01 Қаңтар, 2016

Курорттық кластер көкжиегі

376 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
2212_oko_4Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Сарыағаш ауданына іссапармен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов келді. Жиыннан шыққаннан кейін шай ішілді. Дастарқандағы «Сарыағаш» арасан суына көзі түскен Сәукең «Әбеке, (Сарыағаштың сол кездегі әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев) кей жерде Сарыағаштың арасан суының орнына құдық суын қосып сатады деген сөз бар. Осындай әрекеті үшін ұсталғандар туралы теледидардан көрсетіледі. Осы қаншалықты рас, деп сұрады. Сонда аудан әкімі күліп: – Сәуке, Сарыағашта арасан суының орнына таза су қосып сату тым қымбатқа түседі, – деген. Онысы рас. Сарыағаш ауданының жерасты телегей теңіз арасан суы. Мың бір ауруға ем. Бір қызығы, елушақты артезиан құдығы болса әрқайсының құрамы бөлек. Ағзадағы ішек, азқазан ауруларын айтпағанда өтін алдырғандарға Сарыағаштың суындай пайдалы ем Қазақстанда жоқ. 2212_oko_1Сарыағаш – курортты аймақ. Қазір онда 16-дан астам емдеу-сауықтыру орталықтары жұмыс жасайды. Бүгінде арасан суымен атағы шыққан аудандағы емдеу-сауықтыру орталықтарын халықаралық деңгейге көтеретін жаңа жоба іске асырылып жатыр. Біз осы жағдайларға байланысты облыс әкімі Бейбіт АТАМҚҰЛОВПЕН сұхбаттасқан едік. – Елбасы бізге қолдағы бар қаржыға малдана бермей жаңа табыс көздерін ашуды тапсырып отыр. Әлемде туризмнен күреп ақша тауып отырған мемлекеттер көп. Ал, қазақтың түгелге жуық әулие, әмбиелері, хан, сұлтан, батыр, билері мәңгілік тыныштық тапқан Оңтүстіктің туристік әлеуеті күшті. Бірақ, әр туристік компаниялар әр жаққа тартқандықтан бейберекеттік көп. Біз осының бәрін қорытындылай келе «Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығын құру арқылы экономикалы табысқа жетудің жайын сараладық. – Сарыағаш курорттық клас­тері осы үлкен істің бір құра­мына кіретін сияқты. – Дұрыс айтасыз. Сарыағаш Алланың қалауымен адам ағзасын емдейтін қасиетті суы бар аймақ. Әкімдіктің зерделеуі бойынша жыл басынан бері Түркістанға бір млн-ға жуық адам туристік сапармен келсе, Сарыағашқа 70 мыңға жуық халық ем алуға келіпті. Сол сексен мыңға жуық адамның дені еліміздің батыс және шығыс өңірінен келгендер. Бір Сарыағаштың өзінде 300 мыңға жуық, көрші Мақтааралда 400 мыңға жуық халық бар. Бұл керемет мүмкіндік. Біз Елбасының тапсырмасы бойынша Сарыағаш демалыс аймағын халықаралық курорттар жүйесіне жеткізу жобасы арқылы сырттан ғана адамдар тартып қоймаймыз, екі аудандағы 700 мыңға жуық халықтың да денсаулығын нығайтуға зор мүмкіндіктер ашамыз. – Нақты айтқанда, қандай жұмыстар қолға алынады. Келес өзенінің үстінен салынған көпір халықаралық стандартқа келмейтін сияқты еді. – «Театр киім ілгіштен басталады» деп Станиславский айтты деген тәмсіл бар ғой. Келесті кесіп өтетін көпірді халықаралық деңгейге жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде Сарыағаштың өзінде жиырмаға жуық емдеу-сауықтыру орталықтары бар. Енді олардың қатары жақын жылдарда 96-ға көбейетін болады. Құрылыс жұмыстарына негізінен жеке инвесторлар тартылып жатыр. Жоба бойынша 600 гектар аумақта сәулеті жарасқан 1500 орындық курортты қалашық салынбақ. Кәсіпкерлер оңтайлы жұмыс жасау үшін облыс өз қаржысына инфрақұрылым жұмыстарын реттеп, арнайы су жүйелерін салып береді. Сарыағашта халықаралық туристердің талабына сай гольф алаңшасы бар. Аймақта екі шағын көл қызмет етеді. Енді оның қатарын ойын-сауық орталықтары, аквапарк, шағын әуежай толық­тырады. Шымкенттен Сарыағашқа қатынауды жақсарту үшін жүрдек пойыз, жайлы автобустар жүрмек. Сервистік қызмет жақсартылады. Осы жобаны іске асыру арқылы Мемлекет басшысының бізге қойып отырған тапсырмасының үдесінен шығамыз деп ойлаймыз. Бұл құрғақ қиял емес, бүгіндері халықаралық деңгейдегі демалыс аймағында нақты жұмыстар жүріп жатыр. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.