01 Қаңтар, 2016

Пошташылар қуанышы

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Пошта«Қазпошта» АҚ СҚОФ қара­мағында жұмыс істейтін 13 аудан­дық пошта байланысы торабы, 88 ауыл­дық, 14 қалалық байланыс бөлімшелері, 17 жылжымалы топ, 27 пошта пункттері 700-ге жуық елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетеді. Соңғы жылдары жаңа технологияларды енгізудің арқасында 127 өндірістік объектілер автоматтандырылып, пошта, қаржылық, агенттік қызмет көрсету түрлері артты. 2002 жылдан бері филиалдың табысы 10 есе, орташа жалақы 5 есе молайған. Жаңа жыл қарсаңында өңірдің ­пошта қызметкерлері үлкен қуанышқа бөленді. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов жергілікті бөлімшелерге 14 қызметтік авто­көліктің кілттерін салтанат­ты жағ­дайда табыс етіп, олардың халыққа қызмет көрсету саласындағы еңбектерін жоғары бағалады. Елбасының қолдауымен «Самұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры директорларының кеңесі Транс­формациялау бағдарламасын 2014 жыл­дан жүзеге асырып келеді. Озық жо­ба шеңберінде филиалда мерзімді баспасөз құралдарын автоматты желімен сұрыптау, байланыс қызметкерлерін смартфондармен жарақтандыру, буданды электронды поштаның, постаматтардың өзіндік жүйесін құру, SMS технологияларын қолдану, кедергісіз қызмет көрсетуді енгізу секілді көптеген шаралар үлкен қолдау тапты. 2015 жылғы ІV тоқсаннан бері пошта байланысы бөлімшесі арқылы теміржол билеттері сатылады. Филиалға бөлінген 5 «Нива», 5 «УАЗ», 2 «IVECO», 2 «ГАЗель» автокөліктері бірінші кезекте алыстағы Айыртау, Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Шал ақын аудандық байланыс бөлімшелеріне, облыстық арнайы байланыс қызметіне, автокөлік учаскесіне табыс етілді. Пошта еліміздің әлеуметтік өмірінде ең өзекті қатынас құралы саналады. Оның тұрғындарды хат-хабармен, мерзімді баспасөзбен тұрақты түрде қамтамасыз етудегі маңызы өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. Ерік Хамзаұлы пошта бай­ла­нысының ардагері Тілек Әбді­рахмановты 80 жасқа толу мерей­тойымен құттықтап, құрмет грамотасын, Мамлют ауданындағы Воскресеновка ауылдық пошта бөлімшесінің басшысы Светлана Тулиноваға – Инвестициялар және даму министрлігінің «Үздік байланысшы» төсбелгісін, Есіл аудандық пошта бөлімшесінің аға инспекторы Надежда Ионоваға «Қазпошта» АҚ-тың құрмет грамотасын табыстады. Облыстық филиалдың дирек­торы Ерік Нұрақаев пошта сала­сының дамуына ерекше көңіл бөліп отырған, соңғы екі жылда машина паркі 40 техника бірлігімен толыққанын жеткізді. Салтанатты шарадан кейін Е.Сұлтанов операция залындағы постаматтың жұмысымен таныс­ты. Осындай постаматтар сауда үйлерінде де жұмыс істейді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.