01 Қаңтар, 2016

Атап өтер атаулы күндер

751 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жасыл-1Өткен жылды жасауы түгел ұзатқан қыздай етіп, сән-салтанатымен шығарып салып, жақсы тілек, ізгі ниетпен Жаңа жылды қарсы алдық. Бұл жылдың да өзіндік ерекшелігі, атап өтер күндері, ұлттың жақсыларымыздың мерейімізді өсіретін, бізде де бар екен-ау дегізетін мерейтойлары бұл жылда да баршылық екен. Ондай арыстарымыздың өткен жолына ой жіберсең, олар халқын береке-бірлікке үндеп, теріс басқанды оңға бұрып, өткенге топырақ шашпай, үлгілісінен тағылым алып, әй-кәпірін табанға салып, өсіп-өркендеп келе жатқан жасты желеп-жебеп, алмас­тай көңілін қайтарып алмас үшін асылға теңеп, көрсете білген көмегін. Маңдайы жарқырап, таңдайларынан маржан төккен сол абыройы асқақ қастерлі кісілер ұлт бағы, жұрттың бағдаршамы десек жарасар. ИсатайЖаңа жылда сондай атаулы күн азат­ты­ғымыздың 25 жылдығы, мерейтой бойынша жыр алыбы «Жамбыл атым өшкен жоқ!.. Мен баяғы Жамбылмын» деп жыр төккен Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы, ұлт азаттығының жаршысы болған «Алыспаған, жұлыспаған, бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие бола алмайды», деп ұлтты оятқан, бірақ келмеске кеткен Кеңес дәуірі қаншама жерден санамыздан өшіруге тырысқанмен ұлы идеясы тәуелсіздік қарсаңында қайта түлеп, ол өзімізді ғана емес, әлемдік деңгейдегі зиялыларға ой салып, 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілетін Әлихан Бөкейхановтың, өмірге келгендеріне бір ғасыр болған сұрапыл соғыста «Ойлашы, Шығыс ұлы, біз ел сенген ерміз, қалайша туған жерді қолдан береміз» деп найзағайдай жарқылдаған Баубек Бұлқышев, тағдыр талқысына көп түскен Қайым Мұхамедханұлы, ұлтымыздың арқалы ақыны, «өзегім толы ақ жалын» деген жыр жампозы Хамит Ерғалиев, қазақ өнерінің қабырғалы қайраткерлері Кәукен Кенжетаев, ортамыздағы көненің көзі Хабиба Елебекова, қазақ өнерінде өзіндік орны бар ағайынды Мүсілім мен Ришад Абдуллиндер, деректі киноның көшбасшысы Ораз Әбішев ғасыр белесіне көтеріліп отыр. Ал қазақ өнерінің теориясын жазған, атақты композитор, академик Ахмет Жұбанов, қазақ ғылымында жасындай жанып өткен Кәрім Мыңбаев, қазақ қыздарының тізгін ұстар ақын анасы Мәриям Хакімжанова, қарапайым еңбекпен бақытын тапқан, екі рет Социалистік Әлихан БөкейхановЕңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергенов, көрнекті драматург Шахмет Хұсайынов, Фарабиді атажұртына алып келген, білімдар оқымысты Ақжан Машанов 110 жастың биігіне шықса, халық батыры Исатай Тайманов – 180, сөзімнің арасынан қыл өтпейді дейтін Құланаян Құлмамбет – 190, қазақ театрының қара нары Серке Қожамқұлов, балалар жазушысы Максим Зверев, төрт түліктің бірлігі, қой өсірудің асқан шебері Жазылбек Қуанышбаев 120 жасқа келіпті. Төрткүл дүниеге танылған опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына 90 жыл толатын болса, көрнекті математик, академик Өмірзақ Сұлтанғазин, КСРО заманында мықтылармен иықтасып жүрген, ұлтының тілі мен тарихын сол кезде-ақ тереңнен зерделеп, «Азия» кітабын жарыққа шығарып, біраз ғалымдарды дүр сілкіндірген Олжас Сүлейменов, атақты академик Камал Ормантаев, лирикалық әннің шебері, қарымды қаламгер Ілия Жақанов, қазақ тілінің тәуелсіздіктен кейінгі кезеңдегі мәртебесін көтеруге, тазалығын сақтауға, тілі мүкістерге қырғидай тиіп келе жатқан Өмірзақ Айтбайұлы, болмысына қарай шығармасы да жан дүниеңді тербеп тұратын сыршыл Сайын Мұратбеков, сөздің мәні мен әрін жете білетін, заман жыршысы Қабдеш Жұмаділов 80-нің сеңгіріне көтеріліп отыр. Ришат Абдуллин (1916-1988 ж.) және Мүсілім Абдуллин 001«...Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қой­маймын» (Ә.Бөкейханов) деген тәуелсіз Қазақ елі­нің абыройы мен айбынына айналған бұдан өзге де жақсыларымыз жетіп-артылады. Оның бәрін шағын шолу мақалаға тізе беруді мақсат етпедік. Уақытына қарай ондай қайраткерлер мен таланттар туралы ел газетінің бетінен оқырмандарымыз алуан түрлі мақалалар мен толғамдарды оқитыны анық. Дайындаған Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».