01 Қаңтар, 2016

Ертіс өзенін ендейтін алып көпір

367 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
мостБұл көпір облыс орталығы мен Ақсу қаласы аралығын қосады. Астана, Ресей, Қытайға дейінгі жол жүру уақытын жеделдетеді. Алдағы жылы бұл алып жобалар аяқталып, құрылыс пайдалануға берілген соң, жол-көлік инфрақұрылымының дамуы өңірдің өркендеуіне әрі қарай да үлкен жол ашары анық. Бұл ретте, «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған, Елбасы тапсырмасы бойынша құрылысы жүргізіліп жатқан «Астана-Павлодар-Өскемен» автокөлік жолы үлкен сыйлық болмақ. Автобанның басым бөлігі біздің облыс аумағымен өтеді. Жалпы, «Орталық-Шығыс» автожол дәлізінің бөлігі болып табылатын жобаның құны 53 млрд. 808 миллион теңгеге бағаланып отыр. Жаңадан салынып жатқан көпірдің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды. Жол мамандарының айтуынша, бұл Орталық Азиядағы ең ұзын көпір болып саналады екен. Сонымен бірге, 4 жолақты автобан жобасы да Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпірдегі автокөлік қозғалысының азаюына септігін тигізеді. Келер жылы көпір, автобан пайдалануға берілген соң транзиттік бағытта қатынайтын барлық көліктер бұрынғыдай облыс орталығының ішін араламай, қаланы сыртынан айналып өте­ді. Бұл қоршаған ортаға да жақсы әсер етпек. Екіншіден, жаңа көпір, автобан жобасы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі біздің еліміз бен Ресейдің бірлескен алғашқы ірі инфрақұрылымдық жобасы болып табылады. Көпірдің құрылысына қолданылып жат­қан материалдардың 80 пайы­зы – отандық өнімдер. Кен­же­­­көл ауылында негізгі құры­лыс кешені орналасқан. Мер­дігерлер құрылысқа кіріспес бұрын облыстың құрылыс ин­дус­триясының нарығын ны­­­санаға алып, зерттеу жа­­сапты. Нәтижесінде құрылыс ресурстарының басым бөлігін өңірдегі құрылыс компанияларынан сатып алу туралы шешім қабылданды. Негізгі жұмыс күші де облыстан тартылды. Ал металл құрылғылар мен цемент еліміздің өзге өңірлерінен жеткізілді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-тың облыстық филиалының мәліметінше, құрылыс жұмыс­тарына 10 мың тонна металл және 30 мың текше метр бетон қолданылады. Қазір негізгі жұмыстар Ертіс өзені бойында жүргізілуде. Тиісті шаралар кес­теге сәйкес атқарылуда. Нысан 2016 жылдың желтоқсанында қолданысқа беріледі. Жаңа автомагистраль елміздің қалаларын Батыс Сібірдің ірі экономикалық орталықтары – Новосібірмен, Омбы және Том қалаларымен жалғайды. Төрт жолақты автобан цемент-бетонды және асфальт-бетонды жабындылармен жасалуда. Жолдың бойында жолаушыларға қызмет ететін сервистің барлық түрі болады. Жаңа автобандағы құрылыс жұ­мыстарын жол нарығында тәжірибесі бар «Дена Рахсаз Констракшн», «АБК Автодор НС», «Қазжолқұрылыс», «Ақжол» сынды компаниялар жүргізуде. Ал Ертіс өзенінің үстінен өтетін көпір кешенінің тапсырыс берушісі «Қазавтожол» ұлттық компаниясы, құрылысты «Қазжолқұрылыс» ЖШС жүргізуде. Жалпы, құрылыс басында барлығы 115 компания жұмыс істеуде. Олардың жартысы жол салумен айналысса, қалғандары құрылысшыларға қызмет көрсетуде. Осының ар­қасында жергілікті 3 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Жұмыстар қыс мезгілінде де жалғаса береді. Жол сапасы еуропалық талапқа сай. Көпірлер арасын 9,1 шақырым автожол жалғап тұрмақ. «Орталық-Шығыс» автожол дәлізінің бірқатар бөлігі еуропалық технологиямен салынуда. Ал жалпы автобан 2017 жылы салынып бітпек. Кең жолақты автобанның 12 шақырымы су үстіндегі көпірмен өтеді. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компания өкілдерінің айтуынша, автобан жиегіне жасыл желек отырғызу да жоспарланған. Бұл алып көпір жобасының жүзеге асырылуы өндірісті облыста «Бірыңғай Павлодар-Ақсу агломерациясын» құруға мүмкіндік береді. Ақсу қаласының дамуына әсер етеді. Ақсулықтар 30 шақырымдық аралықтан жаңа көпір арқылы облыс орталығына жылдам жете алады дейді. Өңірге осылайша жаңа технолгия, жаңа­шылдықтар, өркениет талаптары келе бастады. Еліміз даму жолын­да. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы. Суретті түсірген Валерий Бугаев.