13 Наурыз, 2015

Атыраудағы «Тайсойған» полигонының аумағы азаяды

341 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сенатор баскосуыАТЫРАУ. 13 наурыз. Атырау облысындағы «Тайсойған» әскери полигонының ресейліктерге жалға берілген аумағы 80 пайызға дейін азаятын болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Атырау жұртшылығымен кездескен Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, жақында Елбасы Жарлығымен «Тайсойған» полигонының аумағын пайдалану тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліпті. Енді осыған байланысты Қазақстан мен Ресейдің Қорғаныс министрлері өзара келісімге қол қоюлары тиіс. Бұған осы айдың аяғына қол жеткізіледі деп күтілуде. Сол кезде полигонның ресейліктерге жалға берілген аумағын 80 пайызға дейін қысқартуға, яғни, Қазақстанға қайтаруға жол ашылады. Еске сала кетейік, Атырау облысындағы аталған полигонның аумағы Қызылқоға ауданының үштен бір бөлігіне дейін созылып жатыр. Полигон аумағына осы ауданның  Тайсойған елді-мекені мен мұнай өндіретін кен орындары да еніп тұр. Бұған қоса Атырау қаласының іргесіндегі Ақжар ауылындағы әскери бөлімше және Индер ауданына қарасты  Сарымайшағыл ауылы да полигон аумағында жатыр. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: egemen.kz. Сурет: Рахым Қойлыбаев.