01 Қаңтар, 2016

Ұлыстарды ұйыстырар Достық үйі

721 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
31-фото Рафхат (141)Қазақстанның көне де жаңа қалаларының бірі – Орал жыл өткен сайын жа­ңа­рып, жасарып және жасанып келеді. Әсіресе, оның солтүстік-шығыс жақ бөлігіндегі бірден көз тартатын жаңа ғимараттар – Салтанат сарайы, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы, оның алдындағы ақын ескерткіші, теннис корты мен Назарбаев зияткерлік мектебі ғимараттары тұтастай бір ғажайып ансамбль құрайды. Жаңа жылдың арайлап атқан ақ таңында еліміздің батыс қақпасындағы жаңа құрылыс алаңы тағы бір теңдесі жоқ сәнді де сәулетті ғимаратпен толықпақ. Бұл жаңа жылдың алғашқы күні құрылысы аяқталатын Достық үйі. Оны дәл осы күні мемлекеттік комиссия жақсы деген бағамен қабылдап алмақ. Көк түстес күмбезбен көмкерілген ғимараттың сыртқы көрінісі мен ішкі интерьерінде шығармашылық және архитектуралық ұшқыр ойдың жемісі атойлап тұр. Достық үйінің жалпы аумағы 4,5 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі күннің биік талғамына сай бой көтерген ғимарат құрылысын Орал өңіріндегі таңдаулы құрылыс компанияларының бірі – «ОтделСтрой» ЖШС тұрғызған. Аталған жобаның құны 900 миллион теңге төңірегінде. – Достық үйінде өңірдегі этномәдени орталықтар мен бірлестіктердің офистері орналасатын болады. Мұнда бұл үшін бүгінгі заман талаптарына сай жан-жақты жабдықталған кабинеттер мен бөлмелер бар. Ғимаратта достық пен бірліктің туын биік көтеруді мұрат тұтқан этномәдени бірлестіктер мүшелерінің бәрі қазіргі әлемдік деңгейдегі ақпараттық технологияның барлық түрлерін емін-еркін пайдалана алады. Қысқасы, мұнда зерделі жанның жанына қажеттінің бәрі де мұқият ойластырылған. Мәдени орталықтардың кабинеттері мен бөлмелері белгілі бір этнос өкілдерінің салт-дәстүрлер ерекшелігіне сай жабдықталған. Ал айнадай жарқыраған биік те еңселі әрі аумағы атшаптырым конференц-залдар мен көрме-холдар өзінің айшықты ажарымен кез келген адамды тамсандырып, таңдандыра алады. Сіз мүмкін дыбыстық жазу студиясының қызметін пайдаланғыңыз келетін шығар? Достық үйінде бұған да толық жағдайлар бар. Сондай-ақ, мұнда Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облыстық ассамблея­сы бастамашы болған саналуан іс-шаралар да өткізілетін болады, – деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Ғайса Қапақов. Орал өңірін мекендейтін сантүрлі этнос өкілдері ғана емес, сонымен бірге барша батысқазақстандықтар жаңа жылдың алғашқы күні достық пен бірліктің одан әрі тереңдей түсуіне негіз қалайтын сәулетті ғимаратты пайдалануға беретін «ОтделСтрой» ЖШС құрыш қолды құрылысшыларының кәсіби шеберлігіне дән риза. Осы арада бұл құрылыс компаниясы республикада ең алғашқылардың бірі болып халықаралық сапа стандарттарын енгізген кәсіпорын екенін айта кеткен жөн. Осылайша олар бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеру арқылы шетелдік фирмалармен бірігіп қызмет жасау мүмкіндігіне қол жеткізе білді. ...Иә, жоғарыда айтылғандай, төрімізге аттаған Жаңа жылдың арайлап атқан ақ таңында Орал қаласындағы құрылысы аяқталатын Достық үйінің аспан түстес көк күмбезі қазірдің өзінде алыстан менмұндалайды. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.  Суретте: Орал қаласында ашылатын Достық үйінің сыртқы көрінісі.  Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.