13 Наурыз, 2015

Тарихты түгендеудің тағылымы

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Облыс орталығындағы «Руханият» музейінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді насихаттау мақсатында және Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу шаралары аясында «Нұрлы Жол – ұлттық тарихқа бастар жол» деген тақырыпта акция өткізілді. DSC_0077 Қазақ-орыс халықаралық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Әбенов еліміздегі мұражай ісінің қалыптасуын орыстың этнограф-ғалымы Вла­димир Дальдің 1831 жылы Орынборда қазақ өлкесінің тарихы мен этнографиясына арналған музей ашуымен сабақтастырды. Ол Кеңес Одағы кезінде көне тари­хымызға қатысты көптеген сәулет өнері нысандарының тыңды игеру жылдары түреннің тісіне ілініп, жойылғанын айта келіп, бұл акцияны әлі көзден жасырын жатқан көне экспонаттарды сақтап қалуға деген сәтті қадам ретінде бағалады. Ал, еңбек ардагері Ағыбай Бекназаров акцияны бағалы бастама дей келіп, тарихымызды түгендеу, халқымызға қатысты жәдігерлерді жинау, қазақ халқының белгілі тұлғаларын жас ұрпақтың жадында жаңғырту келешекке қызмет етудің үлгісі екенін, жас ұрпақты ата-баба өткен жолмен таныстыру, оларды елін сүюге, бойларында елжандылық қасиет қалыптастыруға ықпал ететінін әңгіме өзегіне айналдырды. Қа­зақтың тарихи тұлғаларын жадыда жаңғырту арқылы ұл­тымызды ұлықтауға болатынына тоқталды. Халқымызды өзгелерге танытудың музейлерден бастау алатынын, сондықтан бұл бағытта әркімнің үлес қосуы қажеттігін жеткізді. Акцияға қатысулар арасы­нан өңірімізге қатысты заттар мен бұйымдар, өңірде туып-өс­кен қазақтың біртуар тұлғалары жайлы кітаптар, құнды деректер мен құжаттар тапсыру рәсімі болды. Бұл жолы облыстық тарихи-өлкетану музейі 50-ге жуық жәдігерлермен толықты. Акцияға қатысушылар об­лыстық тарихи-өлкетану музейінің экспонаттар қорынан жа­сақталған көшпелі көрмені тамашалады. Музей­дің археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Айнұр Мақсатқызы акцияның тұсаукесеріне қатысушыларға көшпелі көрмеге қойылған құрбандық ыдысы, өте ерте кездегі қыш құмыралар, қару-жарақтар мен жебенің ұштары, сармат қыз-келіншектерінің алтын әшекей бұйымдары, сүйек қасықтар, басқа жәдігерлер тарихына байланысты әңгімелеп, тереңірек таныстырды. – Акция барысында Ақтө­беліктер Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарынан сыр шертетін фото-бейне материалдарын, сарғайған хаттарын, тың игерушілерге қатысты тарихи маңызды құжаттарды неме­се көшірмелерін, сонымен қатар өздерінің отбасында сақтал­ған естелікке толы музейлік жәдігерлікке сұранып тұрған ата-бабаларының мұрасын, ауызша-жазбаша деректерін, тұтынған тұрмыстық бұйымдарын, күй, сөз өнерін орындаушылар ха­қындағы мағлұматтарын немесе кө­шірмелерін тапсыра алады, – дейді об­лыстық тарихи-өлкетану музе­йінің ғылыми қызметкері Орал Өтепова. Сонымен, облыста тарихымызды түгендеуге байланысты тағы бір тағылымды шара басталып кетті. Сатыбалды Сәуірбай, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.