттан той әуені естіліп жатқандай сезім кешетіндейсіз. Өріс кеңейтуді өмір мәні санайтын халқымыздың қуанышы көбейе бергей. Ертеңін еңселендіру қамындағы мем­лекетіміз бұл орайда қаржы-қаражатын үйіп-төгіп жатқаны да ғанибет. Міне, Ұлы Дала елі өз Тәуел­сіздігінің безбендеп өлшенбейтін 25 жылдық қымбат белесіне қадам басты. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жуырдағы Жолдауында: «Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жа­һандық шаруашылық бай­ланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қа­ты­сушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты... Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең да­мыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», деп атап көрсетті. Бұл – байламы берік баталы сөз. Ендеше, ұлы мақсат са­парының бір парасы Көк­шетаудың ертең-ақ есігін ашатын Неке сарайынан да бастау алатыны ақиқат! Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.